Жарнама
Қоғам

Реформатор немесе шаруашылықтағы қайта құрулар

Қазақстан КП өлкелік партия комитетінің хатшысы М.Исенов 1963 жылы 27 қыркүйекте өткен ІХ пленумда облыс шаруашылығын басқарудағы қайта құруларға байланысты обкомның І хатшылығына С.Құбашевты ұсынып, елдің қолдауына ие болады. Ол облысқа І хатшы болып тағайындалған жергілікті жерде туып-өскен екінші адам болатын.

Реформатор

Өнегемен өрілген өмірбаян

С.Құбашев 1963 жылы 12 наурызда толтырған өмірбаянында: «Мен 1927 жылы Есбол ауданы Елтай поселкесінде дүниеге келдім. Әкем Исаев Құбаш 1983 жылғы Қазан төңкерісіне дейін бай-кулактарда жұмыс жасады. Төңкерістен соң отбасын асырау үшін ағаш шебері мамандығын меңгереді. 1931 жылы әкем мен анам алғашқылардың бірі болып, «Кедей шаруа» (бүгінгі Аманкелді совхозы) артеліне қабылданады. Содан әкем колхозда ағаш шебері, ұста, анам егінші болады. 

Ағам Құбашев Қабдығали 1921 жылғы, офицер, Ұлы Отан соғысында қаза тапты. Апам Құбашева Набира 1933 жылғы, ғалым, агроном, «Передовик» колхозында жұмыс жасайды. Өзім 1934-1944 жылдары Елтай орта мектебінде оқып, 1944-1945 жылдары аудандық дайындау мекемесінде бухгалтер болдым. 1945-1949 жылдары Алматы ветеринар-зоотехникалық институтында ғалым-агроном мамандығына оқып, бітірген соң 1949-1953 жылдары Гурьев облысы ауыл шаруашылығы басқармасы аппаратында бас зоотехник, басқарма басшысы орынбасары, кейін басшысы болдым. 1953-1960 жылдары «Передовик» колхозында төраға болып жасап, 1960 жылы тамыз айында Гурьев облысы Халық депутаттары Атқару комитетінің төрағалығына тағайындалдым. Отбасым бар. Жұбайым Құбашева (Исембаева) Шолпан – ғалым, зоотехник, «ҚазКСР  Еңбек сіңірген зоотехнигі». Ол Гурьев облысы ауыл шаруашылығындағы өндіріс және дайындау басқармасы аппаратында еңбек етеді. Отбасымда 5 қызым, 1 ұлым және әке-шешем бар. 1958 жылы «Передовик» колхозының жоғары көрсеткіші үшін «Ленин» орденімен марапатталдым» деп жазады.

Ал, 1953 жылы 28 қыркүйекте өз қолымен жазған өмірбаянында «Әйелімнің әкесі Исембаев Халел 1937 жылы ұсталған. Маған оның қандай баппен ұсталғаны белгісіз, бірақ, сол кеткеннен келмеген және отбасында ол туралы еш хабар жоқ. Н.Исембаеваға 1949 жылы үйлендім» деген жолдарды кездестіреміз.

Білікті басшы, іскер азамат

Гурьев облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Р.Ахметов 1952 жылы 26 шілдеде облыс басшысы С.Полымбетовке С.Құбашевты «іскер, тәжірибелі, ауыл шаруашылығы мәселелерін біледі» деп бағалап, 1953 жылы 30 қыркүйекте ол Есбол ауданы, «Передовик» колхозының төрағалығына ұсынылады. Оны С.Полымбетов қолдап 1953 жылы 17 желтоқсанда колхозшылар жиналысында колхоз төрағасы болып бекітіледі.

Бұл кезеңде колхоз жұмысы жанданып, облыстың бетке ұстар шаруашылығына айналады. 1958 жылы тамыз айында колхоз көрсеткіштері 1953 жылмен салыстырғанда таза пайда 4 есе, қой 2,5 есеге өседі. Колхоз шаруашылығына мал төлдетудің жаңа әдісі енгізіліп, 1957 жылы 100 аналықтан 123, 1958 жылы 143 қозы алынады.

Осындай нақты істермен 30 жастағы жас жігіт ел құрметіне бөленеді. Қорытындысында 1960 жылы 3 қазанда облыстық Атқару комитетінің төрағалығына бекітіледі. 1962 жылы облысқа келген жаңа басшы Қ.Егізбаев та С.Құбашевқа бірден сенім артқан. 1963 жылы 11 қаңтарда І хатшы: «С.Құбашев өз жұмысын біледі, инициативті, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, облыс жұршылығы алдында беделді» деп бағалайды.

Бұл кезеңде КСРО-да 1962 жылғы 23 қарашадағы СОКП-ң пленумы бойынша өндірістік басқару жүйесі өзгертіліп, облыстық партия комитеті өндіріс және ауыл шаруашылығы обкомы деп бөлінеді. Реформа қорытындысында ҚазКСР Жоғарғы Президиумының 1963 жылғы 31 наурыздағы жарлығымен Батыс Қазақстан экономикалық әкімшілік ауданы, орталығы Ақтөбе қаласы болып құрылған-ды. Жаңа әкімшілік ауданға Гурьев, Ақтөбе, Орал облыстарының өндіріс пен құрылысын басқару жүктеледі. Ал, 3 мамырда Батыс Қазақстан өлкесі құрылып Гурьев, Ақтөбе, Орал облыстары бағындыралады да, Батыс Қазақстан облысы Орал облысы болып өзгертіледі. Осындай реформалық жағдайда ауыл шаруашылығы маманы, жас, әрі іскер елге танылған азамат С.Құбашев І хатшы лауазымына дөп келеді.

Ауыл шаруашылығына – айрықша назар

Оның ұйымдастырумен 1963 жылы 28 қыркүйектегі ІХ пленумда облыстағы колхоздар мен совхоздардың алдағы қысқа дайындығы сараланады. Пленумда облыс бойынша қысқы азықтың 61,8%-ы ғана дайындалғаны анықталып, бар мүмкіндік оны түзетуге жұмылдырылады. Бұл мәселе «Казахстанская правда» газетіне 19 қыркүйекте «Скрупучий воз» атауымен жарық көріп, елдің назарын аударған-ды. Мақалада Махамбет өндірістік басқармасындағы Бақсай, Аманкелді, «Путь Ильича», «Правда», Теңіз өндірістік басқармасындағы «Киров» совхоздарындағы дайындық қатаң сынға алынады. Мұны ескерген облыс тез арада мал азығын дайындап, тасуға облыстық автотрестен Теңіз ауданына 60, Қызылқоға ауданына 100, Маңғыстау ауданына 60, Махамбет ауданына 60 автокөлік бөледі.

1963 жылы 1 қарашада 4 ауданның қысқа дайындығы қайта тексеріледі. Ол бойынша Қызылқоға ауданындағы «Жанкелдин», «Комсомол», «Ленин», «Қызыл ту» совхоздарының дайындығы 80-90% делініп, мал қыстақтарының аяқталмағаны анықталады, ал, мал азығын қосымша «Гурьев», «Коммунизм таңы» совхоздарынан сатып алуға рұқсат беріледі. Ал, Теңіз ауданындағы жағдай да мәз болмады. Өйткені «Балқұдық», «Сүйіндік», «Киров», «Забурын» совхоздарында мал азығы 53-67% қамтамасыз етілген. Тіпті аталған совхоздардың алыс бөлімшелерінде дайындық 30-40% екені анықталады. Мал басын аман сақтау үшін облыс басшылығы 1964 жылы 1 қаңтарда 700 ірі қараны, 11500 қойды, 1700 жылқыны етке тапсыруға мәжбүр болады.

С.Құбашев КСРО үкіметінің 1963 жылғы 20 тамыздағы, Қазақстан үкіметінің 28 тамыздағы мемлекеттік астық ресурстарын үнемдеу туралы қаулысын орындауды іс жүзіне асыруға күш салады. Қаулы бойынша жер-жерде астық ресурстарын пайдалануды реттеу, халыққа нан пісіруде және сатуда арнайы лимитті сақтау және үнем мәселелері қатаң талап етіледі.

 Сенім жүгі

1963 жылғы 19 қарашада жаңа құрылған Гурьев ауыл шаруашылығы обкомының І ұйымдастыру пленумы өтеді. Пленум І хатшы және обкомның өзге хатшыларын қайта сайлауды ұйымдастырады. Қорытындысында І хатшылыққа С.Құбашев, ІІ хатшылыққа Т.Ишмаков, хатшы, әрі идеология бөлімінің меңгерушілігіне С.Өжкенов ұсынылады. Сол күні өткен ХІV партия конференциясына қатысқан 398 делегаттың 397-і С.Құбашевты қолдап, тағы да үлкен сенім білдіреді.

Мұндай жағдайда С.Құбашев алдымен осындай күрделі реформаны іс жүзіне асыратын маман кадрларды мұқият саралайды. Бұл кезеңде облыстағы 31 совхоз директорының 26-ы, 13 колхоз төрағасының 10-ы ауыл шаруашылығының маманы, әрі жоғары, орта білімді болатын. Колхоз, совхоздарда 752 ауыл шаруашылығы маманы еңбек ететін. Осынша маманның 22-і жоғары оқу орындары жанындағы білімін жетілдіру курстарынан өтеді. Дегенмен С.Құбашев: «1962-1963 жылдары 6 совхоз директоры, 5 колхоз төрағасы ауыстырылды. Солардың 3-і қызметіне лайықты емес деп табылды. 1962 жылы 17 бас маман, 32 фермалар меңгерушілері мен басқарушылары, 1963 жылы 23 бас маман басқа қызметтерге ауысқан.

І хатшы алғаш рет облыстағы ауыл шаруашылығы ғылымына назар аударады. 1963 жылы облыста станция қызметкері Қыйсықбаев ауыл шаруашылығының кандидаты ғылыми дәрежесіне арналған диссертациясын сәтті қорғайды. 1963 жылы 19 қарашада өткен ХІV конференцияда С.Құбашев аталған станциялардың колхоз-совхоздармен байланысының нашарлығына, оларға ғылым жаңалықтарының енгізілмеуіне, ғылыми мамандардың шаруашылықтарда болмайтынына айрықша көңіл бөледі. 1963 жылы 23 қарашада облыстағы шаруашылық жағдайы қаралып, Жылқоса совхоз-колхоз өндірістік басқармасын құру қажеттігі көтеріледі. Басқармаға Қызылқоғадан 3 совхоз, Маңғыстаудан 2 колхозды беру туралы ұсыныс Қазақстан КП Батыс Қазақстан өлкелік комитетіне жолданады.

Сын сағатта

Облыс үшін 1963-1964 жылдың қысы оңай соқпады. Махамбет, Қызылқоға аудандарындағы Аманкелді совхозындағы 5 000, «Правда» совхозы, «Қозыауыл» мекеніндегі қыстақтағы 4 500 бас қойға мал азығы жеткізілмей қалады. Ал, Жамбыл совхозының 35 қыстағында мал азығы таусылып, су жетіспейді. Тексеру анықтағандай, бір ғана «Правда» совхозындағы Құлғалиев Сәлім басқаратын шаруашылықтағы 200 ірі қара 6 күн бойына су ішпеген. Мұндай жағдайда С.Құбашев уақыт созбай аудандарға қажетті трактор, бульдозер мен автомашиналар шығарып, Қызылқоға басқармасына 2500, Махамбет басқармасына 1500, Теңіз басқармасына 500 тонна шөп бөлгізеді.

Дегенмен, аталған совхоздар мәселесі 1964 жылғы 7 наурыздағы бюрода қайта қаралады. Бюро «Аманкелді совхозы директоры (Ғұмаров), «Правда» совхозы директоры (Айтимов) мемлекетке қарсы іс әрекет жасады. Ол дайындалған мал азығын қосып жазудан көрінеді, қорытындысында мал қырғынына жағдай жасалды» деген шешім шығарады. Соған қарамастан, шаруашылықтағы озат еңбеккерлерді көтермелеуге де жағдай жасалады.

Дегенмен, облыстың мал шаруашылығы саласы қыстан зардап шекті. С.Құбашев: «Колхоз-совхоздар малмен бұрынғысынша шұғылданып, қолайлы табиғат жағдайына сенеді, артық азық дайындамайды, мал қыстақтарын тұрғызбайды. 1964 жылдың алғашқы 5 айында облыстағы ірі қараның 5,5%, қойдың 8,5% жоғалттық. Осы уақытта амалсыздан 3515 ірі қараны, 73,5 мың қойды етке тапсыруға мәжбүр болдық» деп мойындайды. Осы кезеңде мал шаруашылығына жастарды кеңірек тарту қолға алына бастады. Қажетті ұсыныс Мұқыр мектебінің түлектері атынан жасалып, мектеп бітірушілер қой шаруашылығына шақырылады.

І хатшы облыстың мәдениет саласына да айрықша көңіл бөледі. 1963 жылы 27 желтоқсанда Қазақ КСР мәдениет министрлігі ұсынысымен Теңіз халық театры Москвадағы Кремль театры сахнасында өнер көрсететін болып, шешім қабылданады.

1964 жылы қарашада КОКП пленумымен елде жаңа реформалар басталады. Ол бойынша Қазақстандағы облыстық өндірістік, ауыл шаруашылық, өлкелік партиялық ұйымдар біріктіріледі. Пленум шешімін іс жүзіне асыру мақсатында 1964 жылы 28 желтоқсанда Қазақстан КП Гурьев облысы партия комитетінің бірінші ұйымдастыру пленумы шақырылады. Жиында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы С.Бейсебаев ұсынысымен І хатшылыққа мұнайшы М.Исенов сайланады. Облысты өндірістік бағытта дамытуда алға шығарған С.Құбашев Гурьев облысы Атқару комитетінің төрағалығына бекітіледі.

Кейін ол 1966-1975 жылдары – Ақтөбе облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1975-1979 жылдары – Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, 1979-1988 жылдары – Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақстан КП Семей облыстық комитетінің бірінші хатшысы және Қазақстан КП орталық комитетінің екінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарып, ел құрметіне бөленеді.

1988 жылдан КСРО дәрежесіндегі дербес зейнеткер, «Ленин», «Октябрь революциясы», төрт мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. 2016 жылы 19 сәуірде өмірден өтті.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button