«QAZAQ ВANKIНІҢ» ЖАҢА КӨКЖИЕГІ
— Филиалды ашу барысында біз Атырау облысының ел экономикасында орын алатын стратегиялық маңызын ескердік. Мұнда еліміздің 25 пайызға жуық өндірістік өнімдері, мұнайдың тең жартысы мен газдың үштен бірі өндіріледі. Инвестициялардың басты капиталға меншікті салмағы 19 пайызды құрап отыр. Жеделділік, көңілден шығуға деген ынта мен әрбір тұтынушыға өзіндік шешімдерді ұсыну – біздің банктің артықшылығы. Осы өңірдің кәсіпкерлік ортасына және экономикалық дамуына өз үлесімізді қосуға қуаныштымыз, — дейді «Qazaq Banki» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Келімбетов.
Айта кетсек, бұған дейін Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Тараз, Қаскелең қалаларында өзіндік филиалы ашылған болатын. Атыраудағы филиал сегізінші болып отыр.
— Атырау облысы стратегиялық маңызы зор аймақ болғандықтан, осы өңірде көптеген екінші деңгейлі банк филиалдары жұмыс жасап жатыр. Қазіргі статистика бойынша, бұл – 26-шы банк филиалы. Бұдан басқа, 91 үй-жайлары және банктердің 100 айырбастау пункті бар. Биылғы жылдың бес айында облыс көлемінде 90 миллиард теңге көлемінде несие берілді. Өткен жылмен салыстырғанда Ресей рублін сату шамамен төрт есеге артты. Барлық филиалдар бизнестің, жеке тұлғалардың мұқтаждықтарын өтеуге тырысуда. Осы банк жұмысқа кіріскеннен кейін тұрғындарға қызмет көрсетудің тың әдістері пайда болады деп ойлаймын. Бұл филиал Атырау өңірінде шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында жүйелік бағдарламаларын іске асыруды мақсат тұтып отыр. Сол себепті, нарықта өз орнын табатынына сенім мол, — дейді «Ұлттық банк» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Қозыбақ Құлбарақов.
Банк қызметкерлерінің мәлімдеуінше, «Qazaq Banki» халықаралық қаржылық нарық тұрақсыздығының сақталуына қарамастан, аумақтық экспансияға аса ауқымды қаражат бөлуді тоқтатпайды. Бұған банктің екі жыл ішіндегі қарқынды өсімі де негіз болды, оның валюталық балансы 15 миллиард теңгеден 150 миллиард теңгеге, яғни, 10 есе өскен. Банк тұрақтылығының айғағы ретінде оның капитализациясының ұдайы өсімін де көруге болады. Ағымдағы жылдан бастап банктің жарғылық капиталы 60 пайызға өсіп, бүгінгі күні 19,2 миллиард теңгені құраса, ал, меншікті капиталы 21 миллиард теңгеге дейін артты.
Банк өңірде қызмет етіп жатқан бірқатар компаниялармен де серіктестік орнатып үлгерді. Филиалдың ашылу салтанатына бірнеше компания өкілдері қатысып, өз құттықтауларын жеткізіп жатты.
— Әсем қаламыз Атырауда осындай банктің ашылғанына қуаныштымыз, — дейді «Каспий мұнай» компаниясының қаржы директоры Әсел Махина. — Бұл – өте жауапты қадам. Біз банктің қарқынды дамып, бәсекеге қабілетті боларына сенімдіміз. Болашақ тұтынушылар ретінде Атырауда осындай филиал ашқаны үшін банк басшылығына алғыс білдіреміз.
«Qazaq Banki» АҚ баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, аталған акционерлік қоғам «Standard & Poor’s» (S&P) халықаралық рейтинг агенттігімен кепілдендірілген. Өткен жылғы тамыз айында банк «В-» деңгейінде контрагенттің ұзақ мерзімді несие рейтингін, ұлттық шкала бойынша «kzBB-» деңгейінде рейтингін иеленген.
Банк филиалының ашылу салтанатына жеке кәсіпкерлер де арнайы келіп қатысты. Жеке кәсіпкер Сергей Батурин банк филиалының қаланың орталығында орналасуы және қызмет көрсетудің жедел әдісі тұтынушыларды тартуға бірден-бір септігін тигізетінін айтты.
— Шағын және орта бизнес үшін несие беру мәселесінің шұғыл шешілуі әр кәсіпкер үшін өте маңызды. Жаңа ғимараттың іші жайлы, жарық, барлық жағдай жасалған. Халыққа көрсетілетін қызмет жақсы жолға қойылған. Өз қызметімде телекоммуникация саласында локальды жүйе құру бойынша жобаларды жүзеге асырып келемін. Осы бағытта қажетті құрал-жабдық сатып алып, дүкен ашу үшін бұл банктен несие алмақпын, — дейді ол.
Банк филиалының ашылуы салтанатты түрде ұйымдастырылып, филиал өз жұмысын бастап та кетті.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.