ryish   oldyi     ryilyisshyi

Құрыш қолды құрылысшы

Қоғам

Қарапайым еңбек адамы бола тұра, елдің құрметіне бөленіп, бедел биігінен көріне білген адамдар бар арамызда. Солардың бірі – құрылыс саласында жүріп, «Еңбек Қызыл Ту» орденін иеленген Ибатолла Әбдиев. Еңбек жолын сылақшылықтан бастап, саланың қыр-сырын меңгерген ол – аймақтағы көптеген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың әр кірпішін қалап, өңірдің өркендеуіне өзіндік үлес қосқан құрметті азаматтың бірі.

Құрыш қолды құрылысшы

Иә, оның түр-тұрпатына қарап, «құрылыста қырық жылдан астам еңбек етті» деп айта алмайсыз. Жасы сексенге келгенімен әлі де тың. Ағайын-тума мен бала-шағасының ортасында ақылшы ғана емес, ерен-еңбектің үлгісіндей болып, қолынан келгенін үйретіп жүр. «Мұның сыры – төгілген маңдай тер мен қара жұмыстағы үнемі қозғалыстың нәтижесі болар» дейді өзі. Бүгінгі жастар қолсына бермейтін бұл жұмыстың қиындығын да қызыға атқарып, мамандығына  адал болған кейіпкеріміз туралы біреу білсе, біреу біле бермейді.

Балықшы жанұясында 1938 жылы өмірге келген ол төрт жасында отбасының тірегі әкесінен айырылып, жетім қалады. Бала күнінен тағдыр тауқыметін тартқан Ибатолла анасы мен алдындағы төрт апасына қорған болу мақсатында ерте есейді. 1954 жылы 16 жасынан бастап еңбекке араласады. Алдымен, балық консервілеу комбинатының дайын тағамдар қоймасына жұмысқа кіреді. Мұнда үш жылдай еңбек еткен ол азаматтық борышын өтеу үшін кеңес әскері қатарына алынады. Әскерде құрылыс батальонында болып, сылақшы-сыршы мамандығын меңгереді. Ал, кейін отбасына оралған соң №901 жылжымалы механикаландырылған колоннаның бригадасына құрылысшы болып орналасады. Қазіргідей техника жоқ, тіпті қажетті құрал-саймандардың өзі тапшы болған уақытта қос қолдың күшімен бригаданың күндік еңбек өнімділігін 1,5 есеге асыра орындаған жас маман басшылықтың назарын бірден өзіне аударады. Адал да өнімді еңбегінің арқасында сылақшы, тас қалаушы, тас қалаушылар бригадиріне дейін көтерілген оған оныншы бесжылдықтың алғашқы жылының қорытындысымен «Еңбек Қызыл Ту» ордені табысталады. Есімі әріптестері арасында құрметпен аталған құрылысшының сол кездегі «Отан  наградасы қашан да еңбек адамын жігерлендіріп, өз жауапкершілігін сезіндіре түсетіні белгілі. Мен алдағы жылда да өзімнің барлық тәжірибем мен күш-қуатымды жұмсай отырып, халық сеніміне лайық еңбек ете беремін» деген  қолжазбасын оқи отырып та жұмысын ынта-жігермен атқарғанын, нағыз еңбек адамы екенін айқын аңғаруға болады.

Ел арасында құрылысшылар туралы көп айтыла бермейтіні рас, алайда, облыс орталығындағы жүзден астам ғимарат тұрғызуға атсалысып, бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, еңбегінің зейнетін көріп отырған кейіпкеріміз туралы қанша айтсақ та жарасатындай. Зайыбы Ажар екеуі Өміржан, Бегімжан, Марат, Талғат есімді ұрпақ сүйді. Ажар апай 62 жасында өмірден өткенімен, артында ошағын өшірмес бала-келіндері, немере-шөберелері қалды. Ал, солардың қызығын қызықтап отырған Ибатолла ақсақалды мәуелі бәйтеректің өзі дерсің.

Бүгінде Атыраудың айнасына айналған әсем ғимараттарды өз қолымен тұрғызған кейіпкеріміз ұрпақтарын еңбекқорлыққа баулудан еш жалыққан емес.

«Өз ісіңді шын сүйсең соның шыңына шығасың. Абырой, бедел жинайсың. Мейлі, ол құрылыс секілді қара жұмыстың саласы болсын. Тұңғышым Өміржан менің ізімді қуып, бұл саланы меңгерді. Қай жерде жүрсем де еңбектен тапқан нанның тәтті болатынын айта жүремін. Шыны керек, жастардың көшілігі жұмысын ауыр, жалақысын аз көріп құрылысшының жұмысынан қашқақтайды. Үйін салатын болса да сырттан кісі шақыртып, мигранттарды жалдайды. Бар тапқан-таянғанын соларға береді. Мен ондайларға «құрылысшы деген кең ұғым, ол бірнеше мамандықтың басын біріктіретінін, қай мамандықты болмасын оны жете үйреніп, беріле істеуің керектігін» айтқым келеді. Біздің кезімізде техника деген болмады. Қазіргідей алып крандар жоқ. Тасты да, цемент ерітіндісін де қолымызбен қабат-қабат биікке көтердік. Ал, бүгінде бұл жұмыстарды автоматтандырылған құрылғылар орындайды. Қазір бұл сала жеңілдемесе ауырлаған жоқ. Сондықтан, несібеңді өзгеге бергенше, өзіміздің қаракөздер нәпақа тапса екен деймін», –  дейді қария.

 P.S. Ел арасында «құрылысшы болсаң, денсаулығың құртылады» деген түсініктің бары рас. Бірақ, Ибатолла Әбдиевті көрген адам керісінше құрылыстың адамды қайрап, шынықтыра түсеріне сенер еді. Еңбек етіп қана қоймай, өмір жолында айшықты қолтаңбасын қалдырған ол өткен күндерін ерекше ықыласпен әңгімелеп берді. Өйткені, оның өмірі өнегеге толы…

Мәлике Қуанышева

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған