Жарнама
Қоғам

Сарбаз саулығы – ел қауіпсіздігінің кепілі

Бүгін, 8 шілде – бейбіт күннің батырларына айналған әскери медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күн – ел тыныштығын қамтамасыз етуде ерен еңбек етіп жүрген әскери дәрігерлер мен медицина мамандарына көрсетілер ерекше құрметтің белгісі.

Әскери медицина – сарбаздардың денсаулығын сақтаумен қатар, елдің қорғаныс қабілетін нығайтатын маңызды сала. ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығы құрамында бүгінде жүзге жуық әскери медицина қызметкері табанды еңбек етуде. Олар оқу-жаттығу жиындарынан бастап, түрлі төтенше жағдайларда да алдыңғы шептен табылады.

Әскери дәрігерлердің жұмысы – тек емдеу емес. Олар сарбаздардың физикалық дайындығын бақылап, медициналық-сараптамалық тексерулер жүргізеді. Сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жеке құрамның денсаулығына жан-жақты жауап береді. Бұл – біліктілікті, жауапкершілікті және табандылықты талап ететін күрделі әрі абыройлы қызмет.

Осы салада ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан аға сержант Гүлмира Құрманиязова әскери медицинада 20 жылдан астам еңбек етіп келеді. Ол бұл мамандықтың жүгі ауыр, бірақ рухы биік екенін айтады.

– Әскери медицина – үлкен жауапкершілік пен мықты дайындықты талап етеді. Біздің басты міндетіміз – сарбаздардың саулығын сақтау. Қажет кезде алғашқы болып көмекке келу – бұл біздің антымызға адалдық пен жүрек қалауымыздың көрінісі. Қызметіміздің қиындығы мен қызығы қатар жүреді, – дейді аға сержант Г.Құрманиязова.

ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button