МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ЖЕМІСІ

Соңғы кездері барлық елді мекендерде арзан азық-түлік жәрмеңкесін өткізу дәстүрге айналды. Оларда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ауыл шаруашылығы саласының үздіктері мен ардагерлерінің емен-жарқын пікірлесулеріне де жағдай жасалады.
Индерборлықтар болса сенбі сайын ұйымдастырылып жүрген жәрмеңкеге әбден бой үйреткені соншалық, әуелі тез өтіп кететін сүттен жасалатын өнімдердің саудасын қыздырып жіберді. Арзан етті де алушылар қатары аз болмады. Сонымен қоса Өрлік округінен келген «Ертөстік» шаруа қожалығының басшысы Жеңіс Қажиев 20-ға жуық ұсақ мал әкелген екен. Оның әр басын 16 мың теңгеден ұсынғандықтан, аз уақыттың ішінде ол да біраз табысқа кенеліп қалды.

Жарсуаттық «Мағзом мұрасы», көктоғайлық «Шахмет», елтайлық «Владимир», «Нұрлыбек», индерборлық «Тоқбай», «Төлес», бөденелік «Бірлік», есболдық «Бахитов», «Р.Есбосынов», тағы басқалары ұсынған дәнді дақылдар, картоп, жуа мен ет, сүт өнімдерін алушылар қатары аз болмады. Бұлардың бәрі де алдағы қысқа қамданған тұрғындардың ең қалаулы өнімдері болғандықтан, сауда қызу жүрді.
– Біз Елтайдың қырлығында «Өтек» деген жерде мал бағамыз. Содан келіп сауда жасап тұрмыз. Сүт өнімдері лезде өтіп кетті. Енді килосын 900 теңгеден ет сатудамын. Өтімі жаман емес, – деді бізге «Нұрлыбек» ШҚ мүшесі Сағира Аяпова.
– Осы жылы елімізде агроөнеркәсіп саласын кешенді дамыту мақсатында «Агробизнес – 2020» бағдарламасы қабылданды. Сондай-ақ, облыс әкімдігі тарапынан соңғы уақытта айтарлықтай қаржы бөлініп, нәтижелі істер жүзеге асырылуда. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласында екі қоғамдық құрылым, 240 шаруа қожалығы тіркеліп, жұмыс жасайды, – дейді аудан әкімі Серік Арыстан.
Биыл «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына сай ауылда егін салмақ болған бес шаруа қожалығына 12,5 млн. теңге шағын несие берілді. Алдағы уақытта тағы үш адамға осындай несие беру жұмысы жүруде. Ауыл шаруашылығы бойынша іске асырылып жатқан ветеринария, бірдейлендіру жұмыстарында да біраз істер бар.
Аудан әкімі С.Арыстан ауыл еңбеккерлері мен ардагерлерін саланы дамытуға қосқан үлестері үшін құттықтап, Алғыс хаттар табыс етті. Мерекелік сахнаға «Үздік егінші» – Болат Аманғалиев («Әнтеп» ШҚ), «Үздік малшы» – Роза Алмағамбетова («Қайтпас» ШҚ), «Үздік мал дәрігері» – Наурызғали Қуанышов (Жарсуат), «Үздік механизатор» – Максим Өтенов (Жарсуат), «Үздік шаруашылық ұйымдастырушы» – Бекболат Аманқұлов («Құлмұқан» ШҚ), «Үздік оператор» – Азамат Тілегенов («Тілегенов» ШҚ), «Үздік сумен қамту қызметкері» – Сайлау Байбосынов («ҚазСуШар»РМК Индер өндірістік учаскесінің басшысы) шақырылып, олардың кеудесіне аудан әкімі көк ленталар тағып, сыйлықтар ұсынды.

Сүйеу ХАЛЫҚОВ,
Индер ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз