Жарнама
Қоғам

РЕПРЕССИЯҒА ҚАРСЫ КҮРЕСКЕН

Облыс көлемінде де сол сұрапыл жылдарда жазықсыз жазаланып, қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар аз емес. Әсіресе, жерлесіміз Серікқали Ғұбайдоллаұлы Жақыпов туралы алғашқы тың деректерді жазған белгілі жазушы Қалмұқан Исабаев болатын. Ол өз естелігінде «1968 жылы генерал Әбдіманап Тілеулиев (Қазақ КСР Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті (МҚК) төрағасының орынбасары) маған С. Жақыпов жөнінде кітап жазуды тапсырды. Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті архивінен екі папка құжаттарды әкеліп берді. МҚК подполковнигі Н.И.Милованов менің жазған жазбаларымды тексеріп, өзі нөмірлеген блокнотқа ғана жазып және оны жұмыс аяғында тапсыруымды қатты қадағалады»,- деп жазады. Сөйтіп, «Жазушы» баспасынан 1971 жылы «Соңғы ерлік» атты кітап 60 мың данамен жарыққа шығады. Сонымен, қаламгер шығармашылығына арқау болып жүрген чекист С.Жақыпов деген кім?
Қазақ ССР (1-том) қысқаша энциклопедиялық мәліметтерге сүйенсек, мынаған саяды: Серікқали Жақыпов (1892-1939 ж.ж.) Саратов облысының Александров-Гай станциясында туған. 1918 жылдан компартия мүшесі. Жоғары бастауыш училищені, педагогикалық курсты бітіріп, мұғалім болады. 1917 жылы Бөкей губерниясында революциялық қозғалысқа араласты. 1918 жылы қызыл гвардия отрядын басқарып, азамат соғысына қатынасады. Осы жылы Бөкей ордасында комсомол ұясын құрады. 1919 жылы губерния комсомол комитетінің хатшысына сайланады. 1919 жылдың маусым айында Москваға жолдама алып, Ұлттар ісі жөніндегі Халық Комиссариаты жанындағы қазақ өкілі міндетін атқарады.
Ал, 1921 жылы Бүкілодақтық Төтенше комиссия (ВЧК) қарамағында істеп, Саратов облысында Серовтың бандыларын жоюға қатысады. 1923-1926 жылдары РКП (б) Гурьев уездік комитетінің ұйымдастырушы хатшылық қызметіне тағайындалады.1926-1937 жылдары Қостанайда, Қарақалпақ автономиялы облысында және Қазақстанда ішкі істер халық комиссариатында жауапты қызметтерде болады. Көп уақытын Казталовка уезінде өткізеді.
С.Жақыповтың туған жері, өмірден өткен жылдары туралы деректер әртүрлі. Қалмұқан Исабаев Серікқалиды 1938 жылы 9 ақпанда камерада көкірек дертінің асқынуынан қайтыс болды деген дерек айтады. Ал, жоғарыда айтылған энциклопедияда 1939 жылы қайтыс болды деп берілген.
С.Жақыповтың шығу тегіне келсек, оның әкесі Ғұбайдолла – Нарын өңіріндегі белгілі ауқатты бай Жақыптың баласы. Елмембетұлы Жақып жетінші округтің старшыны болған. Жақыптан Құлыбай, Ғұбайдолла, Әбдірахман туған. Жақыптың бейіті Қызылүй ауылының маңында, Серікқалидың анасы Злияның бейіті Х.Ерғалиев селосындағы қауымда. Серікқали сол кезеңдегі ата-баба салты бойынша атасы Жақыптың тәрбиесінде болады. Жақыптың жаз жайлауы — Қарасор, Көкшоқы деген жерлер. Ал, қыста Бөкей губерниясына ішкерілей еніп отырады екен. Жақыптың тәрбиесінде болған Серікқали Астрахан қаласына оқуға барып, кейін оны тастап кетеді.
Серікқалидың туған жері туралы әртүрлі пікірлер бар. Атырау топырағында туып-өскен филология ғылымдарының докторы Елеукен Ғабдіров, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі А.Ғабдуллиндердің де пікірінше, ол Атырау топырағында дүниеге келген. Ал, жергілікті тұрғындар, мысалы, Хамит Ерғалиев ауылындағы Ғ.Мәсәлімов атындағы мектептің тарихшы мұғалімі, марқұм Исақұлов Ғабит өз естелігінде былай деген еді: «1971 жылы ауылға мұғалім болып келген кезімде соғыс және еңбек ардагері марқұм Айтбаев Жұмағали ағамыз: — Бала, сен осы тарихшысың ғой, чекист С.Жақыпов дегенді естуің бар ма? Ол осы елдің азаматы»,-деп айтқанын еске алады.
Жақыптың Ыдырыс атты інісі болған. Жақыптың Ғұбайдолласынан Серікқали, Құлыбайынан Нығмет, ал Әбдірахманнан Мүгіл, Қаламқас, Қымбат, Қазыбек туған. Әбдірахман Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Марқұм Қаламқас апай күні бүгінге дейін Махамбет ауданы Ақтоғай ауылында тұрды. Апай төлқұжатында Әбдірахманова Қаламқас Жақыпқызы болып жазылған.
Сонау 1992 жылы Қаламқас апайдың баласы марқұм Құлғалиев Нұролла ағамыз іссапармен Алматы қаласында болған кезде жазушы Қалмұқан Исабаевпен кездесіп, сөйлеседі. Жазушы Серікқалидың жиені Нұроллаға 1993 жылы Батыс Қазақстан облысы Казталовка селосында С.Жақыповқа арнап ескерткіш ашылатынын айтады. Марқұм Нұролла ағамыз бұл қуанышты жағдайды анасы Қаламқас апайға айтып келеді. Қаламқас апай көзіне жас алып:
— Ағамыздың елге сіңірген қызметі ұмытылмаған екен ғой, — деп баруға жиналады. Бірақ, ері Қуан қартқа уақыт болып, бара алмайды. Кейін 1993 жылы 6 қазанда Казталовка ауданы Әжібай селосынан хат келеді. Ыдырыстан тараған ұрпақ Ғалимат Нұғыманов хатында ескерткіш ашылу құрметіне Астанадан келген Қ.Исабаев оған «Атырауда жиенің бар, сонымен таныс» деген екен. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облыстық Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің арнайы шақыру қағаздарын және С.Жақыповтың үлкейтілген портретін қоса жіберген.
Серікқалидың туған жері туралы деректерге келсек, Қаламқас апайдың айтуынша, марқұм Айтбаев Жұмағали қарт оны «Жанбайда туған. Сол кездегі саясат бойынша оны кедейдің баласы деп көрсетіліп жүр»,-дейді. Александров-Гай станциясы сол кездегі территориялық шекара бойынша Бөкей губерниясына жақын орналасқан еді. Қазақ ауылдарының жаз жайлауы сол территорияда орналасқанын тарихи деректер дәлелдейді.
Бабаларымыздың салты бойынша көшіп-қонып жүрген кезде Серікқали қазіргі Александров — Гай станциясында дүниеге келуі де мүмкін.
Қалмұқан Исабаев С.Жақыпов өмірбаянында туған жерін Атырау деп көрсетпейтінін айтады. Біздің пікірімізше, жоғарыда аталған ағаларымыздың және немере қарындасы Қаламқастың деректері дұрыс деп білеміз. Серікқалидың туған жері туралы деректі жасыруын атыраулық шежіре қарт, марқұм Берік Қорқытов әкесі Ыбыраштан естіген естелігінде: «Қазан төңкерісіне дейін Ганюшкинода қазақ балалары патша мекемелерінде болашақ шенеуніктер дайындайтын қысқа мерзімді оқу орны болған мектепке он екі жас шамасында қабылданады. Үкімет тарапынан тамақ, киім, жатар орны қарастырылған. Дегенмен, оқу орнында ұрлық, талан-тараж өріс алған. Осыған наразы болған шәкірттер ереуілге шығып, аулада тамақ пісіріп жүрген семіз аспазды қоршап алып, айбат көрсетіп, қарсы шығады. Аспаз ожаулап ыстық су шашып, балаларды маңына жолатпайды. Кенеттен балалар арасынан атылып шыққан біреуі зымырап келіп, балалар есебінен тойынған қарнынан сүзіп берсін. Аспаз қайнап тұрған қазанға шалқасынан құлайды. Мұны көрген балалар тым-тырақай жан-жаққа тұра қашады. Ал, «тентек» бала сол бетінен Эльтон тұз өндірісінен бір-ақ шығады. Міне, осы «сүзеген» бала Серікқали екен. Артынан, әсіресе, Қазан төңкерісінен кейін дұшпандары оның кісі өлтіріп кеткенін талай жерде бетіне де басады…. оның Гурьев облысы жерінде туғанын жасыру себебі осыдан болса керек»,- деп тұжырымдайды.
Мұрағат деректеріне сүйенсек, 1923 жылдың 1 сәуір күні өлке баспасөзі тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі — Гурьев уездік комитетінің қазақ бөлімі және Гурьев атқару комитетінің «Ерік» газеті жарық көрді. Газетке сол тұста уездік комитеттің хатшысы С.Жақыпов редактор ретінде қол қойған. 1924 жылы 8 желтоқсанда өткен Гурьев уездік партия комитетінің мәжілісінде С.Жақыповтың Орал қаласына жұмыс ауыстыруына байланысты редакторлық жұмыс Р.Сұлтанғалиевке жүктеледі.
Серікқали Ғұбайдоллаұлы 1923-1926 жылдары өлкемізде бейбіт халыққа лаң салған Серов, Киселев, генерал Толстов бандыларына қарсы ЧОН (төтенше жағдайдағы отряд) отрядтарын құрып, бандыларды талқандайды. Ағарту саласында да қызметтер атқарып, қолы тиген кезде ағартушылық қызметпен де айналысқан.
Сонымен, С.Жақыпов соңғы ерлігін 1937 жылы қыркүйек айының басында Сәкен Сейфуллинді тұтқындау туралы бұйрықты алған кезде жасаған екен. Бұйрықты жыртып тастап, сол күннен бастап өзі де жұмысқа шығуды қойған деседі. Қазақ КСР НКВД төрағасының орынбасары С.Жақыповты 1937 жылы 24 қыркүйек күні С.Сейфуллинмен бірге тұтқындайды. Ол 1938 жылы 9 ақпанда 46 жасында түрмеде бақилық дүниеге аттанады.
Әрине, мәселенің анық-қанығына жету үшін уақыт керек. Сақталып қалуы мүмкін болған азды-көпті деректердің өзін тірнектеп жинап, жүрек жұтқан чекистің қысқа да болса жалындаған жарқын өмірі туралы шындықты болашақ ұрпаққа жеткізу – парызымыз.

Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button