Жарнама
Қоғам

Қызылқоғада грант алған отбасы шаруасын дөңгелетіп отыр

Қызылқоғалық Гүлшат Аралбай ауданында қайтарымсыз грантқа ие болып, кәсібін игеріп отыр, деп хабарлайды Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Г.Аралбай Сағыз ауылының тұрғыны. Ол кәсіп ашуды ойластырғанда, жолдасы Нұрбек Сағыз ауылында жоқ өрнектас өндіру туралы ұсыныс айтып, жоба жасақтайды. Сөйтіп, өткен жылы 2 миллион 160 мың теңге грантқа қол жеткізеді. Отағасы Нұрбек Өрісбаев алған қаржыға цехқа қажетті құрал-жабдықтарды алуға жұмыстанады. Ғаламтордан іздеп, жасақталған жобаға сәйкес пластикалық қалыптар, дайындалған ерітінділерді араластыратын екі бетон араластырғыш, қалыпқа құйылған ерітіндінің ауасын шығаруға арналған екі виброүстел, жерді нығыздап тегістейтін бір виброплита және қалыптар сатып алады. Сөйтіп, кәсібін жандандыра түскен олар тұтынушыларға өрнектастан басқа тұрғын үйлер мен ғимараттарға заманауи полифасад өнімін жасауды қолға алады.

-Әрине, жұмыстың оңайы жоқ екені белгілі. Полифасад өнімін жасаудың да өзіндік қиындығы жетеді. Бетон араластырғышқа құйылған суға тазаланып, жуылған ең ұсақ қиыршық тасты салып араластырады. Оның үстіне қажетті мөлшерде цемент және талшықты фибро қосылады. Әбден араластырған соң ерітіндіні қалыпқа құйғанда арасына арнайы сым темір салынады. Ерітінді құйылған қалыптар ағаш поддондарға салынып, виброүстелге қойылады. Виброүстелді іске қосқанда ол дірілдеп, ерітіндідегі артық ауаларды шығарып, нығыздалып, қатаяды. Әр қалыпқа шамамен 10 келідей ерітінді кетеді. Дайын өнімді арнайы бөлмеге апарып, 24 сағат кептіреді. Міне осындай сатылардан кейін полифасад өнімі дайын болады. Содан соң 40 литр суға 10 литр тұз қышқылы қосылып, қалыптар тазаланып, жуылады. Бүгінде сапалы дайындалатын бұл өнім – қасбетті өңдеу мен әрлеуде таптырмас дүние. Өрнектасты дайындау жүйесі полифасадпен бірдей десе де болады. Онда тек цементпен бірге қиыршық құм қосылады, деді Н.Өрісбаев. 

screenshot 10 13

Гүлшат Аралбайдың айтуынша, олардың дайындаған өнімдері жақсы сұранысқа ие. Ауданнан басқа көршілес аудандардан, тіпті ішінара қаладан да тапсырыстар түседі. Олар бағасына, сапасына қарап, тасымалға кететін шығындарын есептеп тапсырыс береді. Мәселен, Сағыз ауылына жаяу жүргіншілер жолын салып жатқан мердігер мекеме 300 шаршы метр өрнектас алған. Шикізаттың дені ауылдан табылса, негізгі химиялық қоспалары Алматы қаласынан арнайы тапсырыспен алынады екен.

-Алдағы уақытта кәсібімізді кеңейту мақсатында цех салуды жоспарлап отырмыз. Кәсіп кеңейсе, жаңадан жұмыс орны да ашылады. Жалпы ниеттенген жанға жасайтын жұмыс жетеді. Ізденіп, қызығушылық танытқандарға мемлекет тарапынан қолдау көп. Табыстың кілті табанды еңбекте екендігін естен шығармайық, деді кәсіпкер Г.Аралбай.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button