Жарнама
Қоғам

РАМАЗАН МҮБӘРАК БОЛСЫН!

 

Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын!

Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.

Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасал-ған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті, ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз.

Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…», –деп, оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.

Рамазанның қадірін жақсы түсінген сахабалар оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп дұға еткен. Пенденің осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады.

Ораза – ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», – деген бірауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал, сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.

Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап.

Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай! Әумин!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button