Саламат Идрисов: «Кадр даярлаудың жаңа кезеңі »

idrissov salamat Қоғам

Қай мемлекеттің болмасын жетістігі оның экономикалық дамуымен, халқының тұрмыстық әл-аухатымен балағаланады. Осы мақсатта еліміз ұстанған басты меже  –  білім, ғылым, өндіріс, инновацияны ұштастыру, инвестиция құю, осы арқылы мемлекетіміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделін бекемдей түсу.

Иә, ғылыми жетістіктердің – ­ел дамуы жолында орны ерекше. Ал, жоғары оқу орындары майталман маман, нағыз ғылым адамдарын даярлайтын белді орта. Сондықтан, кезекті «үш сауалды» Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисовке жолдаған болатынбыз.

–Саламат Нұрмұханұлы, ғылым мен инновацияны екінші орынға қойған елдің дамуы қашанда кемшін болары анық. Ал, ақпараттық технология заманында ғылымның ролі күн санап артып келеді. Жаңа қазақстандық ғылым деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

–Ғылым мен инновация өмірдің барлық саласын қамтиды, қазіргі күнделікті өмірде технологияның қолданылмайтын саласы жоқ деуге болады. Ал, мұның бәрі ғылымды дамыту және оны өндіріске енгізу арқылы мүмкін болып отыр. Ғылым табысты болуы үшін бірнеше бағытта жұмыстар керек. Мәселен, ғылымды басқару үшін біріншіден, көшбасшы менеджерлер, екіншіден ғылыми ойлай алатын ғалымдар, үшіншіден ғылымға мемлекеттік қолдау болуы қажет. Қазіргі кезде бұл жұмыстар қолға алынуда. Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілуі де жаңа серпіліс дер едім. Оның үстіне Президент тапсырмасымен ғылым және жоғары білім министрлігі құрылды, бұл да ғылымның ілгерілеуіне үлкен қолдау болары сөзсіз. Тағы бір мәселе, алдағы уақытта ғылыми зерттеулерге жергілікті атқарушы органдар тарапынан, сонымен қатар жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан 1 пайыз ғылымға қаражат бөлу көзделуде. Бұл заңды негізделген кезде жергілікті ғылымды дамытуға және жергілікті ғылыми кадрларды дайындауға оң ықпал етеді.   

–Ғалымның беделі артса ғана ғылым дамиды. Университетте жас ғалымдарды қолдауға,  жалпы ғылыми орталықтарды дамытуға қаншалықты көңіл бөлінген?

–Иә, дұрыс айтасыз, ғалымды қолдаған кезде ғылым да нәтиже береді. Х.Досмұхамедов университетінде 3 ғылыми зерттеу институты және оларға қарасты 4 ғылыми орталық пен 3 зертхана бар. 2020 жылдан бастап университетішілік ғылыми жобалар байқауын өткізіп келеміз. 2020 жылы – 5, 2021 жылы – 5, 2022 жылы – 4 ішкі ғылыми жобалар университет арқылы қаржыландырылды. Биыл да ішкі байқау өтіп, сәуір айынан қаржыландыруға 6 жоба жеңімпаз деп танылды. Бірнеше ғалымдарымыз министрлік тарапынан жарияланған ғылыми жоба байқауы жеңімпаздары атанып, университетке гранттық қаржыландыру 2 есеге  (41 млн. тенгеден 89 млн. тенгеге) артты. Халықаралық және республикалық деңгейдегі 10 ғылыми-практикалық конференция, 13 ғылыми семинар, 20 «дөңгелек үстел» өтті. Мұның барлығы өңірдегі ғылыми ізденістерді алға дамытуға қосылған қомақты үлес деп ойлаймын. Былтыр алғаш рет басталған «500 ғалым» жобасымен 4 әріптесіміз «Болашақ» бағдарламасымен шетелдік тағылымдамадан өтті. Соңғы 2 жылда ғалымдарға қосымша қолдау мақсатында KPI жүйесі іске қосылды. Сапалы мақала жазып, ғылыми нәтижеге қол жеткен ғалымдарға жалақысына қосымша ақы төленеді.

–Қазақстанда қазір екінің бірі «Ph доктор» мәртебесіне ие. Бірақ, ғылымның дамуы нашар. Бұл Сізді алаңдатпай ма?

–Бұл пікірмен келіспес едім. Себебі, 2010 жылы ғылыми кадрларды дайындаудың бұрынғы кеңестік кезеңнен сақталған докторлық немесе  кандидаттық диссертация қорғау жүйесі аяқталды. Ғылыми дәреже алу докторантура арқылы жүзеге аса бастады. 2011 жылдан бергі 12 жылда біздің университетіміздегі Ph докторы дәрежесін алғандар саны 24 қана. Оның өзінде университет 2014 жылдан бері жас мамандарымызға мақсатты докторантураға жолдама беріп, осындай көрсеткішке ие болып отырмыз. Сондықтан, «қазір екінің бірі «Ph доктор» мәртебесіне ие» деген қорытынды ертелеу деп ойлаймын. Мүмкін иә, магистр академиялық дәрежесін алғандар саны өскен болар. Біз тіпті кейбір мамандықтар үшін Ph доктор дәрежесі бар жас ғалымдарды, «Болашақ» бағдарламасының түлектерін жұмысқа алуға дайынбыз. Жуырда ғана наурыз айында 2 әріптесіміз  докторлық диссертациясын сәтті қорғап, PhD докторы атанды. Медалдің екі жағы болады дегендей, тек ғылыми атақ үшін ғана емес, ғылымға қызмет етуге дайын ғалымдардың болғанын қалар едім. 

Жазып алған  Мәлике МӘЛІК

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз