Жарнама
Қоғам

Сәбиді құтқарған Саламатов

Басын қауіпке тігіп, қатермен бетпе-бет келіп жүрген жүрек жұтқан мамандық иелері бар. Алайда, күнделікті тіршілікте олардың өлшеусіз еңбегін ескермей жатамыз. Бір адамның өмірін құтқару – бүкіл адамзаттың өмірін құтқарумен тең екені туралы тәмсіл бар ғой. Ал, төтенше жағдайлар қызметінің білекті де жүректі жауынгерлері – бір емес, бірнеше адамның өміріне араша болып жүрген жандар.

Қыркүйектің 8-і күні түскі сағат 13:40 шамасында 101 нөмірінен Индер аудандық №5 өрт сөндіру бөліміне екі жасар қыз баланың шұңқырға түсіп кеткені туралы қоңырау түседі. Сол күні жауынгерлік кезекшілікке түскен қарауыл бастығы Әділбек Құспанғалиевтің бұйрығымен бөлімше командирі Әмірхан Дәулетқалиев, өрт сөндіруші Бисұлтан Ибраймов, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі Нұрлыбек Саламатов «Урал» автокөлігімен шұғыл көмекке асығады. Жылаған баланың дауысын естіген жүргізуші Нұрлыбек ойланбастан батыл әрекетке кіріседі. Әріптестері аяғынан ұстап тұрады да, ол қыз баланы электр бағанын орнату үшін қазылған шұңқырдан тез шығарып алады. Тәпішкесін қолына қысып ұстаған бүлдіршіннің қорқып қалғаны болмаса медициналық көмекті қажет етпеді. Сол жерде шарасыз күйде тұрған анасы мен тұрғындар да жанұшырып көмектесуге келген құтқарушылардың тыңғылықты ісіне дән риза болады. Кейін осы жағдай әлеуметтік желілерде көп таралып, елдің қошеметін иеленді.

Бастысы, балақайдың жазым болмай аман қалуы да жауапты адамдарға сабақ болды деп есептейміз. Осылайша қыркүйекте аталып өтетін «Отбасы күні» адам өміріне араша түсіп, бүлдіршіннің ата-анасы мен жақындарына қуаныш сыйлады.

Осы жағдайдан соң батылдығы үшін Нұрлыбек Саламатов Индер ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, еңбегі еленіпті.

– Хабарлама түскен бойда бөлімнің жеке құрамының жедел әрекет етуімен жәрдемдестік. Осы жағдайдан кейін қолдау танытқан халқыма алғыс айтамын. Ешқашан өз ісімізді міндетсінбейміз. Тәуекелге бел буып, елімізге адал қызмет етеміз деп ант қабылдаған соң борышымызды атқарып келеміз. Бұл жұмыстың қиындығы мен қызығы қатар жүреді ғой. Ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігі айтылып келе жатса да осындай оқыс  оқиғалар азаймай тұр, — деді Н.Саламатов.

№5 өрт сөндіру бөлімінің көлік жүргізушісі, азаматтық қорғау сержанты Нұрлыбек Саламатов – Индербор кентінің тумасы. Биыл ғана орда бұзар отыз жасқа толған ол да төрт баланың әкесі. Индердегі Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепті тәмамдаған Нұрлыбек 2011-2014 жылдары Атырау аграрлы-техникалық колледжін оқып бітірген соң Теңіз кенішінде ауысымдық әдіспен жұмыс істеген. Сосын «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінде бас маман болып сәтті еңбек етеді. Қашан да өзгерісті қалап тұратын жас жігіт «КамАЗ» көлігінің жүргізушісі болып та жұмыс істеп көрді. Көп ұзамай, бөлімде бос штат барын білген соң медициналық комиссиядан өтіп, оны да сәтті тапсырады. Тестілеуден оң нәтиже көрсетіп, бір шақырымға жүгіріп, белтемір немесе қоссырыққа тартылу арқылы физикалық дайындығының қалпында екендігін дәлелдейді. Содан соң Ақтөбе қаласынан білімін жетілдіріп қайтқан. Бұған дейін түрлі салада қажырлы еңбек еткен Нұрлыбек жаңа жұмысына да тез бейімделіп кетеді. Өрт сөндіру бөліміне жұмыс істегеніне де үш жыл болыпты.

Жеке кәсіпкер әкесі тәрбиеші анасымен бір шаңырақ астында тұрып жатқан жігіт – отбасындағы бес баланың екіншісі. Ағасы дүниеден өткен соң үйдің бар шаруасына өзі жауапты болып қалды, артынан ерген екі інісі мен қарындасы бар. Олардың да алды отбасын құрып, еңбек етіп жүрсе, енді бірі Отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Қарындасы – мектеп оқушысы.

Әлбетте, өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі әрқашан көмекке келуге дайын болып қана қоймай, өздеріне бекітілген «темір тұлпарды» да сақадай-сай әзірлікте ұстауға міндетті. Жеке құрамды жеткізуден бастап, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін өрт сөндіргіш заттарды беруге дейінгі бұл күрделі қызметте жүргізушіге де артылған жүк маңызды.

Төтеншеліктер мұндай құтқару операцияларын жиі жүргізеді. Олар үшін әр секунд маңызды болғандықтан, тез әрекет ету керек. Сондай кезде тосылып қалмаған индерлік құтқарушылар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарды.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button