Құлсарыда 5320 ерікті жұмыс істеуде
Алдын ала шығарылған есептеулер бойынша Құлсары қаласында тасқын судың астында қалған үйлердің саны 2 680-ді құрайды. Бұдан бөлек, өр суы 5 бизнес нысанның ауласын басқан.
Жылыой ауданы әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Ақмоншақ Әбілхасованың айтуынша, табиғи апатты ауыздықтауға облыстағы төтенше жағдайлар құрылымдары мен жергілікті атқарушы органдардан бөлінген арнаулы техника, көліктер мен қол күшінен бөлек, барлығы 5 320 ерікті тартылған. Осының өзінен-ақ, волонтерлердің басым бөлігін құрайтын жастардың жоғары белсенділігін аңғаруға болады. Еліміздің өзге өңірлерінен жеткен көмек көлемі де аз емес.
-Атап айтқанда, тасқын судан қорғану бөгеттерін салу мен жағалауды бекемдеу жұмыстарында маңызды рөл атқаратын арнаулы техникалар мен қуатты да жүрдек көліктер республиканың бірнеше аймағынан – оңтүстік астанамыз – Алматы қаласынан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарынан келіп, құрылысшылар мен құтқарушыларға қол ұшын беруде. Сырттан тартылған күштердің бір бөлігін әскери қызметшілер мен волонтерлер құрайды. Тұрғын жайлары топан судың астында қалған және әлі де қауіпті учаскелерде тұрған құлсарылықтарды қауіпсіз аймақтарға көшіру – эвакуациялау жұмыстары бүгінде одан әрі жалғасуда, — дейді әкімдіктің ресми өкілі.
Дәулетқали АРУЕВ,
Жылыой ауданы