САДАҚАНЫ БӘСЕКЕГЕ АЙНАЛДЫРМАЙЫҚ!
Жалпы, шариғатқа сай, қаралы үй шығынға батпауы керек. Керісінше, айналасындағы көршілері жиылған адамдарға шай-тамақ даярлайтын әдет-ғұрыптарын баяғыдан білеміз. Десек те, соңғы уақытта заманауи болып кеткеніміз соншалық, қазаға «қайырлы болсын» айта келгендерге, «ауыз тиіп кетіңіз» деп, аста-төк дастархан жасайтын болып алдық. Бақилық болған жанды оң жаққа салып, аза тұтып отырған үйде тамақ ішу тұрмақ, ұзақ отыра алмайтының шын емес пе?
«Үй тар, шақырған кісі көп» деген желеумен қазіргі уақытта «көңіл шай беру» сынды дәстүрді ресторандарда атап өтетін болдық. Осындай бір жиында айтылған пікірлердің арасында «имамдар мейманхана-дәмханаларда берілетін садақалардың ас мәзірін бекітіп берсе» деген ұсыныстар білдіріліп еді, сол өте дұрыс. Бұл ұсынысты қолдайтын адамдардың да аз болмайтынына сенімдімін.
Ал, таяуда тақырыпқа қатысты тағы бір сұмдық хабар естіп, таң қалғанымыз бар-ды. Батыс өңірінде жоқтау айту жоқ болғандықтан, бізге бұл үрдіс әлі келе қойған жоқ. Ал, өзге өңірлерде сырттан келген адамдар табалдырықтан аттаған сәтте-ақ, қаза болған адамды жоқтап, «сарнап қоя беретін» жалдамалы адамдар да шығып жатыр екен. Бұл да барып тұрған масқаралық емес пе?
Сондықтан, ата салтымыз бен дәстүрімізге қылау түсірмей, кейінгі буынға сол қалпында жеткізу ісіне мән бергеніміз жөн секілді. Себебі, қазіргі біздің қылықтарымызды көрген жастар ертең садақа мен тойдың ара-жігін аша алмай қалуы әбден мүмкін…
Нұғыман ЗӘКӘРИЯ,
Құрманғазы ауданы.