Жарнама
Қоғам

ҰРПАҚ САБАҚТАСТЫҒЫ БЕРІК БОЛҒАЙ!

 

Қалада 25 мың боздақтың аты-жөні толық жазылған ескерткіш тақталардың орнатылуы – жастарды тәрбиелеудің тағылымды бастамасы болды. Сондықтан, жас буын бұл орында жиі болғаны дұрыс. Тіпті, «Нұр Отан» партиясының жас мүшелері осы жерде партиялық билеттерін алуды дағдыға айналдырса артық болмас еді.

Еліміз егемендік алған алғашқы жылдардың қиыншылық кезеңінде аға буын тұрақтылықтың ұйтқысы болып, көрегенділік көрсете білді, бұл бүкіл елдің бірлігін сақтауға олардың қосқан баға жетпес үлесі еді.

Тәуелсіздік жылдарының басында құрылған ардагерлер ұйымы қазір беделді, ұйымдық жағынан берік, күрделі істерді, әсіресе, ұрпақ тәрбиесі мәселелеріне ден қойған, олармен Үкімет орындары да қарым-қатынас жасайтын өнегелі орынға айналды.

Әрине, ардагерлерді толғандыратын мәселелер де аз емес. Жастар тәрбиесі, оларды еңбекке белсене қатыстыру сынды әлі де шешуін күтіп тұрған мәселелер бар. Еңбек тәртібін сақтау, кәсіпкерлік мамандықты меңгеру және оны бағалау  барлық жастың басты құндылығына айнала қойылмағаны жасырын емес. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруге құмарлық басым екендігін көреміз. Тәртіп бұзушылық та орын алуда. Қоғамдағы өз орнын, міндеттерін білмейтін жастарды көргенде қынжылатынымыз анық.

Ата-бабаларымыз ұрпаққа өнеге етерлік көптеген игі дәстүрлер қалдырды. Адамдарды сыйлау, көмектесу, әсіресе ата-аналарына, аға буынға деген жылылық, қайырымдылық көрсету сияқты құндылық ешқашан маңызын жойған емес. Қазірде кейбір кәсіпкерлердің мұндай іске ден қойып, қайырымдылыққа бет бұра бастауы құптарлық іс.

Әрине, жастар тәрбиесі – ортақ іс. Сондықтан, бұл іске аға буын өкілдері белсене қатысуы керек. Өмір тәжірибесі мол, білімді, өз істерінің шеберлері бола білген аға буынның өкілдерімен кездесулер өткізу тәрбиенің бір құралы екендігін есте ұстасақ, артық болмас еді. Жастар – ел болашағы. Ал, олардың тәрбиесіне аға буынның жауаптымын деп есептеуі – болашақтың бұлыңғыр болмауына қосқан үлесі.

Жыл өткен сайын ардагерлердің қатары сирей түсуде. Қазіргі қол жеткен жеңіс пен табыста ардагерлердің ой-өрісі, күш-қуаты, қайраты мен жігері түгел жұмсалғанын бүгінгі жастар біліп, бағаласа, ол – ұрпақ жалғастығының, беріктігінің белгісі.

Орынғали ҚАРАСАЕВ, соғыс және еңбек ардагері.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button