ҚОС БӘЙТЕРЕК

олардың 52 немересі, 11 шөбересі бар
Қазақ отбасында ата-ананың қадірі ерекше әспеттелген. Біздің әкеміз Әбу Базарғали-ұлы мен анамыз Бақтылы Сұлтанғалиқызы – біз үшін ең қымбатты да қимас жандар. Отасқандарына жарты ғасыр толған үлкен шаңырақ иелері тағдырдың талай соққысына төтеп беріп, небір қиындықты бастарынан өткізбеді? Енді, міне, соның жемісін көріп, үлкен мерейтойға жетіп отыр.

Асқар таудай әкеміз кезінде ауыл шаруашылығы саласының майталманы болса, анамыз он бір баланы өмірге әкелген, оларды тәрбиелеп өсірген «Алтын алқалы» ардақты ана. Ұлын – ұяға, қызын қияға қондырған отбасының өнегелі істерінің өрісі кең. Соның арқасында балаларының барлығы тиісті білім алып, өмірде өз орындарын тапты. Өркен жайған отбасының өнегелі өрісі осылайша кеңейе түсуде.
Бүгінде әкеміз бен анамыз өз еңбегінің зейнетін көріп отыр. Ата-анаға деген құрмет отбасының татулығы мен бауырмалдығы, адамдардың бір-біріне деген көмегі, жылағанды жұбату, қуанышты бөлісу болып табылады. «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала -жағасындағы құрақ» демекші, жарты ғасырға жуық бір шаңырақтың астында өмір сүріп, дүниеге ұл-қыз әкелген, олардан үрім-бұтағы тараған ата-анамызды мәуелі баққа теңеуге болады.
Қазіргі күнде олар Қызылқоға өңірінің Тайсойған елді мекенінде отбасындағы шаңырақ шаттығын бөлісіп, немере-жиеннің ортасында ата мен әже атанып, бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Қос бәйтерек он бір баладан 52 немере, 11 шөбере сүйіп отыр. Ортамызда өздеріңіздей қазынамыз барда біздің рухани қамбамыз ешқашан кемімек емес. Мұхаммед пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Тату-тәтті тұрған жұбайларға құдіреті күшті Құдай қиямет күні мейіріммен қарап, жәннатқа кіргізеді» – делінген. Олай болса, әр шаңырақта татулықтың шырағы жағылып, отбасыңыз бақыт құсына ұя болғай.

Гүлбану ӘБУҚЫЗЫ,
Зинеден ауылы,
Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз