Қосымша қуат көздері көбейеді

quat kozi Қоғам

«2030 жылға қарай газ өндіру көлемін 1,5 есеге – 21-ден 33 миллиард киловатт сағатқа дейін арттыруды тапсырамын. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің кемінде төрттен бір бөлігі газға тиесілі болуы керек. Менің тапсырмама сәйкес сол уақытқа қарай жаңартылатын қуат көздерінің көлемі 15 пайызды құрауы тиіс. Осылайша, осы он жылдықтың соңына қарай еліміздегі электр қуатының жартысына жуығы мейлінше экологиялық таза энергия көздерінен өндірілетін болады».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  газ саласын дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінен.

2028 жылға қарай еліміздің батысындағы үш облыстың электр қуатына деген қажеттілігі толықтай шешімін таппақ. Ол туралы Атырау облысындағы энергетика нысандарын аралаған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетсек, 3 шілдеде Атырау облысы түгелге жуық жарықсыз қалған еді. Содан бері Үкімет тарапынан пәрменді іс-шаралар жедел қолға алына бастады. Облыс үшін өзекті мәселелрдің бірі – электр жарығымен тұтынушыны жергілікті қуат көзі арқылы қамтамасыз ету. Ал, облыстағы негізгі тасымалдаушы – «Атырау Жарық» акционерлік қоғамы. Атырау облысы бойынша 15 мың шақырымнан астам электр желісі болса, оның 9400 шақырымы – осы компанияның теңгерімінде.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі пайдаланып жүрген желінің 40 пайыздан астамы тозығы жеткен. Ескі дүниені қанша жамап-жасқағанмен, ұзаққа шыдамасы белгілі. Осыған орай «Атырау Жарық» акционерлердің ұйғарымымен ұзақ мерзімді жаңғырту жобасын қолға алған болатын. Биыл инвестициялық бағдарламалар аясында жөндеу жұмыстарына 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Нәтижесінде 2023 жылға сол әуе желілерінің 819 шақырымын жөнделмек. Қазір оның 400 шақырымы дайын. Алайда, мұнайлы өңір үшін электр тапшылығын жою мен оқыс жағдайдан қорғанудың кешенді жобасы керек-ақ. Сондықтан, біз энергетика саласының кәсіби маманы, Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғановпен арнайы сұхбатты оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Тілші: Парламент депутаттары облыстағы энергия саласына қатысты нысандарды аралап шықты. Оның үстіне Атыраудағы жағдай өзіңізге жақсы таныс. Алға қарай апатты жағдайдың алдын алу үшін атқарылатын шаралар туралы да ой бөлістіңіздер. Бұл басқосуларда көтерілген мәселелер жөнінде атыраулық оқырманды хабардар етсеңіз…

– Электр энергиясының тапшылығын болдырмау үшін KEGOC компаниясы екі жобаны жүзеге асырғалы отыр. Оның бірі қазан айында іске қосылады. Жоба бойынша батыс электр желілеріне берілетін қуат көзін 100 Мвт-тан 500 Мвт-қа дейін арттыру көзделген. Ал, екінші жоба 2028 жылға дейін іске асады. Ол Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы электр желілерін «Қазақстанның біріккен электр кернеуіне» қосуды көздейді. Сондай-ақ Ақтөбе облысындағы 500 киловольт кернеулі қосалқы станция бар.

Егер Қарабатанға дейін электр желісін тартып, ортақ жүйеге келтірсе, тек Атырау облысын емес, ортақ жүйе құрып, солтүстік өңірдегі қуат көздеріне қосып басқаруға мүмкіндік бар. Жоба толық аяқталғанда, бүгінгі таңдағы электр энергиясына қатысты күрделі мәселе толық шешімін тапқалы тұр. Яғни, қуат көзі тұрақтанып, қосымша резервтер пайда болады.

Тілші: Атырау облысында электр қуатының тапшылығы кешелі-бүгін туындаған проблема емес. Соңғы жылдары жиі қайталанатын әдетке айналды. Жағдайдың шиеленісуіне не себеп деп ойлайсыз?

quat kozi2

– Атырау жылу-электр орталығында белгіленген электр қуатының ұлғаюына және «KUS» ГТЭС нысанының пайдалануға берілуіне байланысты соңғы жылдары Атырау облысында электр қуатының тапшылығы айтарлықтай азайды. Облыста электр станцияларының жабдықтарын күрделі және ағымдағы жөндеу кезінде қарқынды өсіп келе жатқан тұтынушылық қуаттарды қанағаттандыруды қамтамасыз ету үшін маневрлік (ең жоғары) қуаттар жетіспейді. Сондай-ақ жазғы уақытта тұтынушылардың салқындату қондырғылары жүктемелерінің күрт артуына байланысты тәуліктік кестенің ең жоғары сағаттарында жеткіліксіз болады.

Тұтынушыларды электрмен жабдықтаудағы үзіліс негізінен релелік қорғаныс пен автоматиканың жұмысына байланысты, соның кесірінен кез-келген жабдықтың технологиялық бұзылуы орын алатын электр желісінің сол немесе басқа учаскесін ток көзінен өшіреді. Сондықтан, технологиялық бұзушылық орын алған бұл аумақтағы тұтынушылар жалпыға ортақ желіден ажыратылып, кернеусіз қалады. Бұл талап технологиялық іркіліс өршіп, басқа тұтынушыларға одан да үлкен қауіп туғызбауы үшін орындалады.

Технологиялық бұзушылықтардың себептері әртүрлі. Атап айтсақ:

– Батыс аймақта электр қуатының тапшылығы асып кеткен кезде жүктемені автоматты ажырату жүйесі (САОН) жұмыс істейді және бірқатар тұтынушыларды ток көзінен ажыратады;

–  жеке және заңды тұлғалардың жалпы пайдаланудағы 6/10 кВ желілерінде Қазақстан Республикасының Техникалық пайдалану қағидаларына сәйкес техникалық қызмет көрсетудің жүргізілмеуі, яғни электр қондырғысының белгілі бір бөлігіндегі зақымдануы бүкіл 6/10 кВ желісінің ажыратылуына әкеліп соғады, соның салдарынан басқа тұтынушылар кернеусіз қалады;

– 10/6/0,4 кВ кабельдік желілерін төсеу барысында технологиясы бұзылғандықтан, олардың мерзімінен бұрын тозуына әкеледі.

Тілші: Кешегі апаттық жағдай кезінде мұнай өнеркәсібі үлкен зардап шекті. Бір ғана «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты 33 кен орнының 16-ы үш күн бойы электр энергиясын ала алмай қалды. Мұнай өңдеу зауытында жағдай одан да күрделі. Проблеманы шешудің жолдары бар ма?

– Биылғы 3 шілдеде 17 сағат 24 минутта Маңғыстау облысындағы атом-энергетикалық комбинатының 140 МВт жүктемесі бар №1 энергоблогында апат болып, қызметін тоқтатуы салдарынан Атырау облысы электр торабындағы қуаттың тапшылығына байланысты ірі мұнай тұтынушылары ток көзінен ажырап, оқшауланған жұмыс бөліктеріне бөлінді. ТШО, NCOC, Қашаған, Атырау ЖЭО компанияларының электр станцияларында қуат жартылай үзілді. Сондай-ақ «AМӨЗ» ЖШС-ін электр қуатымен қамтамасыз ететін «KUS» ЖШС-нің электр станциясы толық тоқтап қалды. Оған қоса, Атырау мұнай өңдеу зауыты, КТК-К, Атырау қаласының жартысы мен облыс аудандарындағы тұтынушылар ажыратылды.

Осыған байланысты, «KUS» ЖШС-нің электр станциясы желіге қосылғанға дейін Батыс өңірінің энергетикалық жүйесінде келеңсіз зардаптарды болдырмау мақсатында «KEGOC» АҚ Жүйелік операторының пәрменімен «Атырау Жарық» АҚ-ның электр желілеріне қосылған «Ембімұнайгаз» АҚ, басқа да ірі нысандарда электрмен жабдықтау жұмысына шектеулер қойылды. Бұл шаралар жергілікті атқарушы орган тарапынан бекітілген «Қуаттылық жетіспеген жағдайда заңды тұлғаларға шектеулер енгізу кестесіне» сәйкес орындалды.

Тілші: Бүгінде облысты электр қуатымен қамтамасыз етуді әртараптандыру туралы жиі айтылып жүр. Баламалы қуат көзін алу жөнінде не айтасыз?

–  Бүгінгі таңда облыс бойынша Исатай ауданында жалпы қуаты 52,8 МВт «Манаш» жел электр станциясы жұмыс істейді. Мақат ауданында жалпы қуаты 50 МВт болатын «Доссор» жел электр станциясы салынып жатыр.

Біз келешекте желден энергия өндіруге аса назар аударуымыз керек. Біріншіден, ол экологиялық тұрғыдан таза. Екіншіден, жылдың 9 айында толассыз жел соғып тұратын біздің өңір үшін – таусылмас қуат көзі.

Тілші: Құрманғазы ауданының Азғыр өңірі электр қуатын Ресей Федерациясынан алып отыр. Аудан орталығы – Құрманғазы ауылынан Асан елді мекеніне дейін электр желісін тарту жобасы төрт жылдан бері жүзеге аспай келеді. Не себеп?

– Қазір Құрманғазы ауданына қарасты Сүйіндік, Жалғызапан, Егінқұдық, Батырбек, Балқұдық, Азғыр, Қоңыртерек ауылдарының тұрғындары ПС-110 кВ «Жоғарғы Басқұншак» қосалқы станциясы арқылы Ресей Федерациясының бір 110 кВ кернеулі Л-757 әуе желісі арқылы қуатпен жабдықталып келеді.

2018 жылы Азғыр аймағының елді мекендерін электрмен жабдықтауға, сондай-ақ сол өңірді «Атырау Жарық» АҚ-ның желісіне қосу мақсатында Атырау облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы «Ганюшкино-Асан» ВЛ-110 кВ жоғары кернеулі әуе желілерінің құрылысы» жобасын әзірлеген болатын. Бүгінде «Мемсараптама» РМК-нда туындаған мәселелерге байланысты ұсынылған жобаны жүзеге асыру туралы шешім қабылданбай отыр.

Тілші: Облыста негізгі энергия қуатын өндіретін, оны тарататын «Атырау Жарық» АҚ-ына қарасты компаниялар. Олар осы уақытқа дейін мұнай компанияларының есебінен Азғыр өңірінің тұтынған шығынын жауып келді. Өйткені, Ресей бізге 1 кВт/сағат қуатты 29 теңгеден сатады. Қазір «Атырау Жарықта» ондай мүмкіндік жоқ. Себебі, ЕМГ, КТК, АМӨЗ секілді ірі өндіруші, өңдеуші және тасымалдаушы мұнай компаниялары басқа қуат көзіне қосылды. Енді азғырлықтардың жағдайы қалай болмақ?

– Азғыр өңірін электр энергиясымен жабдықтау жұмыстарын толығымен Ресейдің «РАО ЕЭС» компаниясы жауапкершілігіне алған. Өйткені, Атырау өңірінің энергия өндіруші мекемелерінің қуат беру мүмкіндігі жоқ. Ал, «Қоғамдық маңызы бар нарықтардағы баға белгілеу ережелеріне» сәйкес, ресейлік электр энергиясын сатып алу құны «Атырау ЭнергоСату» ЖШС-нің орташа босату тарифіне енгізілген.

Демек Азғыр аймағының халқын электр энергиясымен жабдықтау бұдан әрі қарай да Атырау облысының қалған бөлігіндегідей тұрғындар үшін бірдей бағамен, яғни ҚҚС қоспағандағы 6,28 теңгемен жүзеге асырылады. Оған қоса, бұл қызмет «Атырау ЭнергоСату» ЖШС-нің энергияны көп қажет ететін мұнай компанияларымен арадағы шарттарының болу-болмауына қарамастан көрсетіледі.

Тілші: Дүйсенбай Нұрбайұлы, облыстағы күрделі проблемасына уақыт бөліп, тұрақты шұғылданып жүргеніңіз үшін жұртшылық атынан ризашылығымызды білдіре отырып, шынайы әңгімеңізге алғысымызды айтамыз.

– Рахмет! Негізгі мамандығым – энергетик болғандықтан емес, осы топырақтың перзенті ретінде бұл жұмыстар мені бұрыннан да толғандыратын. Сол себепті, Атырау өңірінің кез-келген мәселесін тұрақты қадағалап, оң шешімін табуына қай кезде де қабілет-қарымымды жұмсай беремін.

Әңгімелескен

Арыстанбек КЕНЖЕ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз