Жарнама
Қоғам

Қоғамдық сананы серпілткен сырлы сұхбат

Кеше Атырау қаласындағы Абай орталығында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев білім саласының өкілдерімен кездесті. Жиынға жоғары оқу орындары мен мектептердің директорлары, ұстаздар, жас мамандар қатысты. Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов жүргізіп, білім саласындағы ашық диалогтың қоғамның рухани дамуына жол ашатынын атап өтті.

41a245a0 0233 4665 b73c 6c7fd24c7e91

Кездесу барысында ұстаз мәртебесі, сөз мәдениеті, ақпараттық сана мен кітап оқу дәстүрі сынды ұлттық маңызды мәселелер қозғалды. С.Мұқашев атындағы жоғары политехникалық колледж директоры Бақыт Шеркешбаева және №1 білім-инновация лицей-интернатының директоры Қуаныш Құралбаев өзекті мәселелерді ортаға салды.
Сондай-ақ №50 қалалық орта мектеп директоры Амангүл Баймұханова облыста білім саласында жүзеге асырылып жатқан жаңашыл жобаларды таныстырды.
-«Атырау жаңа мектебі» жобасы аясында 50 мектеп директоры мен 100 орынбасары шетелдік тағылымдамадан өтті. «AMANSULTAN» платформасы 187 мектепте 80 мың оқушыға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, E-KITAPHANA жүйесі мектеп кітапханаларын автоматтандыруда, ал ALAQAN жүйесі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қолданылады, — деді мектеп директоры.
Шарада сөз сөйлеген Мәлік Отарбаев Президенттің ұлт ақын-жазушылары мен ұлттық әдебиетті білудің маңыздылығына назар аударатынына маңыз берді.
-Қазақтың ұлы ақын-жазушыларын білмеген адам бұл халыққа шын ниетімен қызмет ете алмайды. Өйткені ұлттық әдебиет – парасат пен ізгіліктің тұнбасы, — деген ол ұстаздың тек білім беруші ғана емес, ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіруші рухани жетекші екенін ерекше атап өтті.
Ол Мемлекет басшысының кітап, басылымдар оқуға деген ықыласы ерекше екенін айтты.
-Президент әр күнін газет-журнал парақтаудан бастайды. Онда айтылған мәселенің қай-қайсысы да назарынан тыс қалмайды. Бұл – ел басшысының жауапкершілік пен халықпен етене жақындығын аңғартатын озық үлгі, — деді.
Отарбаев бүгінгі қоғамда кітап пен мерзімді басылымдарға деген қызығушылықтың әлсіреуіне алаңдаушылық білдірді.
-Газет оқу – үлкен мәдениет. Өкінішке қарай, бүгінде облыстық газет тиражы 5 мыңнан аспай отыр. Бұл – тек оқырман санының емес, қоғамдағы мәдениет пен сана деңгейінің көрсеткіші болса керек. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер, ұстаздар бұл үрдісте үлгі көрсетуі керек, -деген ол оқу мәдениетін қалыптастыру маңызды міндет екенін нақты айтты.

e3c69d5a d8ab 4891 a995 a1bfffdae12c


Кеңесшінің назарынан ақпараттық технологияның қуаты да тақырыптан тыс қалмады.
-Технология алысты жақындатты, алайда жақынды алыстатып барады. Адамдар бетпе-бет жүздесуден алыстап, рухани жұтаңдыққа бет бұрғандай. Бұл – ұлт болып сақталып қалу үшін ойланарлық жағдай, — деді ол.
Басқосу барысында қоғамның дамуын тежейтін жершілдік, рушылдық, тырнақ астынан кір іздеу сынды келеңсіз құбылыстарға да сын айтылды.
-Бір-бірімізді құрметтемей, елдік бірлікке жете алмаймыз. Ұсақтық пен пендешіліктен арылғанда ғана ұлт ретінде ұйысамыз, — деді Мәлік Отарбаев.
Ол Мемлекет басшысының педагог мәртебесін көтеруге бағытталған нақты бастамаларын атап өтті.
-Ұстаздың абыройын асқақтатпай, сапалы білім мен саналы тәрбиені күту қиын. Президент ұсынған бағдарламалар – құрғақ уәде емес, шын мәніндегі жүзеге асып жатқан жобалар, — деді ол.
Кеңесші сөз барысында былтырғы елді елеңдеткен су тасқынына қатысты да ой білдірді.
-Табиғаттың тосын мінезі – бірлігіміз сыналған кез болды . Мұндай сын сағатта тек жұмыла көтерген жүк жеңіл болатыны белгілі, — деді Мәлік Нұржанұлы.
Тарих тағылымын тілге тиек еткен ол биыл «қазақ» атауының ресми түрде қабылданғанына 100 жыл толатынын еске салды.
-1925 жылға дейін халқымызды «қырғыз-қайсақ» деп атады. Ал «қазақ» атауы – ұлттық болмысымыздың тұғыры. Мұны әр ұрпақ білуі тиіс, — деді ол.
Жиын соңында Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидасын алға тартып, бұл бастама Атырау өңірінде жүйелі жүзеге асып жатқанын атап өтті.
-Ұстаздар осы бағытты берік ұстанып, ұрпақ тәрбиесінде темірқазық етіп алуы қажет. Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Ұрпақ тәрбиесіне құрмет – ел болашағына сенім, — деп қорытындылады ол жиынды.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button