САҢЛАҚТЫҢ САЙРАҒАН ІЗІ
Әсіресе, соңғы екі оркестрдің беделі үстем болды. Еркінқала ұлт аспаптар оркестрі 1967 жылы Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінде алтын медальға ие болса, мақаттықтар 1977 жылы еңбекшілер көркемөнерпаздар шығармашылығының Шымкентте өткен республикалық, Ташкенттегі Орта Азия республикалары, Мәскеудегі Одақтық фестивальдарда бас жүлдеге ие болып, Съездер сарайында өткен қорытынды концертке қатысты.
Осы оркестр 1983 жылы Болгарияда өткен халықаралық фестивальға қатысып, тағы да мерей биігінен көрінді, бірінші орынға ие болды.
Бір қарағанда аталған өнер ұжымдары мүшелерінің дені музыкалық сауаты жоқ, тек өздерінің жан құштарлығымен ғана өнерге келген шаруашылық егіншілері мен малшылар, мұнайшылар мен жүргізушілер, мектеп мұғалімдері мен оқушылар, аурухана қызметкерлері болатын. Рекең соның бәрін қолдарынан жетектеп оркестрге әкеліп, апталар бойы оқытып, музыкалық сауатын ашты, әлемдік және отандық классиктердің ұлы шығармаларын төгілте орындап, тыңдаушыларын тәнті ететін өнерпаздарға айналдырды.
Ол оркестр алдына келгенде кез келген ойнаушы аяғын жиып алып, таяқ ұшындағы тылсым күшке еріксіз бағынатын. Ал, егер ол қолын сілтеп қалса, ғажайып муза аспаптар көмейінен суырылып, сахна аспанына пыр-пыр ұшар еді де, бейне ақ көбелек болып қалықтап, әр тыңдаушының жүрегін әуенге бөлер еді. Сөйтіп, Рекең өзінің де, өзге әріптестерінің де шеберлігін шыңдады. Көркемөнерпаздар тобынан кәсіби өнер ұжымының – Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі дәрежесіне дейін көтерілді, асқан беделге ие болды.
Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптары оркестрі өз негізін 1957 жылы қалады, яғни ол көркемөнерпаздық деңгейдегі бүгін бар, ертең жоқ өнерпаздар шоғыры еді. Ал 1990 жылы оркестр кәсіби мамандардан қайта жасақталды. Ал,ғашында білікті мамандарды жинау, оларды қажетті музыкалық аспап, ұлттық киім, орын, көлік, тіпті алыстан келгендерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің өзі оңайға тиген жоқ. Өйткені, оркестр құрылған кезең қоғамның шатқаяқтап, адамдардың өмір сүру мүмкіндігі қиындаған, бір тиынның екіншісіне қосылмай жатқан шағы еді.
Рысбай Хисметұлы әуелі Ұлттық консерваторияны сағалап, бітіруші түлектермен әңгімелесті. Көршілес Орал, Ақтөбе, Ақтау қалаларын аралап, өнерлі, қабілетті жастарды Атырауға шақырды. Мәдениет министрлігінен бастап, басқа да талай емен есіктерді ашып, бас сұқты, керегін сұрады, беделін салды, білісті, танысты, қажетінің біразын алды. Сөйтіп, жаңа оркестр жарқ етіп көрінді, біраз жерге концерт қойды. Ауыл арасы емес, көршілес Астрахан, күнгейдегі бұрынғы астана – Алматыда, терістіктегі жаңа Астанада талай тамаша концерттер берді. Түркияда өткен «Жерорта теңізінің қиялы» халықаралық фестивалінде бас жүлдеге ие болды.
Бұл күнде Дина Нұрпейісова атындағы оркестр Р.Ғабдиев негізін қалаған ұлы үрдістерді одан әрі жалғап, ұдайы бедел биігінен көрініп келеді. Республика домбыра оркестрлерінің «Серпер» фестивалінде жүлдегер атанса, былтырғы жылы Атырауда өткен мың адамдық оркестрдің ұйымдастырушысы болумен бірге, сол ұжымның негізгі құрамын құрады. Астанада өткен екі үкіметтік концертке қатысып, Елбасының жылы лебізіне бөленді.
Оркестрдің мұндай табысқа қол жеткізіп, бедел биігінен көрінуінде облыс әкімі Б.Ізмұхамбетовтің көмегі зор.
Ұжым көктемде Түркия, Германия, Австрия елдерінде болып, концерттер берді. Мұндай оңды қадам әлі де жалғаса беретін болады.
Қамбар ДҮЙСЕМБАЙ,
Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің директоры.