Жарнама
Қоғам

«РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚ – АДАМ ЖАНЫНЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫ»

Семинарды облыстық дін істері басқармасы басшысы Еркінбек Шоқаев ашып, жүргізіп отырды.

Рас, біз – мұсылманбыз, дінге сенетін ұлтпыз. Үлкенді сыйлау, олардың алдын кесіп өтпеу, жетімнің ақысын жемеу, жесірді қаңғыртпау, жалған сөйлемеу, біреуді сыртынан ғайбаттамау – осының бәрі бізге ғана тән ізгі қасиеттер. Бізді кішкене күнімізден ата-анамыз бен ұстаздарымыз осылай тәрбиеледі. «Осындай болсаңдар, нағыз адам боласыңдар!» деді. Тереңірек үңіліп көрсек, осының бәрі дәстүрлі Ислам дінінің қағидалары екен. Өкінішке орай, бүгінде дәстүрлі дінді өзге ағымдармен шатастырып, шалыс басып жүрген жастар  қаншама. Олар  мектеп   қабырғасында да, колледж бен жоғары оқу орындарында да, тіпті еңбек ұжымдарында да баршылық. Әңгіме – соларды ажырап қалған үйіріне кері қосу, ненің жақсы, ненің жаман екеніне көздерін жеткізу.  

Күн тәртібіндегі осы бір күрмеуі қиын мәселе бүгінде көзі ашық, көкірегі ояу барша жанды толғандыруда. Бұл жөнінде Алматы облысы Жамбыл аудандық орталық мешітінің бас имамы Ернар Мәжен, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының директоры, теолог Қанат Жұмағұл, қаладағы Абай атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Дина Лұқпанова тереңнен толғады. Оқушы балалармен қоян-қолтық жұмыс жасап жүрген ұстаз өз сөзінде: «Қазіргі таңда жасөспірімдер бойында отансүйгіштік сезімін, білім мен біліктілікті, дағды мен шеберлікті, асқақ адамшылық пен адамгершілік қасиеттерін жаңа дүниетанымдық көзқарас пен ізгі дағдыларды, ұнамды мінез-құлық нормаларын қалыптастыру үлкен қажеттілік болуда. Бұл туралы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында жан-жақты айтып келеді. Бір сөзбен, қай заманда болмасын, сол қоғамға сай азаматты тәрбиелеуді біз оның рухани байлығын арттырудан бастауымыз қажет. Рухы биік, ерік-жігері мықты бала ешқашан жаман жолға түспейді. Сөйтіп, ол жемқор да, алаяқ та, ақырында суицид құрбаны да болмайды», — деді.

Семинардың ортасынан ауа педагогтар пікір алмасуға көшті. Алғашқылардың бірі болып сөз алған Атырау қалалық білім бөлімінің әдіскері Жұмазия Жолмұханова көптеген ұстазды мазалап жүрген мәселені айтты. Ол өз сөзінде басына орамал тартқан оқушы қыздардың бастауыш сыныптарда да кездесетінін, оларға ата-аналарының азулы аңдардың суреттерін салдырмайтынын, балаға кейбір шектеулер қоятынын айтты. «Дәстүрлі емес діннің жетегінде жүрген мұндай жас ата-аналар бала санасын улап, еліміздің болашағына нұқсан келтіруі мүмкін» деген ойын жасырмады. Мұндай пікірді Атырау селолық округіне қарасты Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары З.Нұрғалиева және басқалары да айтты.

Семинарда облыстық дін істері басқармасы басшысы Еркінбек Шоқаев үстіміздегі жылдың өзінде ата-аналардан прокуратураға 25 шағым түскенін, оның көбі оқушылардың мектеп формасы айналасындағы сауал екеніне тоқталды. «Қазақта «балиғат жас» деген бар. Ол қыз балалардың 13-14 жасы болса керек. Меніңше, осы балиғат жасқа жетпеген сәби қыздарға – бастауыш сынып оқушыларына орамал тартудың қажеті қанша?!» — деді облысымыздың бас теологы.

Семинар қызу пікірлесуге ұласып, өмірдің өзекті мәселелері кеңінен талқыланып, оңды мағлұматтар берілді.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button