Қызылорда облысы әкімі мен мәслихат депутаттары тасқыннан қаза болған құлсарылық әкелі-балалының отбасына көмек көрсетті
Атырау облыстық мәслихатының депутаты Сырымбек Сәрсембаев Құлсары қаласында болған су тасқыны салдарынан қаза болған әкелі-балалы Б.Ермекбаев пен Б.Нұржауұлының отбасына Қызылорда облысының әкімі мен мәслихат депутаттарының жолданған 1 млн. теңге көлемінде қаржылай көмегін табыстады.
Айта кетейік, айтыскер ақын, Қызылорда облысының мәслихат депутаты Мұхтар Ниязов Атырау қаласына Сыр өңірінің гуманитарлық көмегін ала келген еді. Атыраулық әріптесімен кездесу сәтінде қайғылы шаңыраққа Қызылорда облысының әкімі мен мәслихат депутаттары қосқан қаржыны беруді аманаттаған екен.
Еске салсақ, Жылыой ауданы Құлсары қаласын су басу кезінде жоғалған әкелі-балалы Б.Ермекбаев пен Б.Нұржауұлының мәйіті 14 сәуір күні табылды.
Бұл туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының уақытша міндетін атқарушы Қобылан Кенжебеков мәлімдеген болатын.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ