Жолақы қанша?

65964423 845441829171635 7113157739932549120 n 1 Жаңалықтар

Atr.kz/18 тамыз, 2019 жыл. Сонымен, мұнайлы астана – Атырау шаһарындағы қоғамдық көліктерде жүру бағасы өскелі жатыр. Енді оның толық төлемі 150 теңге болмақ. Біраздан бері алыпқашпа әңгімеге арқау болған жай ақиқатқа айналды. Мұны қарапайым халық қалай қабылдар екен? Елбасы коммуналдық қызмет құнын арзандатып, өз бастама­сымен өскен жалақыны жұртшылықтың жағдайын жақсартуға жұмсауына мүмкіндік туғызғанда мына қымбатшылық көпшілікке ұнай қоймайтыны кәміл. Бірақ, таразының екі басын да бағамдап көрелікші.

 ЗАМАНЫНА ҚАРАЙ АМАЛЫ

Қазіргі заман басқа, заң өзгеше. Кәсіпкер атала­тын қоғамның жаңа тобы соған сәйкес амал жасайды. Себебі, көрсетілер қызметтің бәрі дерлік бизнес иелеріне берілген. Бірақ, олар да қолданыстағы заңдылықтарға байланысты әрекет жаса­май ма? Мәселен, еліміздің «Көлік туралы» Заңында жетіден 15 жасқа дейінгі балалардың жолақының жар­тысын төлейтіндігі тасқа таңба басқандай жазылған. Алайда, өткен жылы кондукторлардың мектеп оқушыларын автобус- тан итеріп түсіріп кеткендері туралы редакцияға арыз-шағымдар жиі түскен бола­тын. Енді соның жүзеге асу тетігі қандай?

 Сонымен қатар, осы заңның 13-бабында егер жолаушылардың кейбір бөлігіне жеңілдіктер жа­рияланса , онда сол шығынның орнын жаба­тын қаржыландыру көзі қарастырылуы керектігі айтылған. Осы орайда, жергілікті атқарушы ор­гандармен шарт жасалуы тиіс екен. Сонда әлгі ай­ырманы бюджет есебінен жабу қажет пе? Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қайда? Елбасы айтқандай, кезінде олардың бастаған ісін сәтті жалғастырып кетуіне мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетілген жоқ па? Ендеше, «алмақтың да салмағы» бар дегендей, қайтарым да күтілмес пе? Әлде әбден малданып алған соң сырт айналғаны ма? Сайып келгенде, бюджет – халықтың қаражаты. Демек, жұртшылық өзіне жасалған жеңілдікке ақыны да өзі төлей ме?

Рас, қоғамдық көлік мекемелерін де түсінуге болады. Соңғы жылдары жанармай құны қымбаттады. Қосалқы бөлшектер бағасы да артты. Мұның бәрі қосымша шығынды қажет етеді. Алайда, істі ұтымды ұйымдастыра білсе, қандай жағдайда да табысты жұмыс жасауға мүмкіндік мол. Біреудің қалтасын тек­серуден аулақпыз, бірақ, солардың қыруар шығынға батқанына күмәнім бар. Ашығын айтқанда, біраз та­быстан қағылған болар. Әйтсе де, тақырға отырмағаны кәміл. Ендеше, кәсіпкерлер неге шамырқанады? Одан да қызметтерін қайта сара­лап, орын алған олқылықтан оңды қорытынды шығарғаны жөн еді ғой.

Мәселен, жүргізушілердің соңғы немесе аралық аял­дамаларда салонға адам­дар әбден толғанша тұрып алатындығы жөнінде жолау- шылардан қаншама шағым түссе де, назар аударған бір басшы болды ма? Автобус- ты сарылып күткен адам­дар шыдай алмай, таксиге мініп кетеді. Шаһардағы «жүз теңгелік» жеңіл көліктер содан шыққан. Немесе кондукторлардың жүгенсіздігі жөнінде арызданғандар аз ба еді? Би­лет сұрағандардың бетінен алып, жер-жебіріне жетіп жатқаны. Содан қорытынды шықты ма? Төленген ақшаның кәсіпорын кәдесіне асырылмай, қалтаға түскені қадағаланып жүр ме?

Әйтпесе, шаһар ортасын­да жүйткіп жүрген шағын «Газельдерде» бүк түсіп тұрған жолаушылардың обалы кімге? Бір-бірімен жарысатын автобустардың ішінде жанын шүберекке түйіп отырғандардың нен­дей жазығы бар? Үлкендеу көлік сатып алуға шама­сы жетпеді ме? Қаржылық мүмкіндігі шектеулі ме? Ен­деше, қолға ауыр балтаны белге қыстырып несі бар еді?

Міне, осындай оралымсыздықтар атқарушы билікті қоғамдық көлік нарығына басқаларды шақыруға мәжбүр еткен секілді. Турасын айтқанда, қарапайым халыққа кімнің қызмет ететіні бәрібір. Са­пасы сәйкес келсе, арғы жағын сұрастырып жатпай­ды. Тек бұрынғыларының арасында азды-көпті күңкіл бар. Әкімдік тарапынан қолдау көрмегенін айтады. Субсидия берілмегенін се­беп етеді. Шығындарының жабылмағанын содан көреді. Бірақ, қайткенде де, қоғамдық көлік қозғалысында айтарлықтай өзгеріс бар. Оның оң-солын алдағы уақыт таразыға тартады.

ЭЛЕКТРОНДЫ БИЛЕТ ТИІМДІ МЕ?

Бүгінде «смарт карта» атап жүргендері, бажайлап қарасақ, кешегі бір айға арзанға сатып алатын жол жүру билеттері тәрізді. Кеңестік кездегі көрініс. Әсіресе, студенттер стипен­диядан үнемдеп, жеңілдікпен сатылатын тұтас айға жарай­тын осындай билетпен емін- еркін қыдырушы еді ғой.

Рас, бұл жолғы жаңалық басқаша тәрізді. Алдымыздағы қыркүйектен бастап қалаішілік жол жүру құны 150 теңге болмақ. «Смарт карта» қолданушыларға қазіргі 80 теңге қалдырылады. Бұл, бір жағынан, жолаушылардың құқын да аз-кем шектейді. Әлгіндей картаны алу-алмау әркімнің еркіндегі іс емес пе? Қоғамдық көлікті анда-сан­да ғана пайдаланатындарға оның қажеті де жоқ. Ендеше, ара-тұра бір мәрте автобусқа мінген екен, неге өзгелерден екі есе дерлік артық төлеуі тиіс? Мәселен, Алматы мен Нұр-Сұлтанда осындай әдіс енгізілгенімен, соның бәріне құқықтық баға берілді ме? Егер заңгерлер жөн санап жатса, онда құп делік. Әйтсе де, бұл да күштеудің бір көрінісі тәрізді.

«Смарт картаны» тарату арқылы да бәзбіреулер биз­нес жасап жүрген жоқ па? Өйткені, оны сатып алғандар арасында лоторея ойнаты­ла бастапты. Бұл, әдетте, банкілердің істейтін тірлігі еді.

Рас, мұндай карталарды алуда зейнеткерлерге азды- көпті жеңілдік қаралған тәрізді. Дұрыс делік. Елбасы айтқандай, қоғамнан қолдау күтетін жандар солар. Бірақ, сәл түсініксіздеу бір жайт бар. «Смарт картаны» оңды- солды пайдалана беруге де болмайтын секілді. Ара-тұра технология жасамай қалатын тәрізді.

Оның үстіне, қаладағы барлық автобустар әзірге қажетті қондырғымен жарақтандырылмаған. Рас, тиісті орындар күзге дейін үлгеретіндігін айтады. Бірақ, шаһар сыртындағы елді ме­кендерге бұрынғы «Газель­дермен» қатынайтындар қайтеді? Өкпесін соғып әрең жүрген оларға жаңалық жете қойған жоқ. Ал, «смарт картаға» сеніп, қалтасына тиын салып шықпағандар жолда қала ма? Әлде қаланың іші-сыртындағы барлық ав­тобустар қамтамасыз етіле ме? Оған қалған уақытта мүмкіндік бар ма?

Қоғамдық көлік қызметіндегілер осындай әдіспен кондуктор мен жо­лаушы арасындағы қолма- қол ақшаның жолын кесуге ұмтылуда. Әрине, мекеме есебіне алынбай, қалтаға кетіп жатқан теңгелер бар екенін ешкім жоққа шығармас. Оның үстіне, өркениет өріне ұмтылғанда жағымды жаңалықты енгізген де жөн. Дамыған елдерде осылай көрінеді. Бірақ, сырттың үрдісін сол күйінде қайталамай, өзімізге ыңғайлаған да дұрыс еді.

Ақырында, әңгіменің шыны керек, жеңілдіктер жөнінде байбалам салудың еш жөні жоқ. Мектеп оқушылары мен зейнеткерлердің санын анықтап, соған байланыс- ты бірнеше мың теңгеге шығындалып жатқанын айтушылар ақиқаттан алыс ақпарат таратады. Оқушылардың дені деме­сек те, біразы сабаққа ата- анасының жеке көлігімен ба­рады. Сөйтіп, балаларының қауіпсіздігін де өздері қамтамасыз етеді. Оқу орындарының маңына көз салыңызшы, түрлі маркалы машиналар толып тұрған жоқ па?

Үлкен кісілер де автобус- пен күнде қыдырып жүрген жоқ. Оған саулығы да жара­майды. Қажет десеңіз, Алма­тыда 75-тен асқан ақсақалдар қоғамдық көлікте тегін жүреді екен. Ал, соғыс ардагерлері саусақпен санарлық қана. Олардың автобуспен жүргенін өзім көрген жоқпын. Со­нымен қатар, бірінші топ мүгедектері мен зағип жан­дарды да қоғамдық көліктен кездестірмедім. Ендеше, бұларды да сөз етуге болмас. Сонда кәсіпкерлер кімді ауырсынып жүр? Санаулы қарттар мен кішкене бала­ларды ма?

P.S. Қайткенде де, тағы бір бастама қолға алынды. Жақсы, құпталық. Әйтсе де, оның халыққа тиімділігі алдыңғы кезекте болуы тиіс. Алматыдағы «Оңай» жүйесі кейін қиынға айналып, жұртты біраз әбігерге салып еді. Соның кебін кимелік. Шаһардағы «ақылды аялдамалар» ақыры атына заты сай болмады ғой. Ілгергі жылдары қолға алынып, жалғасын таппаған бұдан басқа қаншама іс ілгері баспады. Қазақ «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деп бекер айтпаған-ау.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз