Қоғам мен билік арасында ашықтық, адалдық және шынайылық болуы керек
Жуырда республика Парламенті Мәжілісінің VІІІ шақырылымына Атырау облысындағы бір мандаттық округ бойынша сайланған депутаты Әділ Жұбановпен сұхбаттасудың сәті түсті. Әділ Орынбасарұлы ІІІ сессияда атқарылған жұмыстар, қазіргі саяси жағдай мен заң шығару процесінің маңызды аспектілеріне тоқталды. Депутаттың айтуынша, елдегі демократиялық өзгерістер мен әлеуметтік мәселелерді шешу үшін билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайту қажет.
– Әділ Орынбасарұлы, билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайту үшін не істеу керек?
– Қазақстанның әлеуметтік және саяси дамуы үшін билік пен қоғам арасындағы тиімді байланыс орнату – басты мәселелердің бірі. Елдегі демократиялық өзгерістер мен әлеуметтік реформалар халықтың талаптары мен мұқтаждықтарына жауап беруі тиіс. Алайда, бұл мақсатқа жету үшін тек заң қабылдап, реформа жасау жеткіліксіз. Билік пен халық арасындағы сенім мен өзара түсіністік қалыптасуы қажет.
Бүгінгі таңда көптеген әлеуметтік мәселелер, оның ішінде жұмыссыздық, білім беру, денсаулық сақтау және экология сияқты өзекті тақырыптар қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Оларды шешуде басты роль атқаратын – халықтың пікірін ескеретін мемлекеттік саясат. Халық өз дауысы мен ой-пікірін жеткізе алатын тетіктермен қамтамасыз етілуі тиіс. Сол себепті парламенттік тыңдаулар, қоғамдық кеңестер мен ашық пікірталастар секілді алаңдардың қоғам мен билік арасындағы диалогты дамытуда маңызы жоғары.
Мұндай байланыс нығайса, халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілегі мемлекет тарапынан тиімді және дер кезінде шешілер еді. Сонымен қатар, билік қабылдаған шешімдер мен реформалардың нәтижесі халықтың игілігіне бағытталған. Қоғам мен билік арасында ашықтық, адалдық және шынайылық болуы керек. Осылайша, демократиялық өзгерістер тек заңдар мен саясат деңгейінде емес, нақты өмірде, әрбір азаматтың өмірінде байқалып, іске асады.
– Демократиялық дамудың маңызды шарты – қоғам мен билік арасындағы тығыз байланыс орнату дейсіз ғой. Осы жолда жасалып жатқан қадамдарыңыз – 2024 жылы Мәжілістің ІІІ сессиясында атқарған жұмысыңызға тоқталып өтсеңіз. Қандай маңызды шаралар өтті?
– Былтыр Парламент Мәжілісінің ІІІ сессиясында бірқатар маңызды іс-шараларға қатыстым. Атап айтқанда, 16 Мәжіліс отырысына, 19 комитет отырысына және 72 комитеттің кеңейтілген отырысына қатысып, заң жобаларын талқылауға белсене араластым. Сонымен қатар, жариялы түрде 7 депутаттық сауал жолдап, маңызды мәселелерді көтердім.
– Заң жобаларына байланысты қандай жұмыстар атқарылды? Қандай заң жобаларымен жұмыс істедіңіз?
– Біз 109 заң жобасымен жұмыс жасадық, оның ішінде 66 заң жобасы алдыңғы сессиядан ауысты, ал 43 заң жобасы жаңадан қаралды. 37 заң жобасы Сенатқа жіберілсе, 30 заң жобасы қабылданды. Оның 22-сіне Президент қол қойды.
Мәжілістегі әріптестеріммен бірлесіп 11 депутаттық сауал жолдадық. Оларда салық жеңілдіктерінің тиімді жүйелі тәсілдерін енгізу және мемлекеттік сатып алудың бірыңғай жүйесін құру, білім саласында миллиардтаған теңгені құрайтын қаржы жымқырудың көптеген фактілері, жаңа тұрғын үй бағдарламасын енгізу, су тасқынына қатысты мәселелерді көтердік. Сонымен қатар, геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция тарту көздері мен қаржы бөлу жұмыстары, кеден бөлімшелеріне құқық қорғау мәртебесін беру, елдегі туризм саласына қатысты, БЗЖҚ қаражатын тұрғын үй мәселелерін шешуге пайдалану мәселесі және Каспий теңізінің тайыздану, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, жол құрылысы тақырыбы да бар.
Заң жобаларына байланысты атқарылған жұмыстардың ішінде өмірлік тәжірибелерге байланысты енгізілген 128 түзетуді атап өткен жөн. Оның ішінде 42 түзету жұмыс топтарында мақұлданып, қабылданды. Ал, 35 түзету әлі қаралу үстінде.
Жұмысшы тобының мүшесі ретінде 11 заң жобасын әзірлеуге атсалыстық. Осы кезеңде Мәжіліс барлығы 37 заңды мақұлдады. Тарата айтқанда, өзгерістер немесе толықтырулар енгізу туралы 14 заң, мерзімді сипаттағы 2 заң, негізгі 2 заң, халықаралық шарттарды ратификациялау және олардың күшін жою туралы 19 заң қабылданды.
– ІІІ сессияда біраз жұмыс жасалған екен. Бұл салалардағы кем-кетіктер түзеліп, өркендеуіне сеп болады деген сөз бе?
– Үшінші сессияда Атырау облысындағы шешілмей келе жатқан әрі республикалық бюджеттен қаржыландыруды қажет ететін мәселелер бойынша Үкіметпен бірлескен талқылаулар жасалып, бірқатар мәселе шешімін тапты. Осы бағытта Премьер-Министрдің орынбасарының, 9 салалық министрдің қабылдауында болдым. Облыс үшін маңызды 37 жоба республикалық бюджет есебінен қаржыландырылды. Салалық министрліктерге 40-тан аса депутаттық хат, 18 ұсыныс хат жолданды.
– Атырау облысына қатысты көтерілген мәселелерге тоқталып өтсеңіз?
– Әрине, облыста проблема көп қой. Өзім тікелей араласқан мәселелердің негізгілеріне тоқталсам, олар – Атырау облысының қазіргі экологиялық жағдайы туралы, су тасқыны кезінде зардап шеккендерді қаржыландыру, Азғыр өңірі бойынша, Тайсойған кен орнын игеруге қатысты, аймақ әкімдерінің міндеттері мен өкілеттіктерін арттыруға қатысты, салық саясатын жетілдіру, Атырау облысының бюджетіне қатысты мәселелер.
– Өңірге іссапардың нәтижесінде шешімін тапқан істер де бар шығар?
– Иә, халық арасында болып, кездесіп, ұсыныс-пікірлерін көбірек тыңдауға тырысамын. Елдің арасында жүріп, олардың проблемаларын көзбен көргеннің жөні бөлек. Атырау қаласы мен үш ауданда, 11 елді мекенде халықпен кездестім. Өңірдегі 11 коммуналдық, 26 әлеуметтік нысанның құрылысымен, облыстағы қаржыландыруды қажет ететін 14 нысанның жағдайымен таныстым. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, биыл облыста 37 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 44,5 миллиард теңге бөлу жұмыстары жүргізілді. Олардың ішінде биыл аудандар мен Атырау қаласында жүзеге асатын әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар бар.
Атырау қаласында, Құрманғазы, Махамбет аудандарында 6 рет тұрғындарды қабылдап, 6 азаматтың мәселесі түбегейлі шешілді. Құрманғазы ауданының Сүйіндік ауылына демеушілік негізде «жедел жәрдем» көлігі табысталды.
– Атырау облысындағы су тасқыны кезінде күрделі түйіндер қалай шешілді? Сіздің бұл мәселеге тікелей араласып жүргеніңізден хабардармыз…
– Атырау облысында су тасқынына байланысты көптеген шаралар жүргізілді. Мен өңірде бір ай бойы жұмыс істедім, Индер, Махамбет аудандарында және Атырау қаласында су тасқынының алдын алу жұмыстарымен таныстым. Құлсары қаласына барып, тұрғындармен кездестім. Республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары жүргізілді. Тарқата айтсам, тасқыннан зардап шеккен Құлсары қаласының тұрғындарымен кездесіп, талаптарын тыңдадым. 22 сәуірде Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Премьер-Министр Олжас Бектеновке мәселені шешу туралы депутаттық сауал жолдадым.
Құлсары қаласындағы су тасқынының салдарын жою және облыстағы су тасқынымен күрес жұмыстарын жүргізу, республикалық бюджеттен 10 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 58,7 миллиард теңге, бюджеттен тыс қоғамдық қордан 39,3 миллиард теңге жұмсалды. Жаға бекіту жұмыстарына демеушілік негізде 30-дан астам техникамен қамтамасыз етіп, Махамбет ауданында бір айға жуық қызмет жасалды, басқа да керек-жарақтар жеткізілді.
– Жеке қабылдауларыңызда қандай мәселелер жиі көтеріледі? Жалпы тұрғындарды жиі қабылдайсыз ба?
– Мәжіліс қабырғасында және өңірлерде өткен жеке қабылдауымда 19 азамат болды. Бұдан басқа түскен арыз, өтініштер бойынша да Бас прокуратураға, Жоғарғы Сотқа, басқа да мемлекетті органдарға хаттар жолданды.
Жеке қабылдауға келушілер әлеуметтік мәселелер, мүгедектік бойынша жәрдемақы тағайындау, тұрғын үй, жер мәселелері және онлайн алаяқтық туралы шағымдарды көп көтереді. Осы мәселелерді шешу үшін тиісті мемлекеттік органдар мен ведомстволарға хат жолдаймыз, кейбір жағдайлар демеушілік негізде шешімін табады.
– Мәселен?
– Мәселен, мүгедектік бойынша жәрдемақыны тағайындау және ұзарту, әйелдердің зейнеткерлік жасын қысқарту, қылмыстық және азаматтық істер бойынша сот актілерімен келіспеу, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар айтылды.
Сосын онлайн несие ресімдеу кезінде кибералаяқтарға ұрынатындардың саны көбейіп барады. Ақпараттық технологиялардың дамуы арқасында өміріміз айтарлықтай жеңілдеді. Онлайн несие ресімдеу де бұл сөзімізге нақты айғақ. Алайда, бұл жүйенің бірқатар қауіпті жақтары да бар. Себебі, интернет алаяқтары өз әрекеттерін қазірдің өзінде тек банк қосымшалары мен веб-сайттарда емес, жеке әлеуметтік желілер мен түрлі онлайн платформаларда да жүзеге асырып үлгеріп жатыр.
Онлайн несие ресімдеудің қарапайымдылық, ыңғайлылық және жылдамдық тәрізді басты артықшылықтары бар. Қазірдің өзінде көптеген банктер мен микроқаржы ұйымдары онлайн платформалар арқылы несие ұсынады. Мұның ең басты тиімділігі – кез келген уақытта үйден немесе жұмыс орнынан шықпай-ақ ақша алуға мүмкіндік береді. Бірақ оның артында қаншама қауіп-қатер бар.
Жеке қабылдауларда көп түсетін сұрақтардың ішінде жер, тұрғын үй мәселелері де бар. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімсіздігі, жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың жұмыстарына наразылығын айтып келетіндер де жетерлік.
– Тығыз-таяң қызметтен уақыт тауып, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ