Жарқылдаған жасын-ғұмыр…

Түгін тартса майы шыққан, ән мен жырдың мекені, тарихы тереңге кеткен Қызылқоға топырағында 1953 жылдың 25 шілдесі күні Жаманқұл Нұрмұхановтың жанұясында балпанақтай ұл дүниеге келді. Отбасына зор қуаныш сыйлаған тұңғыш ұлдың аты да Қуаныш аталды.
Біз әңгіме еткелі отырған Қуаныш Жаманқұлұлы Миялы орта мектебін 1971 жылы бітіріп шықты. Мектеп бітірген соң Кеңес Одағы армиясы қатарында болып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп қайтты.
Әскерден оралған соң, 1974-1979 жылдары Алматы қаласындағы ауылшаруашылық институтының энергетика факультетінде оқып, инженер-электрик мамандығын алып шықты. Туған ауылы Жанкелдин атындағы кеңшарда қатардағы инженер-электрик болып еңбек жолын бастады. Осы жылы өзінің өмірлік жары Алтын Тегісбай-қызымен отау құрды. Алтын – жоғары білімді химия-биология пәнінің мұғалімі.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, Қуаныш осы жылдардан бастап еліне адал қызмет ете жүріп, өзінің алған білімін жетілдіріп, «өнертапқыш» маман атанды. Атап айтар болсақ, қазіргі пульттық құрылғылардың қарапайым, қауіпсіз түрлерін үй тұрмысына енгізе бастады. Мысалы, электр қоңырауы, электр шәйнектеріне сезімтал таймер, тары-талқан түйетін электр келілер, жүн иіретін ұршық, бесікті өздігінен тербететін дауысқа сезімтал құрылғы, перделерді өздігінен ашып, жабатын автоматты желі, жарды электр тогы арқылы жылыту сияқты өзі ойлап шығарған дүниелері күні бүгінге дейін тұрмыста қолданылып келеді.
Ол 1986 жылы қыркүйек айында жұмыс бабымен Қызылқоға аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігі мекемесінде инженер-электрик, бас инженер, кейіннен директор болып лауазымды жұмыстарды атқарды. «Казсельхозтехника» бірлестігі мекемесі Қызылқоға ауданы бойынша сегіз шаруашылықтағы барлық машина-трактор паркіндегі техникаларды күрделі жөндеуді және уақытында қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ететін бірден-бір мекеме еді.
Аудан бойынша барлық мекемелердің, оның ішінде мектеп пен мәдени мекемелердің үйлері қыс айларында көмірмен жылытылатын. Сағыз стансасынан көмірді тасу және сақтау көп қаражатты, шығынды қажет ететін. Бұл бағыттағы проблеманы шешудің сол кездегі төте жолы – жылыту қазандарын сұйық отынға айналдыру екенін де Қуаныш Жаманқұлұлы өзінің кәсіби біліктілігі арқасында жүзеге асыра білді. Барлық орта мектептер мен балабақшалардың, әкімшілік кеңселерінің жылыту қазандары сұйық отынмен жағуға оңтайландырылды.
Қуаныш Нұрмұханов 1989 жылы күз айында жергілікті басқару жүйесінің шешімімен Қызылқоға ауданындағы іргелі шаруашылықтың бірі – Энгельс атындағы кеңшарға бас инженер болып тағайындалды. Сол ұжымда өмірінің соңына дейін жұмыс жасады.
Мал шараушылығында мал азығын дайындауда шөп шабуды уақытында ұйымдастырып, техникаларды дайындау, шабу, тасу жұмыстары қатар атқарылуы керек. Уақытында және сапалы мал азығын дайындаудың басы-қасында Қуаныштың өзі жүретін.
Шаруашылықтағы машина-трактор ғимараты аудан шаруашылықтарының ішінде бұрын- соңды болмаған жаңа үлгімен салынды. Ондағы барлық жұмыстар электр қуаты күшімен атқарылады және ең үлгілі машина-трактор паркі болды.
Елімізде ауыл шаруашылығы саласында еңбек ақы төлеудің өндірген өнімге байланысты экономикалық жаңа модельдері іске қосылды. Солардың бірі ұжым мүшелеріне негізгі қорлар мен материалдық құндылықтарды жалға беріп, әр шофердің, әр шөп бригадасының өндірген өніміне байланысты есеп айырысу бағалары шығарылды. Бұл бағытта бас инженер Қуаныш Жаманқұлұлы машина-трактор паркі бойынша жұмысшылар мен қызметкерлерге көрсетілген қызмет пен өндірген өнімге байланысты еңбекақы төлеуді жүзеге асырды.
Қуаныш Жаманқұлұлы өз саласы бойынша өте білгір маман болатын. Қызылқоға ауылдық округі бойынша «Контакт» атты жеке шағын кәсіпорын ашып, электр моторлар бөлшектерін өте дәлдікпен орайтын құрылғы ойлап тауып, өнімдері аудандық мекемелерге және көрші облыстарға шығарылды.
Күнделікті өмірде Қуекең көп сөйлемейтін, бірінші ойыңды тыңдап, сосын барып қысқаша, қарапайым тілімен түсіндіріп, керек болған жағдайда өте әдемі жазумен техникалық-электрлік кестелерді сауатты сызып беретін.
Өкінішке орай, атпал азаматты сұм ажал 1996 жылы 43 жасында арамыздан алып кетті. Қуаныштың бойынан ағайын-дарға, бауырларына деген ерекше ілтипаты, қарапайымдылығы, терең рухани білімі, мейірім-ділігі сынды адами қасиеттері ерекшеленіп тұратын. Кез келген ортада өзін-өзі ұстау мәдениеті, адами болмысы, өнері кейінгі толқын інілеріне үлгі болатын. Домбырада әсем даусымен ән салатын, кейде қатал сияқты болса, кейде риясыз шаттанып күлетін дидары мәңгі жадымызда сақталып қалды.
Қуаныштың бойындағы жоғары білім мен адами қасиеттері ұрпақтарына дарыған. Өмірлік қосағы болған Алтын Тегісбайқызы екеуінен Айбек, Райымбек, Жангелді және қызы Толқын (өкінішке орай, дүниеден озған) жоғары білім алып, бүгінде облыстың әртүрлі шаруашылық салаларында еселі еңбек етуде. Ал, олардан тараған сегіз немере, екі жиенін Алтын әжесі бағып, күтуден шаршаған емес. Қазақ атамыздың «орнында бар оңалар» дегені, бәлкім, осы болар…

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
тарих ғылымдарының кандидаты

Селбай ТАШМҰХАНОВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз