ІЗГІ ЖОБАНЫҢ ИГІЛІГІ

НКОК компаниясы ұйымдастырған «Қазақ тілін дамытуға жәрдемдесу» бағдарламасы «Тіл құрмет – елге құрмет» деп аталады. Осыдан сегіз жыл бұрын, яғни, 2005 жылы бекітілген аталмыш бағдарламаның қол жеткізген жетістіктері аз емес. Таяуда өткен жиын барысында атқарылған жұмыстар сараланып, жоба аясында жарық көрген 18 мыңға жуық кітаптың таныстырылымы болып өтті.

 

«Жалпы, консорциум бағдарламасының арқасында сегіз жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде республиканың саяси, экономикалық және қоғамдық өмірінде маңызы бар бірнеше салаға қатысты арнайы түсіндірме сөздіктер, техникалық терминологиялық құрастырмалар, тіл үйрену курстары бар. Әуелгі баста жоба туралы жарияланым жарық көрген сәтте, қатысуға ниет білдірген 40 үміткер болатын. Арнайы мамандар сараптамасынан өткен тұста, нәтижесі анық әрі қолдану мерзімі мейлінше ұзақ деп танылған жобалар қаржыландырылды» деп атап өткен компанияның менеджері Жағпар Егізбаев жоба аясында атқарылған тағы да басқа іс-шараларды таныстырып өтті.
Өз кезегінде жиынға қатынасқан Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан компанияның бастамасымен жүзеге асып отырған жарқын жоба үшін алғыс сезімін білдіре келе: «Тілге құрмет көрсету кәсіби даталараға байланысты болмауы керек. Жалпы, тілді дамытудың түрліше жолы бар. Мәселен, қазақ тілін тек кітап шығару арқылы ғана емесе, киноиндустрия арқылы да кеңінен насихаттауға болады» деген пікір білдірді.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Қадір Жүсіп – жоба қатысушыларының бірі. Ұзақ жылғы ізденіс пен бірнеше маманның ұжымдық жұмысының нәтижесінде Қадір Өтегенұлы бастаған шығармашылық топ компаниямен бектіліген мерзім аралығында үш кітапты жарыққа шығарды. «Мұнай-газ терминологиясы», «Атырау жер-су атаулары», «Балық шаруашылығы терминологиясы» деп аталатын кітаптардың өңір үшін аса маңызды екені анық. Бүгінгі жиынның мән-маңызы туралы тоқталған Қ.Жүсіп жалпы қазіргі қоғамдағы қазақ тілінің жай-күйі жайлы толғақты мәселені де ортаға салды. Ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізу сынды маңызды жайтты атап көрсете келе, аталмыш кітаптарды жинақтаған сәттегі тарихты терең зерттеп, ауыл-аймақты аралаған қызықты сәттерімен бөлісті.
Ал, Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бекжан Әбдуәлиұлы жобаға белсенді қатынасып, бес жылда 14 кітапты жарыққа шығарған. Астанадан арнайы келген мейман «Қазақ тілін дамытуға атсалысу бағдарламасы» бойынша дайындаған жобалардың сәтті аяқталуымен құттықтап, қатынасушылардың маман, ғалым ретіндегі мүмкіндіктерін шыңдауға қолдау көрсеткен компанияға алғыс білдірді. «Осы жоба аясында қазақ тілінің көптеген мәселелері өзінің оң шешімін табуға қол жеткізді деп ойлаймын. Біз, Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының ұжымы аталған бағдарлама аясында 2007-2012 жылдар аралығында «Мемлекеттік тіл – Қазақстан Республикасында өркениеттілік пен рухани жедел жаңарудың негізі» атты жоба бойынша оқулықтар мен сөздіктер дайындадық. Атап айтар болсақ, «Қазақша-орысша және орысша-қазақша математикалық сөздік», «Қазақша – орысша және орысша-қазақша тарих терминдерінің сөздігі», Екі томдық «Еуразия мәдениетінің сөздігі», екі томдық «Ескі қазақ әдеби тілінің сөздігі», Екі томдық «Түркі есімдері: қазақ, қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт», «Жәдитшілдік және Алаш: ұғымдар мен терминдер сөздігі», «Астана ономастикасы», «Қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздер мен сөз тіркестерінің сөздігі» атты көлемді сөздіктер мен «Неміс аудиториясына арналған қазақ тілі», «Француз аудиторясына арналған қазақ тілі», «Ағылшын аудиторясына арналған қазақ тілі» атты оқу құралдарын дайындап шықтық».
Жарық көрген басылымдардың барлығы да – үлкен ұжымдық жұмыс пен төгілген тердің жемісі. Еңбектердің қай-қайсысы да бұрын елімізде жарық көрмеген, тың бағыттарды қамтиды.
Жалпы, қазіргі таңда қазақ тілінің шешімін күткен үлкен мәселелерінің бірі – салалық терминдер. Тарих терминдерінің, сөздер мен сөз тіркестерінің сөздігі, математикалық сөздіктер орыс тіліндегі еңбектерді оқитын қазақтілділерге немесе қазақ тіліндегі еңбектерді оқитын орыстілділер үшін дайындалған арнайы оқулықтар осы жоба аясында жарық көріп отыр. Сондықтан, НКОК компаниясының бастамасымен іске асқан ізгі жобаның игілігі мен өміршеңдігі – үлкен жітістік.
Қазақ тілінің айбынын асқататып, мәртебесін арттырған мағыналы басқосу барысында ән-күйден шашу шалылып, кеш көркі қыза түсті.

Гүлжан ӘМІРОВА
PR

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз