
Рухани келісім – тұрақтылық кепілі
18 қазан – Рухани келісім күніне орай Атырау қаласында «Конфессияаралық келісім мен дәстүрлер бірлігі» атты форум өтті. Іс-шараны облыстық дін істері басқармасы мен «Жәрдем Атырау» корпоративтік қоры бірлесе ұйымдастырды. Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда өткен форумға облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысып, атаулы күннің мән-маңызына тоқталды.

– Бір шаңырақ астына сан ұлттың басын қосып, береке-бірлігін жарастырып, бірлігі бекем, татулықты ту еткен ел үшін бұл күннің маңызы зор. Конфессияаралық келісім – Қазақстан халқы үшін өзара түсіністікті қажет ететін қастерлі құндылық. Әртүрлі ұлт және ұлыс өкілдерімен достық қарым-қатынас орнатып, оларға қамқорлық таныту – адамгершілік қасиет, — деді Жасұлан Орақұлы.
Іс-шарада сөз алған облыстық дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мұсаев пен «Жәрдем Атырау» корпоративтік қорының директоры Артур Айтмағамбетов ұлтаралық татулықты сақтаудың мәні туралы айтты.

Ұлтаралық келісімді, конфессияаралық ынтымақтастықты нығайту, қоғамда этностық және діни толеранттылықты қалыптастыру, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді насихаттау мақсатындағы форумда халықтар мен діни ұйымдардың қарым-қатынасын жақсарту, татулықты арттыруға ықпал ету мәселелері талқыланды.
Жиын барысында бірқатар сала қызметкері конфессияаралық келісімді сақтауға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ