Жарнама
Қоғам

САЛАУАТТЫЛЫҚ НЕГІЗІ – СПОРТ

— Әңгімемізді Құрманғазы ауданында осыдан бірер жыл бұрын құрылыстары басталған спорт кешендерінен бастасақ. Аудан орталығы Ганюшкин және Котяев, Шортанбай селоларында салынып жатқан спорт кешендері қашан пайдалануға беріледі?
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында спорт саласына ерекше назар аударуда. Соған сәйкес біздің облыста да спорт инфрақұрылымдарын жаңғырту, жаңа құрылыс нысандарын ашу мақсатында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Құрманғазы ауданының Ганюшкин, Котяев және Шортанбай селолық округтерінде басталған құрылыс нысандары келесі жылы аяқталмақшы.
Ганюшкинде салынып жатқан спорт кешені облыс орталығындағы нысандардан еш кем түспейді. Төрт жүз орынға негізделген. Негізінен, бұл құрылыс өткен жылдың аяғында аяқталуы тиіс еді. Алайда, тапсырыс беруші мен мердігер мекеме өзара келісу арқылы құрылыс мерзімін ұзартты. Ал, Котяев және Шортанбай ауылдары халықтың көп шоғырланған жері болғандықтан, осы елді мекендерге жеңіл конструктивті спорт нысандарын салуды жөн көрдік. Дәл осындай спорт кешені былтыр Қызылқоға ауданы Сағыз елді мекенінде пайдалануға берілген болатын.
— Сағыз ауылында ашылған спорт кешені жайлы әңгіме қозғадыңыз. Өткен жылы бұл нысан ашылғанда 27 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға септігін тигізген болатын. Ал, Құрманғазы ауданындағы спорт кешендерінің құрылысы аяқталған кезде қанша жұмыс орнын ашу көзделіп отыр?
— Иә, былтыр Сағызда спорт кешені ашылған кезде жаттықтырушылардан бөлек «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша кезекте тұрған 27 жергілікті адам жұмыспен қамтылды. Ауылдық жерде отызға жуық еңбек орнын ашу үлкен жетістік деп білемін. Ал, Құрманғазы ауданындағы спорт кешендерінен де дәл сондай жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Ганюшкин ауылындағы спорт кешені жанынан дзюдо күресі бөлімшесі ашылмақшы. Биыл Индер ауданында да спорт кешені пайдалануға берілген болатын.
Қосшағыл, Аққиізтоғай, Шоқпартоғай және тағы басқа ауылдары мен Құлсары қаласында келер жылы жаңадан спорт кешендері бой көтереді. Сөйтіп, біз ауыл балаларының қалаған спорттың түрімен айналысуына толық мүмкіндік жасамақпыз. Жуырда Геолог поселкесінде де жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Атырауда жоғарғы жетістіктегі спорт мектебі бұрын болмаған. Мұндай мектеп ашу үшін арнайы талаптары бар. Атап айтсақ, онда жаттығатын балалар халықаралық турнирлердің жеңімпазы, әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері болуы керек.
Нұрсая мөлтекауданында құрылысы жүріп жатқан спорт кешені келесі жылы пайдалануға берілмекші. Осы кешенді жоғарғы жетістіктегі спорт мектебі ретінде ашуды қарастырудамыз. Бұл жұмыстар, ең алдымен, жастар мен жасөспірімдерді салауатты өмір салтына бағыттау, спортпен шұғылдануға, бос уақыттарын тиімді пайдалануға, ықпал жасау мақсатында атқарылып жатыр.
— Индер мен Исатай аудандарында стадион жоқ екені белгілі. Бұл мәселе қаншалықты шешімін тауып жатыр?
— Иә, бұл екі ауданда стадион жоқ. Жуырда облыс әкімінің қолдауымен аталған аудандарға стадион құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын жасақтадық. Құрылыс жұмысы енді басталады, ал, қалған бес аудандағы стадиондар күрделі жөндеуден өтеді.
— ҚР Футбол федерациясы бекіткен жоспарына сәйкес келер жылғы маусымда Жоғары лига командалары арасындағы ел біріншілігі әдеттегідей көктем- күз айлары аралығында емес, күз-көктемде өтетін болады. Ол үшін, әрине, стадион да талапқа сай болуы тиіс. Осы мәселеге орай жаңа стадион салына ма, әлде ойын өтіп жүрген «Мұнайшы» стадионына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіле ме?
— Иә, мұндай талап қойылды. Сол себепті, облыс орталығындағы Нұрсая мөлтекауданынан 3000 орындық жаңа футбол манежын салу үшін жер телімі бөлініп, жобалау-сметалық құжаттар дайындалу үстінде. Құрылыс жұмысы келесі жылы басталады. Жылдың аяғына дейін бітіруді көздеп отырмыз.
Биыл футбол академиясы ашылды. Балалардың қыс мезгілінде жаттығатын жабық футбол алаңдарының жоқтығы алаңдатады. Қазір бұл балаларды спорт кешендеріне кесте бойынша әкеліп, кешкі уақыттарда дайындап жүрміз. Бірақ, жұмыс уақытынан соң спорт кешендері залдарын жалға алып отырған мекемелер бар. Сол себепті, мекеме қызметкерлерінің шынығу сағаттарын кейінге ығыстырып, келісімге келуге тура келіп отыр.
— 2011 жылы Балықшыдағы спорт кешені Мүгедектер спорт клубына берілген болатын. Қазір мұнда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
— Өткен жылмен салыстырғанда аталған клубта шынығатындар саны бүгінгі күнге елу пайызға өсті. Қазір осы спорт кешенінен садақ ату бөлімін ашып, сонымен қоса, тренажерлық зал қызмет көрсетеді. Осындай қамқорлыққа мүгедек жандардың ризашылығы шексіз. Ең алдымен, облыс әкіміне алғыстарын білдіріп жатады. Мүгедек жандарға қоғамдық көліктермен жүру үлкен қиындық туғызатынын ескере отырып, жуырда «Қайырымдылық» акциясы аясында облыс әкімі «Мүгедектер спорт клубына» үш «Газель» автокөлігін сыйға тартуға қолдау білдірді.
— Спорт кешендерінің қолжетімділігі туралы айтып кетсеңіз.
— Біздегі бассейн, үлкен теннис, көркем гимнастика, мұзда сырғанаудан басқа спорт нысандарының барлығы ақысыз қызмет көрсетеді. Яғни, 7-17 жас аралығындағы балаларға спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Барлық спорт кешендері заман талабына сай жасақталған. Инфрақұрылым бойынша Атырау облысы — алғашқы бестіктің қатарында.
— Ересектер арасында өнер көрсетіп жүрген спортшылар жаттығатын орын жоқ болғандықтан, жертөлелерде шынығып жүргендеріне куә болдық. Солардың қатарында облыстың ғана емес, еліміздің абыройын асқақтатқан спортшылар да бар. Оларға қандай көмек көрсетілуде?
— Жаттығу үшін спорт кешендерінен орын бөлуге Үкімет тарапынан көмек сұрайтын спортшыларымыздың бары жасырын емес. Алайда, әркім спортты, ең алдымен, өзі үшін серік етеді. Спорт федерацияларының спорт кешендерін жалға алуға жағдайлары бар. Кей мекемелер өз қызметкерлері үшін кешкі уақытта спорт кешенін жалға алып, мамандарына жұмыстан тыс уақытта спортпен шұғылдануға жағдай жасауда.
— Қалада аула алаңдарының көбейіп жатқаны қуантады. Бұл да бұқаралық спортты дамытуға үлкен серпіліс берері сөзсіз. Бірақ, кей алаңдар кілттеулі күйде тұратынын айтып хабарласатын оқырмандарымыз көп…
— Былтыр облыс әкімі қаладағы әр мөлтекауданға бес аула алаңын салуды құрылыс нысандарының біріне кіргізіп, жоспарға енгізген болатын. Қазір 35 спорт алаңы жұмыс істейді. Әр аула алаңына сол жердегі ПИК (пәтер иелері кооперативі) жауапты. Тұрғындар сол жердегі аулаларға бей-жай қарап, қоқыс тастап, алаң торларын жыртып жатады. Тіпті, кейбір тұрғындар сол алаң торларына кілемдерін іліп қойғанын да көріп жүрміз. Бұл — қоғам үшін берілген алаң. Сол себепті, ең алдымен, өзіміздің жанымыз ашуы керек. Осындай жайттарға орай, кейбір ПИК-тер алаңдарды кілттеп қояды. Бірақ, командалар жасақтап, ойнауға ПИК қызметкерлері еш қарсылық білдірмейді.
— Ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында қолға алынған ипподром құрылысы қашан аяқталады?
— Биыл ат спортының қазыналық коммуналдық мекемесін ашқан болатынбыз. Ал, ипподром құрылысы келесі жылы аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Сол жерден «Көкпар», «Теңге алу», «Қыз қуу» сияқты ұлттық спорт түрлерін дамытпақпыз.
Бүркітшілеріміз де түрлі деңгейдегі жарыстарда үздік ойын көрсетіп жүр. Соңғы кездері ата-ана тарапынан ат спортына сұраныс көбейіп келеді.
— Бұған дейін де Атыраудан теннис кортын ашу бірнеше рет сөз болды…
— Иә, бұл мәселені шешу қолға алынуда. ҚР Теннис федерациясы қолдауымен мұз айдыны жанынан теннис кортын ашу келесі жылға жоспарланып отыр. Барлық жобалау-сметалық құжаттары дайын.
— Өзге қалалардың мұз айдындарымен салыстырғанда біздегі мұз айдынының жанкүйерлер трибунасы тарлық етуде. Осыған орай, мұз айдынын кеңейту немесе жаңа мұз айдынын салу мәселесі қаралып жатыр ма?
— Мұз айдынының төбесін күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлінген еді, алайда, кері қайтарып жатырмыз. Жай ғана жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Өйткені, бұл — 2009 жылы пайдалануға берілген жаңа нысан. Күрделі жөндеу жұмыстары белгілі бір мерзім сайын жүргізіледі. Сол себепті қайта жаңғырту, кеңейту жұмыстарын жүргізу қаралмаған.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button