ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІКТІ НАСИХАТТАҒАНЫ ҮШІН

Осындай тақырыпта облыс журналистері арасында конкурс жарияланған болатын. Журналистер мерекесі қарсаңында облыстық әкімдікте конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен, «Ақпарат» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен конкурс жеңімпаздарын облыс әкімінің орынбасары,  аталмыш комиссияның төрайымы Айгүл Әжіғалиева құттықтады.

– Алғаш ұйымдастырылып отырған байқауға журналистер қауымы  белсенділікпен  қатысқанын атап өткен жөн. Алдағы уақытта да гендерлік теңдікті насихаттаудағы жұмыстарыңыз арта берсін, – деген А.Әжіғалиева барша журналистер қауымын мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Конкурс  жеңімпаздары   ретінде облыстық «Атырау» газетінің бөлім меңгерушісі Баян Жанұзақова, «Прикаспийская коммуна» газетінің бөлім меңгерушісі Надежда Тулина және аудандық «Мақат тынысы» газетінің бас редакторы  Гүлзада Салихова марапатталды.

Сондай-ақ, облыстық «Атырау» газетінің тілшілері Лиза Сейтімова, Алтыншаш Құрмашева, «Прикаспийская коммуна» газеті бас редакторының орынбасары Наталья Оразғалиева, аудандық «Мақат тынысы» газеті бас редакторының орынбасары, облыстық «Қазақстан-Атырау» телеарнасының меншікті тілшісі Лена Нұрбаеваға аталған конкурста белсенділік танытқаны үшін диплом, естелік сыйлықтары мен гүл шоқтары қоса табыс етілді.

Алтыншаш
НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз