Сапалы қызметтің сыры неде?
Соңғы кездері мемлекет қызмет жүйесінде ілкімді істер қолға алынып, тың бастамалардың көтерілгенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Мемлекет басшысы Жолдауларында да ерекше жауапкершілік жүктеп, елімізде мемлекеттік басқаруға қатысты бірқатар саяси реформаның жүргізілетінін жария етті. Осы бағытта атқарылып жатырған жұмыстар мен алдағы кезеңдегі негізгі міндеттер туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ермаханбетов айтып берді.
– Ерлан мырза, өзіңіз тізгіндеп отырған саланың жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары. Халықтың мемлекеттiк аппаратқа деген көзқарасы мемлекеттiк қызметтiң сапасына байланысты, оның қолжетiмдiлiгімен өлшенетіні де ақиқат. Кейбір тұрғындар қанағаттанса, кейде көңілі толмайтын тұстар болады… қаншалықты?
–Иә, айтуыңыз орынды.«Клиентке бағдарланған» мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және мемлекеттік қызметтерді көрсетуде ашықтықты қалыптастыру бойынша жүйелі шараларды жүзеге асыру Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басты міндеттері болып табылады.
Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға, сондай-ақ, қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте қарым-қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға толықтай ықпал ететіні сөзсіз. Яғни, мемлекеттік қызметші жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсетіп, халықтың сұранысына сай қызмет көрсетуі тиіс.
Қазіргі таңда, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электрондық жүйеде қызмет алушыларға қолжетімді болып отыр. Қызмет алушыларға электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы үйден шықпай-ақ өзі таңдаған қызмет түрін электронды жүйеде алуға мүмкіндік қарастырылған. Ал, қызмет көрсету нәтижесі туралы хабарлама қызмет алушының жеке кабинетінде орналасады. Өз кезегінде, белгілі бір себептермен қызмет алушылар тарапынан қызмет көрсету сапасына қатысты шағымдар департаментке келіп түсіп жатады. Мұндай жағдайларда департамент түскен шағымдарды толықтай қарап, қызмет алушылардың құқықтары бұзылған кезде оны қалпына келтіру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізеді. Сондай-ақ, департаменттің жанынан мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, мемлекеттік қызметтер сапасына қоғамдық бақылау жұмыстары жүргізіліп келеді.
– Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы» деп жатамыз. Соңғы кездері әдеп жөніндегі кеңес отырыстарынан байқаймыз, әдептен озғандар көбейіп бара жатқан секілді. Облыстағы мемлекеттік қызметшілер әдеп нормаларын қаншалықты сақтайды, қандай бұзушылықтар жиі болады? Қай салада?
– Мемлекеттік қызметшінің жүріс-тұрысы, әр қадамы қоғамның жіті бақылауында болғандықтан, әрине, олардың әрекеттері сынға ұшырап жатады.
Жекелеген жағдайлар агенттіктің Атырау облысындағы әдеп жөніндегі кеңесінің отырыстарында қаралуда. Осы жылдың бес айында әдеп нормаларының бұзылуына жол берген 5 мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауапкершілігі қаралды.
Атап өтері, әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолданып қоймай, құқық бұзушылықтарды болдыртпау бойынша да мәселелерді қарап, тиісті ұсыныстарды мемлекеттік мекеме басшыларына енгізіп отырады.
Жалпы мемлекеттік қызметші халық пен билікті өзіндік байланыстырушы тұлға болып саналады. Әрдайым халықтың алдына шығады, әріптестерімен тікелей қарым-қатынас орнатады, яғни үнемі коммуникативті байланыста болатындықтан әрқашан интеллекті және эмоционалды тұрғыдан жетілуі қажет. Мемлекеттік қызметшілерге қызмет барысында ұстануы тиіс қызметтік әдеп талаптары міндеттелген. Осы тұрғыда департамент тарапынан аталған мәселе тұрақты бақылауда.
– Кейбір мемлекеттік қызметшілердің жемқорлықтың жетегінде кетуіне не себеп?
–Жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдағы сөзінде «Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Бірақ, өкінішке орай, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген сөз бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз» деп атап өтті. Шынында, сыбайлас жемқорлық – әлемнің кез-келген елінде, оның ішінде Қазақстанда да бар әлеуметтік құбылыс. Бұл – елдің саяси дамуына байланыссыз өмір сүретін кесел. Ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатын жүргізу – Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірі. Осыған орай елімізде сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұру бағытында насихаттау жұмыстары үзіліссіз жүргізілуде. Әлемдік тәжірибеде сыбайлас жемқорлықпен күресудің бірегей тиімді механизмі жоқ. Әрбір елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу әдістері әртүрлі. Оның себебі, әр мемлекеттің экономикалық, саяси және діни құрылымы, қалыптасқан салты, дәстүрі, тарихы, мәдениеті, халық саны да өзгеше болуында.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы заңнамаға қоластындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін саяси лауазымдағылардың отставкаға кетуін және тікелей басшыларының тәртіптік жауапкершілігін көздейтін норма енгізілген болатын.
Қазіргі таңда осы заңнама талабы бойынша Атырау өңірінде 14 қызметшінің жауапкершілігі қаралды. Оның ішінде құқық қорғау органдарының 10 қызметкері болса, 3 әкімшілік мемлекеттік қызметші және 1 саяси қызметкер бар.
– Мемлекеттік қызметте еңбек ету «модаға» айналып бара жатқан жоқ па? Біздің өңірде мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесі қанша?
– Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік. Бұл саланың тізгінін ұстау үлкен төзімділік пен табандылықты қажет етеді. Себебі, мемлекеттік қызметке кіруге өз ісін сүйетін, халық мүддесін бәрінен жоғары қоятын, отансүйгіштік қасиеті бай патриот азамат бел буады. Осы тұрғыда мемлекеттік қызметке білікті де білімді мамандарды тарту мақсатында ел Президенті Қ. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасына сәйкес, Президенттік жастар кадр резерві жасақталып, былтыр екінші айналымы өткен болатын. Оның нәтижесінде, мемлекеттік қызмет кадрының сапалық құрамы артуда.
Мемлекеттік қызметте өз қамы үшін емес, мемлекет игілігіне жұмыс істеу, кез-келген орында, кез-келген лауазымда болсаң да халықтың сенімінен шығу талап етіледі. Бүгінде өңірде жүгі ауыр салада 2700-ден астам мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Олардың қатарында қызмет ететін жастардың үлесі 17%-ды құрап отыр.
– Жыл басында мемлекет басшысы агенттікке бірқатар тапсырма берді. Мәселен, мемлекеттік қызметке кіру және одан шығу рәсімдерін жеңілдету, бюрократияға жол бермеу, меритократия қағидатын ілгерілетуге қатысты міндеттер қойған болатын. Сол тапсырмалар бойынша қандай жұмыстар жасалуда?
– Бүгінде агенттік тарапынан мемлекеттік қызметке іріктеуді жеңілдету бойынша бірқатар ұсыныс дайындалды. Мәселен, жоғары оқу орындары мен колледждерде мемлекет есебінен білім алып, оқу үлгерімінің орташа балы (GPA) жоғары көрсеткіштегі маман иесі атанған жастарымызды аудандық және ауылдық деңгейлердегі ең төменгі лауазымдық мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз қабылдау ұсынылып отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте меритократия қағидатын іске асыру мақсатында төрт тоқсан бойы жоғары баға алған қызметшілерді тікелей жоғары тұрған лауазымға конкурссыз тағайындау мүмкіндігін қарау ұсынылды.
Сонымен бірге, Президенті Қ.Тоқаевтың «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қабылданды. Атап өту қажет, агенттікке мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері бойынша мемлекеттік органдарды мониторинг пен талдау құзіреттілігі берілді. Өз кезегінде, Жарлықты орындау аясында бүгінде мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту мәселелері бойынша мониторинг және талдау жүргізу әдістемесі жобасы жасақталды.
– Осы орайда тағы бір сұрақтың орайы келіп тұр. Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында мемлекеттік аппарат штатын оңтайландырғаннан кейін келісім-шарттық қызметшілер институтын енгізу қажеттігі айтылған еді. Осы келісім-шарттық қызметшілер институты жайлы да айтып өтсеңіз …
– Өзіңіз айтып отырған тұжырымдамаға сәйкес, ұлттық, салалық және өзге де жобаларды іске асыру кезеңіне арнайы білімі бар кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік беретін келісімшарттық қызметшілер институтын енгізу жоспарланып отыр.
Мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілер мемлекеттік қызметшілер болып саналмайды. Алайда, келісімшартқа сәйкес оларға нақты міндеттерді шешуде белгілі бір құзыреттер беріледі. Келісімшарттық қызметшілердің қызметі мен міндеттері бір жылдық мерзімге жасалатын еңбек шартында айқындалады.
Келісімшарттық қызметшілер еліміздің заңнамасында бұрын жоқ жаңа лауазымдық санат болғандықтан, оны заңнамалық тұрғыдан енгізу бойынша тиісті іс-қимыл жоспары әзірленді. Бұл бағыттағы жұмысты агенттік 2023 жылы аяқтауды жоспарлап отыр.
– Жақында мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі жаңа редакцияда қабылданды. Оның бұрынғы нұсқадан басты айырмашылығы неде?
– Басты ерекшеліктерінің бірі – егер бұрынғы Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын моральдық-адамгершілік талаптар мен олардың мінез-құлқының негізгі қағидаттары бірге қаралып келген болса, жаңа редакцияда мемлекеттік қызметшіге қойылатын әдеп талаптары мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдебіне қатысы жоқ ережелерден бөлек, өз алдына жеке қарастырылып отыр.
Сонымен қатар, Кодекстің жаңа редакциясында «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» енгізілді. Олар: адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарланушылық.
Тағы да бір ерекшелік – мемлекеттік қызметшілерге лауазымдық өкілеттіктерді атқаруға байланысты кез-келген сипатта құқыққа сыйымсыз уәделерді бермеу және құқыққа сыйымсыз міндеттемелерді алмау талабы қойылады. Мәселен, мемлекеттік қызметшілер өздерінің өкілеттіктеріне жатпаса да, қоғаммен байланыс кезінде қандай да бір шараларды атқару бойынша құқыққа сыйымсыз уәде берулері мүмкін. Бұл ретте, аталған шаралар оның өкілеттіктеріне жатпағандықтан шараларды атқара алмай, уәдесінде тұра алмау ықтималдылығы бар.
Аталған жағдай, қоғам тарапынан мемлекеттік қызметтің имиджіне деген негізді сын туындауына, мемлекеттік қызметке деген сенімнің төмендеуіне әкеледі. Осыған орай, мемлекеттік қызметшілер тарапынан негізсіз уәделер берілмеу мақсатында жаңа редакцияға осы тармақ енгізілген.
Ал, қызметтен тыс уақытта жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, кішіпейілділік танытуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға және қоғамдық имандылыққа қолсұғумен ұштасқан қоғамға қарсы мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс.
Бұл айтылғандардың бәрі заңнамамен бекітілген. Алайда, әрбір мемлекеттік қызметші тек заңда солай жазылғаны үшін ғана емес, өзі оны түпкілікті ұғынып, бар ынтасымен түсінуі қажет.
– Елімізде мемлекеттік басқаруға қатысты бірқатар саяси реформаның жүргізілетіні жария етілді. Қалай ойлайсыз, Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызмет қалай және қандай бағытта ұйымдастырылуы керек?
– Осы жылдың 15 маусымында агенттіктің ұйымдастыруымен «Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызметшінің болмысы» атты ашық форматта пікір алмасу өтті. Кездесуге Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, республикалық БАҚ басшылары, қоғам қайраткерлері және өнер, зиялы қауым өкілдері қатысты. Агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев өз сөзінде «Мемлекеттік қызмет ол пайда табу мен күн көрудің құралы деп қабылдаудан әлдеқайда биік түсінік. Ол – парыз, адамшылық борыш, халықтың сенімі» деп атап көрсеткен болатын.
Жиында осы бағытта саналы түрде жаңғыру қажеттігі, мемлекеттік қызметшіге мемлекетшілдік сана басты құндылық болуы тиіс екендігі айтылған.
Ал, енді жеке пікіріме келер болсам, әрбір мемлекеттік қызметші жүріс-тұрысында қарапайым халықпен қарым-қатынаста ашық, шешім қабылдауда әділ, сөз мәдениетінде сауатты, қызметінде абыройлы болуы қажет.
Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер екені белгілі. Ендеше, мемлекеттік қызметші болу – үлкен абырой мен міндет.
Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ