Қызылқоғаны су басу қаупі бар ма? (+ВИДЕО)
Қызылқоға ауданында су тасқынының алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Қызылқоға ауданының Ойыл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты айналма жол бойындағы ең қауіпті учаскедегі Миялы ауылының тұрғын үйлерін қорғау үшін Жергілікті атқарушы органдар, Атырау облысы ТЖД қызметкерлері және жергілікті тұрғындар жер үйіндісін тұрғызу және құм салынған қаптарды төсеу жұмыстарын жүргізуде.
13 сәуірде Атырау қаласынан Миялы ауылына Департамент бастығының орынбасары полковник Асқат Ержанов басшылығымен Атырау облысы Төтенше жағдайлар Департаментінің қосымша күштері мен құралдары жіберілді. Сағат 18.00-ден бастап мотопомпалармен (7 дана) су сору жұмыстары жүргізілуде. 14 сәуір күні сағат 01.00-ден бастап Атырау қаласынан келген ПНС-100, АР-2 техникасы су айдауға орнатылды.
14 сәуірде сағат 09.00-ден бастап Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисенбиев пен Департамент бастығының орынбасары полковник Асқат Ержанов жағдаймен танысу үшін Ойыл өзенінің арнасы бойынша Ақтөбе облысының Қорғау ауылына дейін тексеру жүргізуде. Жағдай бақылауда.
Жұмылдырылған күштер мен құралдар: Жергілікті атқарушы органның 80 адамы (30-ЖАО, 50 жергілікті тұрғындар) және 7 бірлік техника, 6 мотопомпа, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 14 қызметкері және 3 бірлік техника, 1 резеңке моторлы қайық, 1 мотопомпа. Сондай-ақ, Индер ауданынан 15 мотопомпа жеткізіледі.
«Атырау облысы ТЖД Қоғаммен байланыс тобы»