Жарнама
Қоғам

Қоқысты басқару – маңызды мәселе

Бүгінде шетел тұрмақ, Қазақстанның өз ішінде де қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәселесі жаңалық емес. Әйтсе де әлі күнге дейін оның өзектілігі өз мәнін жойған жоқ, әрі жыл сайын өндірілетін қалдықтардың көлемі ұлғайып барады. Бірақ мұның себебін тек халықтың тұтыну мүмкіндігінің артқанынан іздеудің жөні болмас. Мәселе – қабылданған шаралардың тиімсіздігінде. Соның кесірінен қоқыс полигондарының көпшілігінде қалдықтарды сұрыптап жинап, өңдеуге және сақтауға қажетті инфрақұрылым жасақталмаған. Әлбетте, бұл экологиялық проблеманы қиындатпаса жақсартпайтыны анық.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 18 желтоқсандағы жалпы отырысында Атырау облысынан сайланған депутаттар Дүйсенбай Тұрғанов, Серік Ерубаев және Әділ Жұбанов өз әріптестері Айна Мысырәлімова, Сергей Пономарев және Дәулет Тұрлыхановпен бірлесіп, республика Премьер-Министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Үкімет басшысына арналған сауалда депутаттар тек Атырау облысында емес, барша Қазақстан бойынша қоқыс төгетін полигондардың көпшілігінің жағдайы санитарлық талаптарға сай келмейтінін атап көрсетті.

«…Бүгінде 3 мыңнан астам полигонның 20 пайызы ғана экологиялық талаптарға сай. Бұл сандар бірнеше жылдан бері өзгерген жоқ. Оның үстіне рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Жергiлiктi атқарушы органдардың рұқсат етiлмеген полигондардың пайда болуына жол бермеу жөнiндегi шараларды қабылдау және экологиялық бейберекеттiк туғызатын жосықсыз кәсiпкерлiк субъектiлерiн жауапкершілікке тарту құзыретi жоқ. Полигондардың көбеюі үздіксіз жалғасуда.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша 2022 жылы 5683 қоқыс үйіндісінің4331-і немесе 77 пайызы жойылған. 2023 жылы 5534 үйіндінің 4716-сы (76%), ал биыл 10 айда 4897 қоқыс үйіндісінің 53 пайызы (2596) ғана жойылды» — деп көрсетілген депутаттар сауалында.

Оған иланбасқа лаж жоқ, себебі қандай да бір мәселені қозғамас бұрын алдын ала бұлтартпас мәліметтерді жинап алатын депутаттар көрсетілген динамиканы жоюға жыл сайын миллиардтаған мемлекет қаржысы жұмсалып жатқанын, әйтсе де одан ахуал жақсармағанын, керісінше рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жылдан-жылға еселеп көбейіп бара жатқанын анықтапты. Тіпті, осы мақсатқа пайдаланылатын ғарыштық мониторингтің қар жауғаннан кейін қалдықтардың орналасқан орнын анықтай алмайтынын, сондықтан ол құрылғы тек күн жылы кезде ғана кәдеге асатынын біліп алыпты.

Қазақстанның жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу 40%-ға жетуі тиіс. Дегенмен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл тапсырмасын жүзеге асатынына үміттен гөрі күмән көбірек. Өйткені оның орындалу қарқыны өте төмен. Статистикалық деректерге қарағанда, егер 2021 жылы қалдықтардың 21%-ы, 2022 жылы – 25%-ы қайта өңделсе, 2023 жылы көрсеткіш төмендей бастаған – 24%.

Көңілге медеу тұтарымыз, қазір республикаЭкология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпараты бойынша кейбір өңірлерде полигондарды салу және оларды рекультивациялау бойынша жұмыстар жүріп жатыр екен. Депутаттар сауалда мұны да айқын көрсеткен:

«Мәселен, Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына сәйкес, Атырау қаласындағы қолданыстағы қоқыс полигонын қалпына келтіру жұмыстары 2025 жылы басталады. Дегенмен, бұған кіріпес бұрын қалада жаңа полигон салу қажет, өйткені технологиялық процеске сәйкес мұндай жағдайда қоршаған ортаға химиялық реагенттердің әсер етпеуі үшін полигон бір жылға жабылуы шарт.

Астана қаласы маңындағы жалғыз полигонаумағының 95 пайызы да қазірдің өзінде қоқысқа толы. Ал жаңа қоқыс алаңының құрылысын тек келесі жылы бастау жоспарланып отыр. Елордадағы қоқыс өңдеу зауытында қайта өңдеу көрсеткіші де төмен, шамамен 17% ғана. Мұндай жағдай аудандарды айтпағанда, көптеген облыс орталықтарындағы қоқыс полигондарда қалыптасқан.

Тағы бір өзекті мәселе – қоқыс үйінділеріндегі қауіпті медициналық қалдықтардың жойылуы, оларды сапасыз газ тазарту жүйесі бар пештерде жағу. Соның салдарынан атмосфера, топырақ пен жерасты суының тұрақты органикалық ластауыштар мен ауыр металдармен ластануына душар етіп, адам мен жануарлардың репродуктивтік жүйесіне онкологиялық аурулардың пайда болуынатікелей әсер етеді...»

Осыған байланысты, депутаттар Олжас Абайұлына Денсаулық сақтау министрлігініңдепутаттық сауалдарға жауап ретінде Үкімет атынан шығарыпсалма хат жазғаны болмаса, жағдайды түзетубойынша нақты шаралар қолданбай отырғанын ашық жазыпты. Ал, халықтан түскен ұсыныстардың бұл министрлік тарапынан еленбей қалатынын, тіпті құлаққа ілмейтінін де айқын көрсеткен.

Биыл наурыздың басында Үкімет ірі қалаларда жаңадан 37 қоқыс өңдеу зауытын салып, жұмыс істеп тұрған 8 зауытты жаңғырту жоспары барын хабарлаған еді. Тіпті соны негізге алып, қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдетілген қаржыландыру механизмін де бекітті. Ал бұрын іріктелген 94 жобаның ішінен жиынтық қуаты жылына 3 миллион тоннадан асатын сұрыптау желілерін өңірлерден салыпжаңғыртатын 21 жоба пысықталған.

Жасыратыны жоқ, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеуге қатысты бұл жоспарлар жүзеге асса, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жайы біршама жақсаруы тиіс. Бірақ жыл өткен сайын қоқысы көбейіп, проблемасы күрделіленіп бара жатқан қоқыс алаңдарын не істеу керек екеніне ешкім бас ауыртпай отыр.

Басқа елде қайдам, Қазақстанда қоқысты сұрыптау мәдениеті әлі қалыптаспаған. Соңғы кезде қалдықтарды түрлі контейнерге бөліп салу мәдениеті қалыптаса бастап, оған керекті жаңа контейнер де көбейп келеді. Бірақ оның маңызын халық арасында түсіндіруге ешкім құлықты емес. Тіпті жергілікті жерде тұрғындардың өздері сұрыптап салған қоқыстыполигонға тасып жеткізу дұрыс ұйымдастырылмаған, оған ынта мен ықылас та жоқ.

Осының бәрін тәптіштеп, өз сауалдарында Үкімет басшысына түсіндірген депутаттар проблеманы шешу үшін өз ұсыныстарын да тізбелеп көрсетуді ұмытпапты:

«1. Барлық өңірде полигондағы санитарлық жағдайды жақсартуға арналған нақты шаралар мен олардың орындалу мерзімдерін ерекше қадағалау мүмкіндіктері көрсетілген коммуналдық қалдықтарды басқарудың арнайы бағдарламасын әзірлеп бекіту;

2. 37 жаңа зауытты салу және жұмыс істеп тұрған зауытты жаңғырту, сондай-ақ қалдықтарды басқару саласындағы жобалардың жүзеге асуын ерекше бақылауға алып, олардың орындалу барысын хабарлау;

3. Жергілікті атқарушы органдардың ұсынысы бойынша экологиялық, санитарлық талаптар мен ұлттық стандарттарды сақтау жөніндегі қауіпті медициналық және сынап қалдықтарын жоюға лицензиясы бар мамандырылған кәсіпорындарға бақылауды арттыру, сондай-ақ заңсыз қоқыс орындарының пайда болуын болдырмау үшін шаралар алу;

4Денсаулық сақтау министрлігі қалдықтарды басқару саласындағы санитарлық ережелер мен нормалар туралы нақты ұсыныстар әзірлеуі тиіс.»

Әрине, депутаттардың ұсынысы қарапайым тұрғындар көзімен алғанда өте орынды көрінгенімен, мұндай екіжақты тиімді ұсыныстардың Үкіметтен қаншалықты және қашан қолдау табатынын тек уақыт қана көрсетеді.

Қуат ҚОСЫМБАЕВ

Коллаж: atr.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button