СҮЙЕКТЕР «СӨЙЛЕГЕН» КҮН…
Көрме барысында Қатира Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж студенттері жиналғандарды құнды мұраның шығу тарихымен таныстырды. Сонау ХІХ ғасырдың басында сүйектен дайындалған секершаққыш, жезбен жасалған ақбас ер мен үзеңгі, сүйек және күміспен өрнектелген домбыра, сүйекпен және жезбен әшекейленген шай сандық (ХІХ ғ.), ағаш төсек, өткен ғасырдың көзі – қозықұйрық ер, Әбдіқас Тәжімұратовтың «Шебердің қолы ортақ» атты кітабы және тағы да басқа біраз құндылықтар мұражай сөресіне қойылды.
Жаңарып, қайта жаңғырды
Қазақ халқының ерте ғасырдан келе жатқан көркем өнері – сүйекке бедерлеп өрнек түсіру. Сүйек өңдеу – қолданбалы өнердің ең ежелгі түрі. Сүйектен шебер ойылған тоғалар, қапсырмалар, ат әбзелдері, әйелдердің әшекей бұйымдары және еңбек құралдары Қазақстан аумағында қола мен ерте темір дәуірінен белгілі. ХІХ ғасырдың басы мен ХХ ғасырдың аяғына дейін дәстүр жалғастығы үзілген жоқ. Мұны қазақ даласынан табылған тас дәуірінің жәдігерлері де дәлелдейді.
— Сүйектен кез келген шебер бұйым жасай алмайды. Мұндай тұрмыстық бұйымдар – ұлттық қолөнердің баға жетпес байлығы. Бүгінгі ұрпақ үшін олар – өткеннің елесі, қиял ертегідей көрінеді. Техника дамымаған бұрынғы заманда адамдар тұрмыстық қажеттілікті өтеу үшін сүйекті шикізат ретінде пайдалана білген. Осыны жас ұрпақ бойына сіңіру қажет, — дейді мұражай қызметкерлері.
Сүйекпен ағаш бұйымдардың сыртын, аттың қамыт-сайман, ер-тұрманын, саз аспаптарын безендіреді. Шебер сүйекті өрнектеп болған соң, майда күміс шегелерді қағады. Әр сүйек сынықтарына жеке өрнек түседі. Олар түрі, құрылысы мен мазмұны жағынан киіз оюларына өте ұқсас. Кейбір қымбат бұйымдарды безендіргенде сүйек пен күміс қатар қолданылады.
Көненің көзі — өткеннің өзі
Қаз-қатар тізілген жәдігерлер келмеске кеткен күндердің күйін шертіп тұрғандай әсер қалдырады. Мұражай қорына 1975 жылдың 4 сәуірінде алғаш қабылданған бұйым – сүйекпен күміспен өрнектелген домбыра. Ол шамамен ХІХ ғасырдың 1800 жылдары жасалған. Аспаптың сырты батысқазақстандық үлгідегі өрнекпен әшекейленген. Домбыраның құлағы мен мойны және екі жағы сүйекпен қапталып, күйдірілген дөңгелекшемен безендірілген. Ал, шанағының жоғары жағы үшбұрышты өрнегі бар күміспен қапталған. Оны 1906 жылы туған Махамбет ауданы, Сорочинко селосының тұрғыны Тыныбай Лекеров ұзақ жылдар өз үйінде сақтап келген. Оған әкесі Лекерден, ал, әкесіне Маймақтан жеткен.
Келесі бір тарихи бұйым – сүйекпен және жезбен өрнектелген ақбас ер үзеңгісімен бірге сақтаулы тұр. Оның алдыңғы қасы биік, ұшы үшкір келген, сүйекпен қапталған. Бұл ердің алды-арты бірдей сүйектелген. Ердің алдыңғы және артқы қасы құрастырылып, сүйек әшекейлермен шебер қиюластырылған. Сүйек беті өрнекті жез шытырмен және күміс шегемен бекітілген. Оқпанның қарсы алды мен екі жақ бүйіріндегі көлемді сүйек өрнектермен безендірілген. Ердің үсті оюлармен көмкеріліп, қара былғарымен қапталған. Темір үзеңгі ерге былғары арқылы темір тоғамен жалғанған.
Тағы бір сүйекпен, күміспен өрнектелген қозы құйрық ер – ХХ ғасырдың 40-50 жылдары жасалған. Ердің алдыңғы қасы және артқы қасы сүйек пен күмістен жасалған. Ердің үсті қара қоңыр былғарымен қапталған. Ерді жасаған – осы өңірге белгілі шежіреші шеберлер, темірден түйін түйе білген ағайынды ұсталар Ізғали мен Қайшыбай Боқаевтар. Жылыой ауданы Ақкиізтоғай ауылының тұрғыны Құрманов Төлегеннің әкесінен қалған ер 2003 жылы осы ауданда ұйымдастырылған «Жылыой – тағылымды тарих өлкесі» атты этноэкспедиция барысында мұражай қорына алынған екен.
Тұрмыстық бұйымдардың екінші тынысы
ХІХ ғасырдағы сүйекпен, жезбен өрнектелген шай сандық – мейлінше ұқыпты безендірілген ең ежелгі жиһаздардың бірі. Сондай-ақ, ұзатылған қыздарға арнайы дайындалатын қол сандықтар да бар. Бұлардың хас беттері, екі жаны және қақпақтарының төбесі түгелдей сүйектелген. Ағаштан жасалған шай сандық ұсақ-түйек заттар салуға арналған. Сандықтың бұрыштары жезбен қапталған. Жан-жағындағы оймышты сүйектің бетіне сопақша, жапырақ және дөңгелек тәрізді өренектер жезбен әшекейленіп, уақ шегемен шегеленген. Сандық қақпағы жезбен бастырылып, сүйектен әшекейлер қағылған. Сандықтың алдыңғы жағында кілтенетін есігі бар.
Ал, ХІХ ғасырдың басындағы сүйектелген секершаққыш – ас үй тұрмысында секер шағу үшін пайдаланылған. Ағаштан жасалған оның пішіні сопақша құмыра тәрізді. Сырты сүйекпен қапталып, үстіне жезден сопақша және дөңгелек пішінді өрнектер салынған. Секерді шағу үшін бас жағына темірден ілмешек жасалған. Сол ғасырдың ортасында оны Е.Мұхамбетқалиев қызы Сақышқа сыйға берген. Немересі Гүлнәр Есенғалиева мұражайға 1988 жылы тапсырыпты.
А.АБДОЛ.
Суреттерді түсірген автор.