«Реформа жасау оңай, жүзеге асыру қиын»
Сәті түскен сұхбат
Ережеп МӘМБЕТҚАЗИЕВ,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:
Егемендіктің алғашқы жылдарында еліміздің білім беру саласы қандай қиындықтардан өтті? Салада жыл сайын орын алатын реформалар бізге не береді? Үш тұғырлы тіл саясаты, Ұлттық бірың-ғай тестілеу жүйесінің тиімділігі неде? Қазір білім беру саласы төңірегінде қоғамда кеңінен талқыланып жатқан осы және де басқа да мәселелер туралы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Білім және ғылым министрі (1993 — 1995 жылдары осы қызметті атқарған — ред.), Қазақстан-Американдық еркін университеттің президенті, ҚР Ұлттық ғылым академиясының, бірнеше халықаралық академиялардың академигі, әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының құрметті профессоры және докторы, Германиядағы халықаралық ақпараттандыру академиясы штаб-пәтерінің вице-президенті, химия ғылымдарының докторы, «Парасат» орденінің, «ҚР білім мен ғылымының дамуына қосқан ерен үлесі үшін» төсбелгісінің иегері Ережеп Әлхайыр-ұлы МӘМБЕТҚАЗИЕВ өз ойын білдірді.
— Ережеп Әлхайырұлы, әңгімемізді Атырауға сапарыңыздан бастасақ…
— Мен министрлікке келген жылдары Елбасының тапсырмасына сәйкес бес облыс орталығында — Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Талды-қорған, Атырауда өңірлік университеттер ашылды. Сол қалыптасудың қиын кезеңінде Хисмет Табылдиевті Атыраудағы университеттің ректоры етіп сайладық. Бұған екі себеп болды, біріншісі — Хисмет Бозанұлы ұзақ жылдар бойы проректор қызметін атқарса, екіншісі — осы өңірдің азаматы.
Хисмет Бозанұлы қарапайым мұғалімнен бастап ректор қызметіне дейін көтерілу жолындағы барлық еңбек сатыларынан өткен. Сонымен қатар, тарих ғылымы саласына да көп еңбегі сіңді. Сондықтан, тарих ғылымдарының докторы, «Парасат» орденінің иегері, профессор Хисмет Бозанұлының 80 жылдығына орай Атырауда ұйымдастырылған шараға келуді міндетім деп санадым.
Жалпы, біртуар тұлғаларды дүниеге әкелген Атырау жерінің тарихы бай. Кезінде Исатай мен Махамбет «Еділден айырылсақ, елдігімізден айырыламыз. Жайықтан айырылсақ, жанымыздан айырыламыз» деп ұран тастап, халықты жауға қарсы көтеріліске, елді, жерді қорғауға шақырды. Міне, біздің сан ғасырлар бойғы бірлігіміздің көрінісі әлі күшін жойған жоқ. Ендігі басты мақсатымыз – дамыған елдер қатарына қосылу. Ол үшін жастарға білім мен ғылым арқылы тәрбие беру керек.
— Сіз Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қалыптасу жылдарында білім беру және ғылым саласын басқардыңыз. Сол қиын да күрделі кезеңде күрмеулі мәселелер қалай шешілді?
— Иә, талай қиындық келтірген сәттер бастан өтті. Тіпті, мұғалімге жалақы, студентке шәкіртақы төлей алмаған кездер болды. Сол кезде Елбасының да, министрдің де, жергілікті атқарушы биліктің де жұмысы аса ауыр болатын. Дегенмен, білім саласы ешқашан мемлекет, Елбасы қамқорлығынан тыс қалып көрген емес. Ал, қазір білім беру жаңа жүйеге көшіп жатыр. Әлі де жетпей жатқан тұстар жетерлік.
Тәуелсіздік жылдарында білім мен ғылым саласында он бес министр ауысқан екен. Әркім өзінің жаңалығын жасап, оны оқу бағдарламасына бірден енгізіп жатады. Біріншіден, жасалып жатқан реформаларға жүйелілік керек сияқты. Бұл лауазымға келген адамдар міндетті түрде өз ісінің кәсіби білгірі болуы керек. Бүкіл елдің ұрпағын тәрбиелеп, елге білім беру жауапкершілігін мойнына алып отырғандықтан, жаңа бастамаларды қолға алмас бұрын, оның жүзеге асыру механизмдерін бүге-шігесіне дейін алдын ала ойластырып алу қажет.
— Реформа демекші, екі-үш жыл сайын жаңадан келген әр министр салаға өз жаңалығын алып келетіні жасырын емес. Соның бірі – үш тілділік. Бас мұғалім болып тұрған жылдарыңызда, негізінен, осы жүйені енгізудегі бастамашы да болған едіңіз.
— Қазақтың мәдениетін, байлығын, әдебиетін, ғылымын әлемге таныту үшін қазақ тілі мен орыс тілін ғана емес, ағылшын тілін де білу қажет.
Бірақ, қазіргі жүйе мен бұ-рынғы әдістеменің айырмашылығы көп. Мәселен, қазір ағылшын тілін балабақшадан бастап үйретіп жатыр. Мұндай қадамға, шешімге мен қарсы емеспін. Бірақ, бұл үшін балалардың бәрі «вундеркинд» болуы керек.
Жуырда Сингапурда болып қайттым. Мұнда төрт ұлттық тіл бар. Өйткені, бұл елде өз ұлтымен қоса, ағылшындар, қытайлар, үнділер мекен етеді. Ал, біздегі орыстар Ресейге неліктен кері кетіп жатыр? Мұның бір ғана себебі – біз әлі оларға қазақ тілін тиісті деңгейде оқыта алмай жатырмыз. Сондықтан, үш тілді бірден оқыту үшін реформаны жан-жақты қарастырып, зерттеу керек. Себебі, асығыс шешім елдігімізден, ана тілімізден айырылудың үлкен қаупін туғызады. Меніңше, ең алдымен, бала ана тілімізде сусындауы керек. Қалған тілдерді біртіндеп үйретсе, жеткілікті.
Бір мысал айтайын. Шетелде тілді үйрету үшін сөзді оқытып, жаттатып, білген сөзді айтуды үйретеді. Сенің міндетің – білген сөзді айту. Ал, екінші адам сені түсінбесе, ол – өзінің шаруасы. Ал, бізде ше? Сөзді оқыту ғана емес, оның жалғауын дұрыс қою, сөз тіркесін табу, буынға бөліп жеткізу және тағы басқа әдістерді қосып үйретеді. Оның бәрін ойлап отырғанда, жаттап алған сөзді де ұмытып қаласың. Сондықтан, бізде тезірек үйрету әдістемесі жетпей жатыр.
Әр жаңашылдықтың да оңы мен солы бар. Соның бір мысалы ғана – тестілеу.
— Тестілеу жүйесі де қоғамда жыл сайын талқыланып жатыр ғой.
— Оқушының, студенттің білімін жан-жақты әділ саралау үшін тестілеуден асқан әдістеме жоқ. Өйткені, әр мұғалімнің, директордың, ректордың өзінің «ерекше» шәкірті болатыны анық. Ал, тестілеу арқылы әр бала біліміне лайықты бағасын алады. Бұл – әділ жүйе.
— Жақында «Ректор айтар ақиқат» атты кітабыңыз шығыпты.
— Иә, Алматыда тұсаукесер рәсімі өтті. Енді астаналықтар бұл шараны ұйымдастырып жатыр.
Жоғары оқу орындары басшылары мен мұғалімдер бұл кітапта сырын бүгіп жатқан көптеген шындықтардың басы ашылғанын айтып, өз ұсыныстарын берді. Енді кітаптың екінші басылымын шығару үшін жұмыстанып жатырмын.
Мен өзімнің бұл кітабымда 33 жыл ректорлық қызметімде жинаған тәжірибелерімді пайдалана отырып, білім саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешу жолдарын іздестіруге тырыстым. Әріптестерімді ашық әңгімеге шақырғым келеді. Қазір жастар үшін заман талаптарына сай болу оңай емес. Жаңа ғасыр әлемді өзгертті. Қазіргі жас мамандарға жоғары білімді ғана емес, сонымен қатар, бәсекеге қабілетті, ұшқыр бола білу жауапкершілігі жүктелуде. Әйтпесе, табысты болу мүмкін емес.
Біз жас ұрпақтың алдында қарыздармыз. Оларды біз ойламасақ, кім ойлайды? Талқылайтын мәселелер жеткілікті. Оған әлеуетіміз де, тәжірибеміз де жетеді.
Қазір елімізде жеке жоғары оқу орындары дамып жатыр. Бірақ, есесіне студенттерге деген талап азая түсуде. Оқу орындары мен өндіріс арасындағы байланыс әлі де өз деңгейінде емес. Нарықтың талаптары ескеріле бермейді.
Қазір жоғары оқу орындарында қағазбастылық тым көбейіп кеткен. Ал, бұл оқытушылардың ойын бөледі, уақытын алады, оқыту сапасын арттыруға, ғылыммен айналысуға мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ, профессорлық-оқытушылық құрамның еңбекақысы да жеткілікті деңгейде емес. Сол себепті де, бұл салада жоғары білікті ғылыми педагогикалық кадрлар жетіспей жатыр. Осындай себептердің салдарынан оқытушылар бір университеттен екінші университетке барып, қосымша жұмыс атқаруға мәжбүр болуда. Ал, бұл білім сапасына орасан зор нұқсан келтіреді. Сонымен қатар, қазір елімізде профессор-оқытушылық құрамның жұмыс уақыты жылына 800-900 сағатты құрайды. Бұл – өте ауыр салмақ. Шет елдерде бұдан үш есе аз. Кітапта, міне, осындай мәселелерге жауап іздедім.
— Осыдан 22 жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен және американдық тараптың қолдауымен елімізде ең алғашқы халықаралық серіктестікке негізделген Қазақстан — Американдық еркін университетін ашып, негізін қалаушы болдыңыз. Қазіргі таңда оқу орнының білім беру стратегиясы қандай?
— Университетте шетелдік оқытушылар (АҚШ, Канада, Еуропа) ағылшын тілінде оқыту процесіне қатысады, ал, студенттер АҚШ-та тәжірибе жинақтайды. Басты бір ерекшелік – түлектерге қазақстандық және американдық екі диплом беріледі. Сонымен қатар, ағылшын тілі мен компьютерлік технологияларды жетік меңгерген студентерге сертификат табысталады.
Жиырма жылдан астам тарихында университет қабырғасынан он мыңнан аса маман түлеп ұшты. Түлектердің жоғары әлеуеті – ҚР Президенті әкімшілі-гінде, Үкіметте, министрліктерде, ірі компанияларда, шетелдерде жұмыс істейді.
Жеті жүздей студент АҚШ-тың Портланд, Сиетл, Чикаго, Эдвенсвиль, Остин, Вашингтон, Хартфорд қалалары мен штаттарында халықаралық тәжірибе мен бағдарламарына қатысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, 460 шетелдік әріптестер университетке келіп, білім беру жүйесіне қатысты. Қазіргі таңда университет АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Ресей, Украина және Арменияның 37 университетімен келісім орнатты.
Түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші бойынша Қазақстан-Американдық еркін университеті елімізде төртінші орын алады. Алға қарай да жоспар-мақсатымыз көп.
Жалпы, біртуар тұлғаларды дүниеге әкелген Атырау жерінің тарихы бай. Кезінде Исатай мен Махамбет «Еділден айырылсақ, елдігімізден айырыламыз. Жайықтан айырылсақ, жанымыздан айырыламыз» деп ұран тастап, халықты жауға қарсы көтеріліске, елді, жерді қорғауға шақырды. Міне, біздің сан ғасырлар бойғы бірлігіміздің көрінісі әлі күшін жойған жоқ. Ендігі басты мақсатымыз – дамыған елдер қатарына қосылу. Ол үшін жастарға білім мен ғылым арқылы тәрбие беру керек.
Осыдан екі жыл бұрын Ресейдің Астрахан облы-сының Володар ауданы, Калинино ауылындағы мектепке академик Ережеп Мәмбетқазиевтің есімі берілді. Химия ғылымдарының докторы, академик Ережеп Әлхайырұлы – осы мектептің түлегі. Бұл – ауыл тұрғындарының білімді, дарынды жерлесте-ріне деген құрметі.
Айгүл ЕРТІЛЕУ
Өте орынды айтқан, жан-жақты адам екені байқалып тұр. Қиындық қалыптасудың алғашқы жылдарында болды. Қазір не жетпейді? Жыл сайын ауысқан министрлер бір жаңалықпен ерекшеленуі үшін ойларына келгенін шығарады. Әлі оңы мен солын танымаған, әлі қазақ тілін дұрыс меңгермеген, мектеп табалдырығын аттамаған балаға ағылшын тілінің не қажеті бар? Ештеңеге құлықсыз балаларды тәрбиелеуге өзіміз жол ашып отырғанымыз ғой бұл сонда. Бір нәрсе жасау үшін, алдымен, жеті рет өлшеп алу керек.
Үш тілді жүйенің не қажеті бар? Баланың икемі босла, оқысын ағылшын тілін. Қабылдай алмайтын балалар не істейді сонда? Физика, математиканы қазақ тілінде әрең оқып жүрген оқушы бұл пәндер ағылшын тілінде өтсе, қалай меңгерсін.