Аңқасы кепкен ауылға су биыл мол келді
Соңғы екі жылда ойыл өзені тасып, Қызылқоға ауданына су басу қаупі төнгені белгілі. Әсіресе, биылғы тасқын жылдағыдан анағұрлым күшті болды. Аудан орталығы Миялы селосынан бастап, ойыл бойын жағалай қоныстанған 7 ауылға қауіп төніп, тас жолдарды бұзуға тура келді. Мамандар келер жылы да Ойыл суы осы деңгейде келеді дегенді қазірден айта бастады. Осыған орай жергілікті билік су ресурстары комитетімен бірлесе отырып, Ойыл өзені бойындағы гидроқондырғыларды жаңғыртуды қолға алды. Соңғы он жыл бойы қуаңшылық жайлаған өңір үшін өр суын тиімді пайдалану – басты міндет. Осыны ескерген аудан тұрғындары қазірден бастап алдағы күннің қамына кірісіп жатыр.
Ел Наурыз мерекесін тойлап жатқанда Қызылқоға ауданының тұрғындары тасқын сумен алысып әбігер болған еді. Наурыздың 22-23 күндері күрт еріген қар суы бірден Миялы селосына қауіп төндіріп, алдыңғы жылы төселген тас жолды жыруға мәжбүр етті. Соның өзінде Тайсойған, Қарабау секілді 7 елді мекен аралда қалып қойды. Қазір қауіп сейілгенімен, ағыс баяулаған жоқ. Ойыл өзенінің Атырау облысына енетін негізгі қақпасы – Ералы су торабы.
Мамандардың пікірінше, 25 сәуірге дейін осы арадан 415 млн. текше метр су ағып өткен. Ағыстың жойқындығы соншалықты, қондырғылардан су өтіп үлгере алмай, Ералы ақ айдынның ортасында қалды. Негізі аталған су торабының аумағында 30 млн. текше метр су сиятын қойма бар. Ол бөгеттермен көмкерілген. Бірақ, кешегі тасқыннан кейін осы бөгеттердің көбі жарамсыз болып қалды. Сондықтан да атқарушы билік су өткізетін гидроқондырғыны жөндеуді және шлюздерді қайта жасақтауды қолға алмақ. Биыл Ойыл өзені арқылы 600 млн. текше метр су келіпті. Соның нәтижесінде, бұрын аңқасы кеуіп қалған 285 шақырымдық ескі арна толды. Ендігі мақсат – осы ылғалды тиімді пайдалану. Қазір көлтабандар мен шабындық тарға су шығау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Онан өзге өзен бойындағы гидроқондырғыларды жөндеуге 551 млн. теңгелік іс-шараның жобалық құжаттамасы дайындалып, су ресурстары комитетіне тапсырылды.
– Енді алдағы айларда қаражат бөлінсе, тиісті жұмыстар басталатын болады. Атап айтқанда, Жаңқабай шлюзін 2 есеге кеңейту, қосымша дамбылар жасау, сонымен қатар қазір пайдаланып отырған Ералы су көпірінің айналасына бетон құйылады. Осы жоба жүзеге асқан жағдайда ауданға келген өр суын тиімді пайдалануға болады,- деді аудан әкімінің орынбасары Ерболат Иғалиев.
Қызылқоға ауданындағы 230-дан астам шаруашылық пен жүздеген шақырымдық шабындық алқаптар Ойыл өзені арқылы суландырылады. Сондықтан көктемде қауіп төндіргенімен ауыл тұрғындары биылғы жылдан мол береке күтіп отыр.
Арыстанбек КЕНЖЕ