Жарнама
Қоғам

Рухани келісім – тұрақтылық кепілі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1992 жылдың қазан айында конфессиялы және гуманитарлық қоғамдық қозғалыстар өкілдерінің қатысуымен өткен тұңғыш Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінде 18 қазан – Рухани келісім күні болып бекітілді. Содан бері бұл Қазақстандағы әлеуметтік маңызды даталардың бірі саналып, ұлт пен діни сенімге қарамастан барлығымызды біріктіретін қоғамдағы тұрақтылық пен келісім күні деп танылып жүр. Сондықтан да бірлік пен қайырымдылық, жақсылық мерекесі ретінде атап өтіледі. Кезекті «Жедел сөз» айдарына осы тақырыпты арқау еткен едік. Рухани келісім күнін атап өтудің мән-маңызы неде?

Рухани келісім – тұрақтылық кепілі

Жаннат  ДОСҚАЛИЕВА, Атырау облысы әкімі аппараты «Қоғамдық  келісім» мекемесінің басшысы:

Бейбітшілік – біздің бақытымыз

Біздің елімізде 130-дан астам этнос пен 17 конфессия өкілдері өмір сүреді. Рухани келісім олар үшін бірінші кезектегі міндетке айналды. Сондықтан, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудағы «қазақстандық жолды» қазіргі кезде көптеген елдер зерттеу үстінде. Осы жағдайда мемлекетіміз ұлттық бірлігіне негізделген тұрақтылықты көрсетіп отыр. Қазақстан ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісін жасады, мұны халықаралық сарапшылар да мойындауда. Сол себепті, бұл күнді атап өтудің маңызы жоғары. Рухани келісім бар жерде  береке мен бірлік болады. Бүгінде 19 этномәдени бірлестікке шоғырланған өңіріміздегі түрлі ұлттар өзара ауызбіршілікте жұмыс жасап, келісімді нығайту бағытындағы көптеген істердің басы-қасында жүр. Бірлестік өкілдері қоғамды ізгілікке үндейтін қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастыруда. Биылғы жартыжылдықта «Қайырымдылық керуені» акциясын іске асыру бағытында облыс  көлемінде 400 әлеуметтік-қамқорлық іс-шаралары өтті. Мұқтаж адамдарға 78 млн. теңге көлемінде көмек көрсетіліп, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болған 30-дан астам іс-шарасы барысында 3500 адамға 7 млн. теңге  көлемінде  қайырымдылық  жасалды.

Мақсот БАҒЫТЖАНОВ, «Мәулімберген» мешітінің бас имамы:

Ізгілікпен кестеленсе кемеңіз…

Елбасымыз «Толеранттық – біздің жанымыздағы диалогқа дайындық. Біздің қалаларымыздағы мешіттердің, православ храмдарының, костельдің және синагоганың бір-бірімен қатар тұруы – жеріміздің бейбітшілігі мен келісімінің айқын көрінісі» деп айтқан болатын. Ендеше, атаулы күн бірлік пен қайырымдылықтың, жақсылық мерекесі ретінде атап өтілуде. Мешітіміз негізгі төрт бағыт бойынша жұмыс жасаса, соның бірі – қайырымдылық. Әлеуметтік жағдайы төмен немесе жалғызбасты қарттарға қамқорлық көрсетілуде. Атаулы датаға орай да бірқатар ізгілікті шараларды ұйымдастырып келеміз.

Қазіргідей алмағайып заманда өркениеттер арасындағы бейбіт келісімді сақтау – өзекті мәселелердің бірі. Қай діннің өкілі болсын, өз тіршілігінің тыныштығын, тұрақтылығын қолдайды. Сондықтан, Рухани келісім күнінің маңызын әр қазақстандық жете түсінеді деп ойлаймын.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button