
Қоғам дабылына кеңес үн қатты
ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ ТАРИФІНІҢ НЕГІЗСІЗ ҚЫМБАТТАУЫНА ҚАРСЫ. ЖҰРТШЫЛЫҚ АРАСЫНДА ҚЫЗУ ТАЛҚЫҒА ТҮСКЕН МӘСЕЛЕГЕ ҚАТЫСТЫ КЕҢЕС АРНАЙЫ ҚАРАР ҚАБЫЛДАП, ОНЫҢ ОРЫНДАЛУЫН БАҚЫЛАУДЫ КЕҢЕСТІҢ ТӨРТ КОМИССИЯСЫНЫҢ БІРІ – ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ӨҢІРЛІК ДАМУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯҒА ТАПСЫРДЫ.
Жасыратыны жоқ, облыста жарық бағасын өсіруге қатысты әңгіме қозғалғаннан бері халық наразылық туғызды. Өйткені, электр энергиясының құны қымбаттаса, азық-түліктің де, қызмет көрсетушілердің де іле-шала бағаны өсіретіні белгілі. Сол себепті, атыраулықтар бұл бастамаға бірден қарсылық білдіріп, әлеуметтік желілер мен қоғамдық тыңдауларда орынды пікірлерін айтып жүр. Осыған байланысты, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері де кезектен тыс комиссия мәжілісін өткізді.
Кеңес мүшесі, белгілі заңгер Салтанат Рахимова атап өткендей, «Атырау Жарық» компаниясының тарифті көтеруі негізсіз. Оған ешқандай себеп жоқ.
– Осы күнге дейін монополист мекеменің қызметін саралап шықтым. Енді мына мәселелерге назар аударғым келеді. Біріншіден, компанияның қаржылық тұрақтылығын ескерген жөн. 2016-2024 жылдар аралығындағы аудит қорытындыларына сәйкес, «Атырау Жарық» АҚ-ның қаржылық жағдайы «шартсыз оң» деп бағаланған. Бұл компанияда дағдарыс белгілерінің жоқ екенін және тұрақты қызметті қамтамасыз етуге жеткілікті ресурстары бар екенін білдіреді. Екіншіден, бір жылға жетпейтін уақыт бұрын электр энергиясына тариф көтерілген болатын. Бүгінгі күнге дейін компания бұл қосымша табыстың қалай жұмсалғаны туралы ашық талдау ұсынбай отыр және бұрынғы тарифті көтеру қазіргі шығындарды жабуға жеткіліксіз екенін дәлелдеген жоқ. Бұған дейін акционерлік қоғам болған компанияны енді жауапкершілігі шектеулі серіктестік етіп қайта құру оның ашықтығын айтарлықтай төмендетіп, қоғамдық бақылау үшін қызметін жабық етті. Бұл жағдайда орынды сұрақ туындайды: неге ашықтықты төмендету қажет болды? Компания 1,2 миллиард теңге көлеміндегі жалпы шығынға және 2,74 миллиард теңге операциялық шығынға сілтеме жасайды. Алайда тариф тиімсіз басқару мен артық шығындарды өтеуге арналмауы тиіс. Шығынның болуы – тарифті көтеруге жеткілікті себеп емес. Әрбір шығын элементінің негізділігі дәлелденуі қажет, — деп нақты ойын айтқан Салтанат Асқарқызы тарифтің соңғы көтерілуінен түскен қаражаттың қалай пайдаланылғанына талдау жүргізіліп, нақты және ашық есептілік ұсынуды талап етті.
Облыстық қоғамдық кеңестің тағы бір белсенді мүшесі Дидар Хамзин монополист мекеме өз міндеттемелерін орындай алмаса, маңызды құрылымды мемлекет меншігіне беру қажет деп санайды. Мұны осыдан бірер жыл бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Атырауға келген сапарында атап айтқан еді.
Кеңес мүшесі Халидолла Сатқаев та компания ғимаратында өткен қоғамдық тыңдау барысында қатысушылардың басым көпшілігі осы мәселеге қарсы пікір білдіргенін жеткізді. Себебі, жарық бағасы өссе, қызмет түрлері де, азық-түлік те қымбаттайды. Оның үстіне, монополист мекеменің кейбір құрал-жабдығы әлі күнге дейін ескі екен.
– Бір мысал айтайын, метеорология цехындағы жабдықтардың бәрі тозығы жеткен. Халық тұтынатын есептегіш құралдарын тексеруге арналған құрылғылардың да жұмысы баяу. Зертханашылардың айтуынша, бір есептегіш құралды тексеру үш күннен он күнге дейін созылады. Ал қазір заман талабына сай бірнеше сағатта-ақ ақауды анықтай алатын құрылғылар бар. Ғимараттың өзі де сонау тоқсаныншы жылдарды еске салады, қабырғалары қызыл-жасыл майлы бояумен сырланған, ал дәлізде кабельдер сексенінші жылдардан қалған, сыртқы төсемдерге арналған тұғырларда тартылған. Мұндай жағдайда жаңғыртуға нақты қандай инвестиция салынған?! Сондықтан мен электр энергиясы тарифінің өсуіне үзілді-кесілді қарсымын, — деді ол.
Осынау мәселелерді зерделей келе, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері электр қуаты тарифінің қымбаттауы халықтың әлеуметтік жағдайы, кәсіпкерліктің дамуы және облыстың экономикалық тұрақтылығына әсер ететінін ескеріп, қайта қарауды ұсынды. Ұсыныс республика Энергетика министрлігіне, Атырау облысының әкімдігі мен облыстық мәслихатқа және Атырау облысы бойынша монополияны реттеу департаментіне жолданды. Ал қарардың орындалуын бақылау Қоғамдық кеңестің экономика және өңірлік даму мәселелері жөніндегі комиссияға жүктелді.
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ