Жарнама
Қоғам

Қоғамдық көліктің қызметі қашан қалыпқа келеді?

Күнделікті жолаушы тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктердің тазалығы, автобустардың жүру аралығының ұзақтығы мен қозғалыс кестесінің сақталуы, бағыттарының бағдары, жүргізушілер мен жолсеріктердің қызмет көрсету мәдениеті, басқа да талаптар өз деңгейінде орындалуы жұртшылықты алаңдататыны рас. Осыған орай арнайы құрылған қоғамдық топ мүшелері жауапты мемлекеттік құрылымдар және тасымалдаушы компаниялар өкілдерімен бірге рейд өткізді.

Алдымен, Атырау қаласының «Авангард» шағынауданындағы соңғы аялдамада бас қосқан топ мүшелері көптеген кемшіліктің орын алып отырғанына көз жеткізді. Өзіміз де байқап жүргеніміздей, осы жерден автобустар күн сайын бірнеше бағытта жолға шығады. Алайда, олардың әрқайсысының тұратын орны нақтыланбаған, яғни нөмірі жазылып, арнайы белгі қойылмаған. Сол себепті, ілгері келгендері бос орынға келіп тұрып алады.

Бұл автобус күтіп аңтарылған жолаушылар, әсіресе қарттар, мүмкіндігі шектеулі адамдар мен балалар үшін өте қауіпті. Өйткені, күткен көлігі қай жағынан келіп қалар деп алаңдап жүргенде олардың абайсызда келіп қалған автобусқа қағылып, мертігіп қалғаны жағдайы да болған. Оның үстіне, көлік жүргізушілері мен жолсеріктердің жолаушыларға дауыс көтеріп, дөрекілік танытатыны да жасырын емес. Әрине, кейде жолаушылар тарапынан да мұндай келеңсіздіктер кездесетінін жоққа шығармаймыз.Салондағы адамдардың көптігін пайдаланып, кейбір пысықайлар қолындағы жолақысын төлеу кәртішкесін соқпай өтіп кетеді. Жыл басынан бері жүргізілген тексерулер кезінде мүмкіндігі шектеулі жандардың немесе оқушылардың құжатын пайдаланған бірнеше жолаушы тіркеліпті. Бұларды тиісті заңдылық шеңберінде әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салу немесе басқа да шаралар қолдану құқығы учаскелік полиция инспекторларына жүктелген. Дегенмен, олар өздеріне берілген өкілеттікті дер мезгілінде қолдана бермейді. Содан келіп, әлгіндей әрекеттер қайталана береді. Осылардың бәрін реттеп, қалыпқа келтіруге болмас па еді? Рейдті ұйымдастырушы қоғамдық топтың төрайымы, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Балжан Досмұхамбетованың айтуынша, егер шындап қолға алса, кінәлілерді жауаптап, қатаң тәртіп орнатуға әбден болады.

Тек бұған мүдделі құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері ынталы болып, белсенділік танытуы тиіс.

 – Әрине, қоғамдық көлік қызметін жақсарту бағытындағы жүзеге асып жатқан жұмыстарды жоққа шығаруға болмайды. Бүгінгі таңда Атырауда 31 маршрут бойынша 250-ден астам автобус қалаішілік және қала маңы жолаушы тасымалына тартылған. Былтыр тасымалдаушы компанияларға қаржылай қолдау көрсетіп, шығынын жабу мақсатында мемлекеттен 5,124 миллиард теңге субсидия бөлінген. Биыл бұл сома 6 миллиард теңгеден асып отыр. Соның есебінен жүргізушілердің жалақысын көтеруге де мүмкіндік туды, қазір олардың орташа айлық жалақысы – 300-350 мың теңге. Жеңілдікпен жүретіндерді айтпағанда, жолақы 80 теңге, ал, билеттің өзіндік құны – 200 теңге. Сонда қалған 120 теңге бюджеттің есебінен өтеліп отыр. Өкініштісі сол, соның өзін төлеуден де жалтаратын жолаушылар бар. Мұның барлығы тасымалдаушы компанияға елеулі шығын келтіретінін ескере бермейміз, — дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Жанболат Ақымов.

«Смарт-Атырау» ЖШС басшылығының баяндауынша, бұл күндері автобустардың қозғалыс кестесі мен жүру жиілігін белгіленген режимде сақтау шараларына қоса, жаңадан заманауи үлгідегі аялдамалар салуға көңіл бөлінуде. 2025 жылға дейін орнатылуы тиіс 250 аялдаманың 50-і былтыр пайдалануға берілсе, биыл тағы да 100-і іске қосылмақ. Қалғаны келер жылдың еншісінде екен. Рейд барысында комиссия мүшелері Атыраудағы автобекетке де барып, аудандар мен көрші облыстарға қатынайтын қоғамдық көліктердің қызметімен де танысты. Атап айтарлық жайт, мұндағы тасымалдаушы компаниялар жолаушылар үшін жайлы автобустармен қамтылған.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button