Қауіпсіздік қаперден шықпасын
Мизам шуағы өтіп, күздің алғашқы қарасуығы сезілген қазанның 15-інен бастап ірі елді мекендердегі көп қабатты үйлерге жылу беріле бастады. Бұл жекеменшік үйлерде де жасалатын процесс. Алайда, ондай жауапты науқанда қауіпсіздік мәселесін де ескеру керек. Өйткені, жылу беру маусымы – тек жайлылықтың ғана емес, қауіпсіздіктің маңызын да еске салатын науқан.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің деректері бойынша, дәл осы кезеңде өрт оқиғалары көбейіп, тұрғындардың өмірі мен мүлкіне қауіп төнеді. Себебі, бұл кезеңде пештер мен жылытқыш құралдар іске қосылып, қауіпсіздіктің барлық амалдары жасалады. Жыл сайын тамыздан бастап өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтіліп, тұрғындарға арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
Биылғы жылу беру маусымына орай, облыс бойынша әлеуметтік жағынан осал топқа жататын 1596 үй бар екен. Олардың қауіпсіздігіне ерекше мән беріліп, жергілікті өрт сөндіру қызметі әрбір үйді аралап шыққан. Ал, барлығы 88888 жеке үй тексеріліпті.
Облыс бойынша тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олардың барлығына түтін датчигі орнатылып жатыр. Алдағы уақытта газдан уланудың алдын алу үшін газ талдағыш құрылғыларды орнату да жоспарланыпты.
Өткен жылу беру маусымында облыста 66 өрт оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан қайтыс болған 8 адамның 2-еуі бала екен. Ал, тағы 4 адам жарақат алыпты.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бағдат Абдуллиннің айтуынша, 27 өрт оқиғасы электр жүйелерінің қысқаша тұйықталуынан, 17-сі отты абайсыз қолданудан, ал 8 оқиға жылу пешін дұрыс пайдаланбаудан болған.
– Жылу беру маусымы әрдайым қауіп-қатерге толы. Өрттің алдын алу үшін әрбір тұрғын қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы тиіс. Біз тексеру шаралары мен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын бұрынғыдан да күшейтіп отырмыз, — деді басқарма бастығы Бағдат Абдуллин.
Жылу беру маусымында әсіресе балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударған жөн. Облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Бағдат Абдуллин үйде балаларды ешқашан қараусыз қалдырмауға кеңес беріп отыр. Оларды үйдегі электр құралдары мен пештерден қашық ұстап, өрт қауіпсіздігі ережелерімен таныстырған жөн.
Өрт сөндірушілердің осындай ескертпесіне құлақ аспағанның кесірінен жуырда Қостанай облысының Жітіқара қаласында бір үйдің бес баласы өртеніп кеткені жөнінде ақпараттық ресурстар арқылы хабарланды. Әрине, оның негізгі себептері нақтыланып жатыр. Дегенмен, анығы – балалар қараусыз қалған.
Жайна МӘЛІМҚОЖА