Қазақ тілі – татулық тілі
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы тілдің көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі екендігін атап өтті. Расында, тіл мәселесінің дұрыс шешілуі кез-келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр.
«Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Мемлекет олардың түрлі жетістіктеріне, соның ішінде саяси сипаттағы табыстарына да назар аударады және оларды барынша қолдайды», — деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзін отбасыммен бірге онлайн тыңдап отырып, «алда не істей аламыз, қай бағытта жылжуымыз керек?» деген сұрақтарға жауап алғандай болдық. Біз интернационалдық отбасымыз, отағасы Денис — болгар, өзім орыс ұлтынанмын. Ауданда қазақтармен көп араласамыз, содан болар тілді де, салт-дәстүрді де білеміз. Өзіміздің ата-тегіміз де құрметке лайық.
Жалпы, Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне мән беруі қажет. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді, соңғы кезде елде орын алған қиыншылықтарды бірліктің арқасында еңсереміз.
Ендеше, елдің іргетасы – ынтымақты одан сайын нықтап, берекелі тірлігіміздің жалғаса беретініне сенімдімін.
Анна ПЕЙЧЕВА,
Индер ауданының тұрғыны