КОРЕЙЛЕРДІҢ «ТӨРТ ҮСТЕЛІ»

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тарих мамандығы студенттері жуырда республикалық олимпиадаға қатысып келді. 23 команда ішінен үшінші орынды еншілеп қайттық. Бізге олимпиаданың үшінші бөлімі ерекше әсер сыйлады.

 

 Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған олимпиаданың кезекті бөлімінде әр топқа бір ұлттың бір өнерін таныстыру жүктелді. «Сарайшық» тобы аталған біздер корей халқын таңдап, олардың ерекше өнерлерінің бірі «таэквондоны» көрсетіп, жүлделі орынға қол жеткіздік.

 Кореяда бірнеше ұрпақтың басын біріктірген үлкен отбасылар басым болған. Корей үйінде отағасының беделі зор саналады. Ол отбасы мүшелеріне қатаң тәртіп береді, ал қалғандары еш сөзге келместен отағасының айтқанын орындайды. Үлкендерге бағыну тәртіп пен адамшылық нормасы болып есептеліп, корей отбасының басты құндылығы саналады. Қазақ халқы секілді корейлер де ата-ананы сыйлауға, бабалар  рухын құрметтеуге, ерлі-зайыптылар адалдығына ерекше маңыз береді.

Қазақстандық корейлер өздерінің тарихи отанынан жырақта өмір сүрсе де, әрбір корей өмірінде үлкен орын алатын «төрт үстел» атына ие салтанатты дәстүрлер жүйесін қатаң орындап отырады. «Төрт үстел» мейрамдары шын мәнісіндегі отбасылық мерекелер: «бірінші» және «екінші» үстелдер – ата-аналардың балалардың алдындағы қасиетті борышы, «үшінші» және «төртінші» үстелдер разы болған балалардың ата-аналар алдындағы парызы болып табылады. «Бірінші үстел» сәбидің өмірге келгеніне бір жыл толу құрметіне арналады.

Ал, «екінші үстелде»  үйлену тойы атап өтіледі. Қазіргі корейліктер де олардың ата-бабалары сияқты некеге тұруға ерекше мән береді. Бұл адамның өміріндегі төрт басты оқиғаның бірі саналып, салтанатты түрде өткізіліп, оған барлық руластарының назары аударылады. Қазақ салтына ұқсас, неке алдында құда түсу рәсімі өтеді. Күйеу жігіт руластарының ішіндегі үлкендері – әкесі, үлкен ағасы, кейбір жағдайда ғана күйеу жігіттің анасы құда түсуге бара алады.

Қалыңдықтың ата-анасының келісімін алғасын екі жақ ченчи – некелестіру рәсімін өткізуге келіседі. Некелесуді толығымен күйеу жігіт қаржыландырады. Бірақ, іс-шара қалыңдықтың үйінде өтеді. Ченчи рәсіміне күйеу жігіт пен қалыңдықтың жақын туыстары мен достары шақырылады. Қалыңдықтың туыстарына ерлі-зайыптылар арасындағы адалдықтың белгісі ретінде – қаз, күріштің желімді сортынан жасалған ерекше нан – чалпыпэги, сонымен қатар, ақ күріш шелпектер – тимпени ұсыну міндетті болып есептеледі.

«Үшінші үстел» – алпыс жасқа толу мерейтойына арналады. Бұл мерейтой отбасындағы балалардың барлығы ержетіп, шаңырақ құрғаннан кейін ғана тойланады. Егер ондай болмаса, мерейтой кейінге қалдырылып, бес-алты жылдан кейін ғана тойланады. 

«Төртінші үстел» өмірден өткен адамды еске алу шарасы саналады. Егер әртүрлі жағдайларға байланысты осы аталған үстелдердің біреуі өтпесе, келесілерін өткізуге қатаң тыйым салынады. Мысалы, сәби бір жасқа толмай қайтыс болып, «бірінші үстел» өткізілмесе, ол сәбиді еске алмайтын болған. Тіпті, оның қабіріне бару да міндетті деп саналмаған. Егер қыз немесе жігіт отбасын құрмаса, олар 60 жасқа келгенде де «үшінші үстел» өткізілмейтін болған. Және де олар қайтыс болған жағдайда да қайғыру шаралары – «төртінші үстел» өткізілмейді екен.

Айта кеткен жөн, «төрт үстел» салты корей отбасы бірлігінің, ынтымақтың, достықтың бұзылмай сақталуына игі ықпал етеді. Әлемдегі ежелгі бай өркениет иелерінің бірі – корейлердің салт-дәстүрлерінен, ұлттық педагогикасынан алатын тәлім-тәрбие мен тағылым өте көп.

Қазіргі уақытта Қазақстанды «Отаным» деп санайтын корей ұлты өкілдерінің отбасылары  тату-тәтті өмір сүруде. Олар өз салттарын жаңғыртумен қатар, еліміздің көркеюіне де өз үлестерін қосуда.

Құралай САТЫМОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау мемлекеттік

университетінің 2-курс студенті.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз