Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған…
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Атырау қаласындағы Сәбилер үйінде «Ai-Ana» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қайырымдылық концерті өтті.
Мерекелік шарада мың бұралған бишілер мен таңдай қаққан әншілер өнер көрсетті.
-Іс-шараның мақсаты — балаларды қуантып, мерекелік көңіл күй сыйлау. Бүлдіршіндердің киімі мен көрсететін өнерлерін дайындау, ауланы безендіру секілді бірқатар жұмысқа атсалыстық. Бұл күнге шамамен екі айдан астам уақыт дайындалдық, — дейді ұйымдастырушы Гүлжан Аманғалиева.
Сәбилер үйінің қызметкерлері шараны қолдап, қол ұшын созған демеуші азаматтарға, кәсіпкерлерге, қоғамдық қорларға, жеке азаматтарға алғысын білдірді.
-Қазір Сәбилер үйінде 26 бала бар, оның 14-і ішкі стационарлық бөлімде ем алады. Ал, қалған 12 бала емдік шараларын алу үшін ата-анасымен бірге келеді. Жалпы, біз нәресте кезінен бастап қабылдап, 4 жасқа дейін тәрбиелейміз. Бүгінде көңілге медеу болар жайт, күннен күнге бала саны азайып, әр нәресте ата-анасымен қауышуда, — дейді Сәбилер үйінің басшысы Балжан Төлешова.
Іс-шара барысында жалпы білім беретін И.Тайманов атындағы №27 орта мектептің түлектері балаларға түрлі ойындар ойнатып, көңілдерін бір серпілтіп тастады.
Ұлболсын МАРСОВА
Суреттерді түсірген автор