Атыраудың «Мейірімді» оқушылары (+ФОТО)

img 20220315 wa00362 Жаңалықтар

«Волонтерлік – бұл жай ғана əлеуметтік құбылыс емес. Тіпті, бір күнде қалыптасатын əдет немесе дағды деуге де болмайды. Бұл – көптеген адамдардың саналы түрде таңдаған өмір салты. Қайырымдылық – адамның бала кезінен бойға сіңетін қасиет. Сондықтан, өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға тəрбиелеу – өте маңызды міндет» деген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі негізінде жастар арасында волонтерлік ұйымдар құрылып, қоғамға белсенді араласып жүргені – құптарлық.

Соның бірі – жалпы орта білім беретін №40 орта мектептің «Мейірім» волонтерлер клубы. Жетекшісі – белсенді еріктілердің бірі Мейрамгүл Есниязова. Аталған білім ордасы директорының тəрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқаратын Мейрамгүлдің волонтерлік бағыттағы тəжірибесі мол. Қазір клубта жиырмаға жуық волонтер бар. Негізінен 7-9 сынып оқушылары.

– Жас волонтерлерді дайындаудағы басты мақсатымыз – оқушылардың бойында патриоттық сезім қалыптастырып, қайырымдылық, мейірімділік сезімдерін ояту. Уақыт өте келе, бұл оқушылар өсіп, жетіліп, қызметке орналасып, ел тізгінін ұстар шаққа келетіні анық. Сондықтан, жастайынан ізгілікке бағыттағаннан ұтарымыз көп, – деген клуб жетекшісі балалардың ынтасы өте жоғары екенін айрықша атады.

img 20220315 wa0039

Еріктілік міндеттеуді қажет етпейтінін ескерсек, өз еріктерімен таңдау жасаған жастарға риза болдық. Алғашында 1-2 баламен ғана басталған клуб қатары көбейіп келеді.

«Бүгінгі күнге дейін бірқатар жұмыстар атқарылды. Жалпы жұмыс үш бағыт бойынша жүргізіледі. Ең алдымен, кіріспе ретінде лекция сабақтар оқиды. Яғни, еріктілік деген не, олардың пайдасы, бекітілген заңды түсіндіру, волонтерлердің қоғамдағы орны, олардың іс-əрекеттерінің өмірге əсері туралы жалпы мағлұмат беріледі. Ал, екінші кезекте тəжірибе сабақтары. Үшінші жұмыс бағыты волонтерлер арасында достық қатынас, бірлік болуы үшін кинотайм, кітап оқу күні, кітап алмасу акциясы сынды шаралар ұйымдастыру» деді Мейрамгүл Есниязова бізбен əңгімесінде.

Гүлжан ӘМІРОВА

img 20220315 wa0037
img 20220315 wa0034
img 20220315 wa00381
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз