Құндылық бастауы – сапалы білім, саналы тәрбие
Қазіргі ақпараттық даму қарқынды дәуірде өскелең ұрпақтың білім деңгейіне қойылар талап жоғары. Дегенмен, қанша жерден ғылым мен ілімді меңгерсе де, тәрбиесіз берілген білім тиімді болмайды. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарау қажет. Қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру, ұрпақ тәрбиесінде жауапкершілікті арттыру. Осы орайда білім беру басқармасының балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-тәжірибелік орталығының басшысы Ескендір ҚАЛИХАНМЕН тақырып төңірегінде әңгіме өрбіттік.
– Әл-Фараби «Тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы» деп тегін айтпаса керек. Өзіңіз басқаратын орталыққа тәрбие жұмыстарының маңызын арттыру қажеттілігі жүктелген. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Әрине, әлемнің екінші ұстазы саналатын ұлы бабамыз Әл-Фараби айтқан сөздің мағынасы қазір де өзектілігін жойған жоқ. Облыс деңгейіндегі тәрбие жұмыстарының көрсеткіші осы орталықтың ашылуына себепші болды. Орталық қызметінің мәні – тәрбие-спорт, алғашқы әскери-технологиялық дайындық және қосымша білім беру, психологиялық қолдау-зерттеу мен сараптау бойынша әдістемелік жұмысты үйлестіру, қоғаммен байланыс бойынша мемлекеттік саясатты жүргізуге қатысу болып табылады.
Жаңа бастамалар кезеңіне аяқ басқан уақытта ұрпақ тәрбиесіне қатысты алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Барлық шаралар жасөспірімдердің жан-жақты дамуына бағытталуы керек. Біздің білікті мамандар ұлттық мұраға құрметпен қарайтын, салауатты, зияткерлік тұрғыда бәсекеге қабілетті толыққанды және үйлесімді дамыған тұлға тәрбиелеу бағытында қызмет атқарады.
– Білімде бәсекелестікке қабілетті болуға тәрбиелейтін орталықтың жоспарлы жұмыстарына тоқтала кетсеңіз…
– Сұрағыңыз түсінікті. Ол үшін алдымызда отырған ұрпақ «нені оқу керектігін» білуі тиіс. Ал, оны білуі үшін ұрпаққа ең бірінші берілетін тәрбие – оқушыны жеке тұлға ретінде қалыптастыру. Осы бағытта «Ата-ана–ұстаз–қоғам» үштағаны бірлікте, үндестікте жұмыс жасауы қажет. Сапалы білім мен саналы тәрбиенің мәселелерін байыпты шешуде тек ұстаздарға ғана иек арту орынсыз. Ұрпақ тәрбиесінде отбасының, ата-аналардың жауапкершілігі өте маңызды болса керек.
Орталық «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында құзырлы органдармен бірлескен іс-шаралар өткізуде. Бағдарламаның білім беру ұйымдарында іске асырылуына әдістемелік қолдау көрсету, мектеп психологтарымен түрлі зерттеу-мониторинг жүргізу арқылы баланы тану, оған өмірде өз орнын табуына тірек болар кейстерді ұсына отырып, өзекті болып тұрған мәселелердің шешімін табудың кілті болар жобаларды жүзеге асыру қолға алынды.
– Тәлім-тәрбие деңгейін арттыруда қандай жаңашылдықтар бар?
– Әрине, тәрбие беруде «бұрынғы» мен «жаңаның» қарама-қайшылықтары кездеседі. Қазіргі «Альфа» ұрпақты тәрбиелеу ұстаздардан жан-жақтылықты, креативтілікті, өткенді білу арқылы болашақты көрегенділікпен болжай алуды талап етеді. Осы орайда, тәрбиедегі жаңашылдық – бұл ұлттық кодты сақтай отырып, ғарыш заманының құрылғылары арқылы келер ұрпақты тәрбиелеу.
Қазір ұстаздар үшін мүмкіндік көп. Ең бастысы, өзі таңдаған жолды саналы қабылдап, академиялық адалдық тұрғысынан өз қызметін түсіну, ұрпақты да өзіне адал болуға бағыттау, сол жолда барлық мүмкіндіктерді қолдан жібермеу керек.
– Орталық ата-аналармен қаншалықты тығыз байланыста?
– Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру уақыт талабы екені бәрімізге аян. Өйткені, ұлттық кодты сақтай отырып, бойына адами қасиеттерді сіңіре білген, рухани жан-дүниесі бай жас ұрпақты тәрбиелеп шығару маңызды.
Өзіңіз білесіз, былтыр қыркүйекте республиканың барлық білім беру ұйымдарында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары» ашылған болатын. Бүгінде осы орталықтарда «Даналық» мектебінің сабақтары жүргізіледі. Ал, біз аталған орталықтың жұмысына әдістемелік көмек көрсетіп, оның тиімділігіне мониторинг жүргізудеміз.
Бұдан басқа «Тірек» әкелер қауымдастығының жобасы, «Әкелер» академиясының жұмысын жалғастыру және басқа да жобаларды жүзеге асырамыз. Келелі кездесу, түрлі оқыту-тәжірибе алмасу алаңдары арқылы тәрбие дәнін жас буынның бойына сіңіруді көздейміз.
– Уақыт бөліп, сауалымызға жауап бергеніңіз үшін рақмет!
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА