Сананы серпілткен СТРАТЕГИЯ

saylau Қоғам

        Қаңтар оқиғасынан кейін қоғам үлкен тебіреніс ойға енді. Қаншалықты қатерлі жағдайда болғанымызды  әр азамат өз ой елегінен өткізуде. Өкініші де бар, нәтижесіз де болмады. Халық өткен даму жолын саралауға тырысып, болашағы туралы үлкен толғаныста жүр. Мұндай сындарлы сәтте әдеттегідей ел санасы тұтастай өзінің үміт артар азаматына бұрылса, сәйкесінше өзіне үлкен жауапкершілік алып, дер кезінде маңызды да батыл шешімдер қабылдай біліп, халқын сынақтан аман алып шыққан Президент ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаевқа деген халықтың ризашылығы молайып, сенімі  арта түсті.

Еріксіз эмоцияға берілдік

Ел басшысының әр сөзіне назар аударатын қалың бұқара 16 наурызда жарияланған саяси реформалар бағдарламасын тағатсыздана күтті. Соңғы уақытта қай ортада болмайын әңгіменің өзегі осы бағытта өрбіп, әр азаматтың ой түбінен «саяси жаңғыру мен жаңару, ел көңілінен шығар оң үрдіс болады» деген үміт оты сезілетін. Ал Жолдау жарияланар күні барша көңілі ойяу азамат теледидар алдына жиналды. Жолдаудағы елімізде жүзеге асар кешенді саяси реформалар бағдарламасы аясында Президент ұсынған  он бастаманың әрқайсысы көпшілік көңілінен шығып, ойын дөп басты.

Жолдаудың алғашқы жарияланған сәтіне де куә болып,  кері қайталап та қарап шықтым. Жылы әсер, кейбір ортада айтып жүрген өз ой-пікірлеріме  жауап та алдым. Кей тұстарында еріксіз қол да шапалақтадық. Абай, Ұлытау облыстарының құрылуы туралы айтылғанда менің ғана емес әр қазақ ішкі эмоциясына ерік берді деп ойлаймын. Сол сәтте ел дамуының жаңа дәуірі басталып, Жаңа Қазақстанның табалдырығынан аттағандай болдым…

Бір ерекшелігі, Жолдауды талқылау, зерделеу әдеттегідей мемлекеттік, бюджеттік, өндірістік ұжымдардамен қатар өндірістік алаңдарда, тіпті қоғамдық көліктерде, аялдамаларда және отбасылық  жиындарда жекелеген адамдар арасында өзара  пікіралмасу форматында талқылануда. Сондықтан бұл Жолдауды тарихи және нағыз халықтық деп атауға толық негіз бар.

Президенттік басқарудағы соны серпін

Жолдаудың қай тұсын алып қарасаңыз да мағынасы терең. Президентіміз саяси реформадағы батыл қадамды алдымен өзінен бастады. Бұл әрине, оның басты бағыты – Президент өкілеттілігін шектеуі. Ойланып қарасаңыз, күні кеше ғана бұл туралы айтудың өзі мүмкін емес еді ғой. Қазақстандағы  суперпрезиденттік  басқару жүйесінің қалай қалыптасқанын, тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде оның қажет болғанын, қандай сатылардан өткенін және неге әкеліп соқтырғанын талдап берді. Бұл ақиқат, өмір шындығы.

Мен секілді аға буын замандастар бұл басқару жүйесінің жәй-күйін өз көздерімен көріп, куә болды. Иә, кеңестік кеңістіктен еншісін алған тәуелсіз елге вертикалды біртұтас билік жүйесі қажет еді. Халық қолдады, бірлесе еңбек етті, экономикаға серпін кіріп еліміз қуаттана бастады. Сол кездерде кейбір қоғам белсенділерінің жеке биліктің салдары жөнінде айтылған ойларына көпшілік көңіл бөлмеді. Соңғы онжылдықтарда бұндай мемлекет басқару жүйесінің басқа тұрғыға бейімделіп бара жатқанын ел санасы сезе бастап, қоғамдық пікір пайда бола бастағанмен кеш болды. Жолдауда көрсетілгендей «… мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастаған…» ондай басқару жүйесіне қарсы тұру мүмкін болмады. Ал оның салдары қаңтар оқиғасына соқтырды.

Президент «Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет» деп атап өтіп, Президент өзінің өкілеттілігін атқару кезеңінде партияға мүшелілігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде рәсімдеуді, Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салу (Конституцияға енгізу) және әр деңгейдегі әкімдер шығарған актілерді жою немесе тоқтата тұру құқығы бар заң нормаларын жою туралы ұсыныстарды жүзеге асыруға тапсырма берді.

Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10-ға қысқарту, Конституциялық сот төрағасын және Жоғарғы сот кеңесі төрағасын тағайындауы үшін Сенаттың келісімін алу, облыс әкімдерін тағайындауға мәслихаттардың келісімін алу үшін баламалы негізде кемінде екі үміткер ұсыну сияқты Президент өкілеттілігін шектеу шаралары туралы айтылды. Президентті өкілеттілігінен айыру үрдісі саяси жаңғырудағы ел тәуелсіздігі тарихында болмаған тың бастамалар екенін ескерсек, бұл қоғамды демократияландырудағы оң қадамдар екені түсінікті және еліміздің болашағын дамытуға үлкен серпін берері анық.

Жасанды монополия жойылады

       «Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату өте маңызды. Себебі нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады…..» деп көрсетілген Жолдауда. Шын мәнінде 30 жыл нарық жағдайында өмір кешкен халқымыз  бұл сөздердің мағынасын жете түсінеді. Барлық азаматтарға бірдей тең мүмкіндік берілмеуі, бар деңгейдегі кадр іріктеу қызметін бұрмалау, кейбір жеке тұлғалар мен шағын топтардың әлеуметтік-экономикалық кеңістікте үстемдікке ие болуы және олардың шалқып өмір сүруі, кейбір бауырларымыздың өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнуы, сыбайлас жемқорлықтың кең тамыр жаюы  секілді келеңсіз құбылыстардың бар екені бұрын оңаша орталарда ғана айтылып келді. Енді міне, оның себебі мен салдары ең бастысы мұндай жағдайдан шығудың жолын көрсету Жолдау мазмұнының негізгі стержіні бола білді.

Жалпы, Президенттің саяси реформаны өз өкілеттілігін шектеуінен  бастауының терең мағынасы бар және қоғамдағы басым көпшіліктің  бұрынғы басқару жүйесі жөніндегі қалыптасқан ой-пікірлерінің терең зерттеліп-зерделенгені сезіліп тұр. Себебі ел басшысы жасаған ұсыныстарының баршасы қалың бұқара ойынан шығып, жұртшылық жылы қабылдады. Биліктің бір қолға немесе бір топқа шоғырлануы ұлттық салт-дәстүрімізде сақталған әдеп-ғұрыптардың кейбір тұстарына бейімделген жағдайда сол топ өкілі  оны өз жеке мүддесіне бұрмалай  білетіні біздің кеше ғана өткен тарихымыздан көрініп-ақ тұр. Бұл жерде ағымдағы заңдарда, оның сақталуын қадағалайтын құзыретті органдарда шарасыз  болып қала берді. Өйткені бар тетік сол биліктің ғана еншісінде. Небір мықты мамандар ел мүддесінен гөрі сол топтарға қызмет етуді жөн санады және оның пайдасын көрді. Бұл кесапат билік тармақтарына кең тарай бастап, көптеген тұлғалардың санасында баю үшін билік тұтқасын ұстау қағидаты орын алғандай. Отансүйгіштік, мемлекетшілдік, ел мүддесіне қызмет ету, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік сияқты тәуелсіздігімізге қажетті  қағидалары өкінішке орай кейбіреулердің санасына берілмегенін білдік.  Президент Жолдауында «…Тамыр-таныстық пен рушылдық құрдымға бастайтынын нақты ұғыну қажет» дей келе реформаны өз өкілеттілігін шектеуден бастады. Енді солардың тезірек заң нормаларымен бекітілуі және қоғамдық кеңістікте іске қосылуы ғана қалды.

Бұл бастамада билік тармағының келесі сатысында да өкілеттілікті шектеу шараларының орын алатыны көрсетілген, ол әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында лауазым иеленуге заң түрінде тыйым салу болса, Жолдауда  «Партияның мемлекеттік аппаратқа кіруіне мүлдем жол бермеу керек» делініп, тағы бір монополия елдің саясат кеңістігінде азаятыны айтылды.

Депутаттарға сенім не себепті азайды?

Президент ұсынған екінші бастама «Өкілетті билік тармағын қайта құру». Президенттің өкілділігін біртіндеп қысқартыла отырып, Парламенттің ролі айтарлықтай артатыны, екі палаталық Парламенттің сақталатынын сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғыры нығаятыны белгілі болды. Мемлекет басшысы Сенаттың әсіресе, Мәжілістің болашақтағы жұмысы жөнінде де нақты тоқталған болатын. «Мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшу туралы айтып отырмын…» деген тұста Президент өкілеттілігін шектеу бастамасы уақыт талабына орай жалғасын табар үрдіс пе деген ой келеді.

Иә, әр деңгейдегі мәслихаттардың облыс тұрғындары үшін өз орны болуы тиіс. Олар атқарушы билікпен тұрғындар арасын байланыстыратын көпірдей болып, жергілікті түйткілді мәселелерді шешудегі тұрғындардың негізгі қолданар құралы тетігі болып есептеледі. Қарапайым тілмен айтқанда, тұрғындар өз депутатына дауыс беріп сайлайды да, сауалдар беріп солар арқылы елді мекендерде туындаған мәселелерді шешіп отырады. Соңғы жылдары әртүрлі себептерге байланысты (сайлау жүйесінің өзгеруі, депутаттардың жеке белсенділігі, олардың жұмыстарын ұйымдастыру  және мәслихаттардың қалыптасқан структурасы мен өкілеттілігі т.б)  азаматтардың өкілді билікке деген көзқарасы өзгеріп, сенімі азайғаны рас. Мәселен, 2021 жылғы мәслихаттар сайлауында пропорционалды тәсіл егізілді, яғни тұрғындар жеке тұлғаларға емес партияларға дауыс берді де депутаттар партиялар тізімдеріне сәйкес анықталды. Анығын айтсақ, халық партияларға дауыс берді, ал партиялар жеңіске жеткен пайызына сәйкес әр деңгейдегі мәслихаттарда орындарға ие болды. Заңды тұрғыда бекітілген бұл тәсіл қоғамда партиялар ролін арттыру, оларды дамыту, заманға сай азаматтардың жеке дара емес қоғамдық ұйымдарға біріге өз мүддесін қорғауға ұмтылу қажеттігінен туындағанымен бұл жүйенің мағынасын аймақ тұрғындары жете түсінді деп айта алмаймын. Тағы бір жәйт, белгілі бір елді мекендегі мәселені шешу үшін тұрғындар бұрынғыша өзі сайлаған депутатын іздегенімен таба алмады. Өйткені, депутат округтерден сайланбады. Ол партия тізімімен келді. Қарапайым сайлаушы тілімен айтқанда, депутат тіптен сайланған жоқ. Оны партия қалады, белгіледі, тағайындады. Бұл жүйеде халық пен депутат арасында тағы бір звено партиялар пайда болды. Тек сайлау қарсаңында ғана жұмыс жүргізетін партиялар құрылып, олар партияның жалпы, депутат статусына сын әкелді.

Тағы бір жағынан депутаттарды округтерге бекіту жүйеленіп болмағандықтан да сайлаушылармен жұмыс жасау оңай бола қоймады.  Бұл жәйт олардың халықпен жұмыс жасауына өз әсерін тигізді. Сондықтан пропорционалды сайлау жүйесі жергілікті мәслихаттар сайлауында өзін ақтамады деп айтаға толық негіз бар.

Мәслихат мәртебесінде үлкен мән бар

Жолдауда көрсетілгендей мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Ал мәслихаттардың ролін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн деп айтылды. Өте құптарлық жағдай. Бұған дейінгі мәслихат хатшысы лауазымының мәртебесі де мағынасы да өкілді биліктің қоғамдағы алатын орнын айшықтай алмайтын еді. Жалпы, мәслихаттардың жұмыс форматы сол қалыптасқан көп жағдайда ол атқарушы биліктің ықпалында болатын. Негізінен қоғам, замана талабы бойынша атқарушы және өкілді билік тең болуы тиіс. Жолдауда өкілді биліктің дербестілігі туралы айтылып отыр. Енді осыған сәйкес қабылданар заң нормаларында солай болады деп сенеміз. Бұл шенеуніктік құрылым болмай, халықпен ашық, қоян қолтық жұмыс жасайтын орын болады деп үміттенемін. Мәслихат төрағасы да баламалық негізде ұсылынып, сол шақырылымдағы сайланған депутаттардың таңдауына салынар деген ой бар.

Мәслихаттардың ықпалын күшейтуде облыс әкімдерін тағайындау тәртібінің өзгеруі де үлкен әсерін тигізеді деп ойлаймын. Бұрын облыс басшысы лауазымына тағайындауға Мемлекет басшысы бір ғана кандидатура ұсынып, мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындалатын. Енді лауазымға баламалы кемінде екі кандидатура ұсынылады да арасынан мәслихаттарда алдын ала қарау процедурасынан өткен және құпталған кандидатура ғана тағайындалады. Бұл ендігі жерде өңір басшысы жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген сөз. Өмір тәжрибесінен байқалатын жәйт сайлаудан өткен қандайма тұлға болсын ол үшін сайлаушыларына деген ілтипат сақталып қалатыны белгілі. Ол қарым-қатынас болашақ бірлескен еңбекте де өз нәтижесін береді.

Аралас сайлаудың артықшылығы

Елімізде сайлау жүйесін жетілдіру мәселесінің Жолдауда маңызды бастамалардың бірі ретінде орын алуы қоғамдық кеңістікте осы бір түйткілді мәселенің терең зерделенгенінің айғағы. Шын мәнінде елдегі шамамен 1,5 млн. ғана азамат партиялардың мүшесі болып саналса, «енгізілген сайлау жүйесі партияда жоқ азаматтардың өкілді органдарға сайлануына мүмкіндік бермейді, бұл олардың құқығының бұзылуы емес пе?!» деген пікірдің де айтылып жүргені жасырын емес. Соңғы жылдарда азаматтардың сайлауға қатысу белсенділігі төмендегіні де байқалды. Оның бір себебі, сайлау жүйесінің қарапайым жұртқа түсініксіз форматта қалыптасуы. Үгіт-насихат аясындағы кездесулердегі «неге мен өзім таңдаған жеке тұлғаға емес, өзім мүше болып саналмайтын партияға дауыс беруім керек?» деген сауалдар да туындады.

Міне, Президентіміз қарапайым, азаматтық қоғамның барлық топтарын қамтитын, көңілге қонымды сайлау жүйесін енгізу туралы бастама көтерді. Ол – аралас сайлау үлгісі. Атап айтқанда, Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Облыстық мәслихаттағы депутаттар корпусы 50/50 араластық жүйемен жасақталып, аудандық және қалалық мәслихаттары депутаттарын сайлау толықтай мажориталдық жүйеге көшіріледі. Аралас сайлау үлгісі  азаматтардың саяси белсенділігін арттыратынына сенімдімін. Себебі аталған жүйе оған жаңаша серпін беріп, сайлау үрдісі басқаша сипатқа енеді. Әділ бәсекеден өтіп шыңдалған депутаттар еліміздің жаңару үрдісіне белсенді жұмылары қақ. Жергілікті мәслихаттар сайлауына енгізілетін мажориталдық жүйе депутаттар мен сайлаушылар арасында тұрақты байланыс қалыптастырып, шын мәнінде тұрғындар мүддесін қорғайтын жұмысшы орган болады.

Жолдаудың тәуелсіздік тарихында ерекше орын алатынына, Жаңа Қазақстан идеясы бүгінгі күні баламасы жоқ жаңару мен жаңғыру жолы екеніне толық сенімдімін. Себебі ел санасынан бірден орын тауып үмітін оятып, ертеңіне деген сенімін арттырды. Иә, біз  қазіргідей тұрақсыз, құбылмалы уақытта туған еліміздің ғана игілігі жолында қызмет етуіміз керек. Заман ағымы әр азаматқа жауапкершілік жүктеп тұрғандай көрінеді. Ендеше, ынтымақ пен бірліктің, қазақстандық патриотизмнің  үлгісін көрсетер уақыт келді…

Сайын ҚУАНЫШЕВ,                                                                        

«Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз