ОЛ ОШАҚТЫҢ ОТЫН ӨШІРМЕДІ

Дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы талайдың шаңырағын ойран етіп, кімді жетім, кімді жесір қалдырмады. Еркек кіндіктілерді жаппай майданға алдырғанда елде қалған бар ауыртпалықты сол кездің әйелдері көтерді.

Осындай қасіретті жылдарда қайғы шеге жүріп, тылда еңбек атқарған аяулы апаларымыздың бірі Салиха Рахымжанқызы болатын. Ол он жеті жасында менің қайын ағам Сибат Ғабдоллаұлына тұрмысқа шығады. Ағамыз мамандығы мұғалім болғандықтан әртүрлі мектептерде қызмет етеді. Тіпті, алыс аудандардың мектептерінде де ұстаздық қызметін атқарып жүреді. Содан 1938 жылы Гурьев облыстық «Социалистік құрылыс» газетіне тілші болып орналасып, сол жерде бір жылдай қызмет атқарғаннан кейін армия қатарына шақырылады. Әскердегі азаматтық борышын өтеп, енді ауылға оралатын сәтінде соғыс басталып, майданға аттанады. Ағамыздың 1941 жылдың 31 тамызы күні Белоруссияның Рогачев қаласының ұрыс даласынан соңғы хаты келеді. Артынан «хабар-ошарсыз кетті» деген қайғылы хабар келіп, абысыным Салиха жиырма төрт жасында жесір атанады. Жарынан жастай айырылған Салихаға қайын атасы Ғабдолла, енесі Захира, қайнылары Әбуғали, Қайыржан, қайын сіңлісі Зайдали, екі жасар ұлы Қадіржан қарап қалады.

Сөйтіп, Салиха соғыс әкелген қайғылы күндердің ауыртпалығын бастан кешіреді. Гурьев-Астрахан темір жолы құрылысына қатысып, қажырлы қайрат, ерен еңбектің үлгісін көрсетеді. Осы кезеңде елдегі азапты қара жұмыс атаулының бәрі дерлік ақжаулықтыларға жүктелетін. Сол қайнаған жұмыс арасында Салиха да тер төге еңбектенді. Орлар қазып, қапшықтап құм төгеді. Колхозға мүше болып кіргеннен кейін мал бағу, шөп шабу, сауыншылық, құмаршық қағу деген ауыр жұмыстар да күнделікті ісіне айналады. Одан қала берді, мал өнімдерін дайындап, майданға жүннен қолғап, шұлық, кеудеше тоқиды. Жесірліктің тауқыметін тарта жүріп, өзіне қарап отырған үйдегі қайын туыстарына, екі жасар баласына нәпақасын тауып, қажеттінің бәрін жасап, аялап күте білген.
Одан соң қайын сіңлісінің Алматыға оқуға түсуіне де жағдай жасайды. Жалғызы Қадіржанын көңіліне демеу тұтып, тілеуін тілеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Сөйткен Қадіржаны ержетіп, үйленді. Одан сегіз немере, жиырма жеті шөбере, он бір шөпшек көрді. Қазір төрт немересі Оралда тұрып жатыр. Өмірдің өкініші таусылған ба? 1995 жылы Қадіржан өмірден өтті. Жалғыз ұлын жоғалтқан ана жүрегі қайғыдан қарс айырылды. Одан кейін бергі жылдарда немересі Бауыржанның, қайнылары Қайыржан мен Абекен ағаның дүниеден өтуі Салиханың бітпеген жан жарасына тұз сепкендей де еді. Соған қарамастан абысыным Алланың көрсеткеніне шүкіршілік етіп, «қалған немере-шөберелерім аман болғай» деген тілегін тілеуден жалыққан емес. Осылай ұрпақ алдындағы парызына берік жан, жарына адал болған, келін болып түскен шаңырақтың абыройын асқақтатып, әулеттің даңқын асырған ардақты ананың дүниеден озғанына да, міне, биыл жыл толып отыр.
Шаңырақтың жапырағы жайылған мәуелі бәйтерегі, ақ шашты әже, аяулы ана, қимас бауыр, Салиха абысынымның асыл бейнесі біздің жүрегімізде мәңгілік сақталады.

Зүлипа РАМАЗАНҚЫЗЫ,
Атырау қаласы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз