Қазақ тілін қалай оқытамыз?
Мемлекеттік тілді дамыту институты мамандары «Мемлекеттік тілді деңгейлік оқытудың жүйесі» жобасы аясында балабақша, мектеп, колледж, жоғары оқу орындары, үйрету курстарында зерттеу жүргізіп, нәтижесінде тілді деңгейлеп оқыту бағдарламасында жүйелілік пен сабақтастық жетпейтіндігін анықтады. Республикада қазақ тілін оқыту, үйрету барысы көңіл көншітпейтінін айтып, осы зерттеулер негізінде ғалымдардың, практик-мұғалімдердің қатысуымен бірнеше семинар-кеңес өткізді.
Жоба жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, Қыздар педагогикалық университетінің профессоры Тыныштық Ермекованың айтуынша, қазақ тілін оқыту бағдарламасында сабақтастық жетпейді. Зерттеулер барысынан анықталғанындай, мемлекеттік тілді әрқайсысы өз бағдарламасы негізінде оқытып келеді.
«Республикада қазақ және өзге тілде білім беретін мектептерде, балабақша, колледж, жоғары оқу орындарында оқушылар мемлекеттік тілді қалай меңгеріп жатқандығы ауқымды зерттеуді қажет етеді. Осы жолғы сауалнама нәтижесінде жүйесіздіктен туындап отырған бірқатар жайтқа көз жеткіздік. Елімізде қазақ тілін оқыту барысы, оқу-әдістемелік кешендердің жетіспеушілігі байқалады. Авторлар көзінің майын тауысып жазғанымен, қазақ тілін оқытуға байланысты грамматикалық материалдарды беру жүйесі де үлкен мәселеге айналып отыр. Жаңартылған бағдарламаның кемшілігі де осы жайттарға қатысты. Десек те бағдарламаның ұтымды тұстарының бар екенін айта кеткен абзал», дейді профессор.
Жаңартылған білім бағдарламасы қолданысқа енгеннен бергі аралықта мұғалімдер, сарапшылар тарапынан сын-ескертпелер әлі күнге айтылып келеді. Әсіресе мамандарды ұлттық мазмұндағы пәндерді оқытудағы олқылықтар алаңдатады. Ал бағдарлама дұрыс болмайынша, сапалы оқулық жазылмайтыны анық. Осы орайда ғалымдар елімізде оқулықтану ғылымының де кенже қалғанын жиі тілге тиек етеді.
Мемлекеттік тілді дамыту институты жүргізген сауалнама нәтижесінде белгілі болғандай, оқушылардың әдеби тілдің нормаларын жетік меңгермеуі, жазылымдағы қателер, кітап оқудың азайып кеткені, мектептердегі тілдік жағдаят, бағдарламадағы кемшіліктер, оқу-әдістемелік кешендердің, электронды ресурстардың жеткіліксіздігі, мектептердегі материалдық-техникалық жеткіліксіздігі айқын көрініс беріп отыр. Мектепте мұғалімге жүктелетін қосымша жұмыстар да алаңдаушылық туғызады. Ал қазақ тілін оқытуда грамматикалық материалдарды беру жүйесі үлкен мәселеге айналған. Осы орайда профессор Тыныштық Ермекова жаңартылған бағдарламаға сәйкес респонденттердің 40 пайызға жуығы – шиыршық әдісін, 70 пайызға жуығы грамматикалық материалдардың деңгейлеп берілуін қолдайтынын алға тартты. «Ал жалпы мақсат – әлемдік деңгейдегі тілді меңгерудің А1 деңгейінен С2 бір деңгейіне жету дейтін болсақ, білім беру баспалдақтарының өз алдына қойған мақсаты болуы керек. Бағдарламалардың барлығы осы сабақтастық деңгейінде әрі қарай өрбіп, яғни алға жылжу үшін жеңілден күрделі үрдіске өту заңдылығы сақталғанда ғана балабақшаны, орта мектепті бітірген балалардың мемлекеттік тілді меңгеруі өз деңгейінде болатыны сөзсіз», деді профессор.
Осы орайда тіл жанашыры, Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымының кандидаты Бижомарт Қапалбек «Қазақ тілінің мақсаты – сауатты жазу, сөйлеуге үйрету, лингвистикалық білім беру, әдебиеттік ұлттық дүниетаным қалыптастыру дейтін болсақ, оқушыларды біріншіден, дұрыс сөйлеуге, одан кейін барып сауатты жазуға үйрету қажет. Сөйлеу дағдысы арқылы оқушының да, тіл үйренушілердің де сөйлеуі қалыптасады. Соны бірінші кезекке қойып, дұрыс сөйлемеген кезде грамматика арқылы түзеп отыруымыз қажет» деген пікірін ортатаға салды. Сондықтан аталған институт тарапынан жүзеге асып жатқан жоба тіл үйренудегі озық әдістер мен кемшіліктерді анықтауға бағытталып отыр. Жобаға қатысты өтіп жатқан семинарларда педагогтер қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың озық үлгілерімен бөлісіп, қайткенде мемлекеттік тілді өз деңгейінде сапалы оқытамыз деген сауал төңірегінде пікір алмасуда.
Осы орайда қазақ тілін тереңдетіп оқытатын бірден-бір мамандандырылған Абай атындағы мектеп-интернат директоры Жеңіскүл Нүсіпжан «Қазақ тілі әлемде мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Қолданысы аз демесек, тіліміздің құдіреті ерекше. Олай болса, мемлекеттік тілді оқыту үлкен ізденісті, шығармашылықпен барынша жұмыс істеуді талап етеді» деп атап өтті. Тәжірибелі ұстаз, сондай-ақ жағымды көрсеткіштермен қоса тереңдетілген бағдарламаға сәйкес біріншіден, оқулықтардың болмауы, екіншіден, лексикалық тақырыптарға арналған мәтіндердің жүйесіздігі, үшіншіден, 10-11-сыныпқа арналған лексикалық тақырыптардың ғылымилығы әрі күрделілігі, төртіншіден, кейбір оқу мақсаттарының тақырыпқа сай келмейтіндігіне қатысты мәселелерді алға тартты.
Семинар барысында әдеби тілдің нормаларындағы жүйелілікке тоқталған Талғар ауданындағы №36 жалпы білім беру мектебінің директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, филология ғылымдарының магистрі Гүлжанат Тоқтыбаева 7-сыныпта туынды сөздер, етістік түрлері сияқты маңызы жоғары тақырыптар қамтылмай қалғанын қаперге алып, қазақ тілін оқытуда сабақтастықтың болуы маңызды екенін айтса, тілді оқытуда жаңашылдыққа, әртүрлі әдіс-тәсілдерге назар аудардың маңызына тоқталған Алматы облысы, Талғар ауданы №39 жалпы білім беретін орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айдана Рамазан бүгінде тілдік жағдаят қазақ мектептерінде сапалық, бағалық тұрғыдан алғанда көңіл көншітпейтінін қаперге алды. Оның айтуынша, оқушылардың сөзді қолдануда тілдің қызметі, көркемдігі жағынан арта қоймағаны байқалады. Мұғалімдер сабақ барысында сөйлеу әрекетінің төрт түрі, оның ішінде айтылым дағдысына мән бере отырып, барлық әдісті қолданғанымен, оқушылар үзіліс кезінде көбіне орыс тілінде сөйлеседі, «паразит», жаргон сөздерді көп қолданады. Сондықтан да оқушылардың фунционалдық сауаттылығын, шығармашылық қабілетін жеке және топта жұмыс істеуге үйрету бүгінгі күнде өзекті мәселе болып отыр.
Осы пікірді құптай келіп, Қ.Әбдіғұлов атындағы №34 орта мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлбақыт Малдыбекова «Сауатты жазу үшін оқушы дұрыс сөйлей білу керек. Бүгінде балалардың сөйлеу дағдысының жұтаң екені байқалады. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің білім мазмұнында бірлестікті сақтау маңызды. Оқушылар жүйелі сөйлеуде, көркем ойын жеткізуде, синтаксистік құрылымдарда, әсіресе, эссе жазу барысында көп қате жібереді», дейді ол. Шебер педагогтің пікірінше, жаһанданудың ең басты қаупі – ұлттық құндылықтар дағдарысы. Әлем цифрланған сайын оқушылардың да кітапқа қызығушылығы төмендеп барады. Ал тілді сақтаудағы басты қаруымыз – ұлттық әдебиет пен тарихи шығармалар. Көркем шығарманы балалардың қызығып оқуы педагогтің ізденісіне, шеберлігіне байланысты. Осы орайда Г.Малдыбекова шығарманың көркемдігін сездіріп, эстетикасынан нәр алып оқыту мақсатында жоғары сынып оқушыларымен бірлесіп, «Абай жолы» эпопеясы негізінде авторлық бағдарлама әзірлеген. Оқушысы Серік Әлимен бірлесіп әр томға қатысты құрастырылған түсіндірме сөздіктен кейін оқушылардың романды оқуға құлшынысы арта бастаған. Тәжірибелі ұстаздың айтуынша, шығарманы түсініп оқыған бала ғана әдеби орамдарды түсіне алады. Ал тілді дамытуда қазақ тілі мен әдебиетін мазмұндастыра оқытқан маңызды.
Қыздар ұлттық педагогикалық университетінің 2-курс магистранты Гүлнара Андижанова қазақ тілін электронды ресурстар арқылы оқытудың тиімділігі туралы айтты. Профессор Жәмила Отарбекованың жетекшілігімен жазылған зерттеу жұмысында 5-сыныпта қазақ тілін тоғыз деңгей бойынша электронды ресурс арқылы оқыту әдістемесін талдап берген сарапшы «Digital» қазақ тілі кеңістігінің мүмкіндігін сөз етті.
Э.СЕРІКҚЫЗЫ