
Қауіпсіз мектеп – бақытты бала
Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар жоспары аясында «Қазақстан балалары» тұжырымдамасына сәйкес «Қауіпсіз мектеп – бақытты бала» тақырыбында маңызды жиын өтті. Бұл күн «Балалар үні» деп аталып, балалардың қауіпсіздігін арттыру, құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету және қоғамдағы белсенділігін нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдер үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, балалар мен ересектер арасында өзара түсіністікке негізделген ашық диалог орнату. Сонымен бірге, қоғам назарын бала қауіпсіздігіне аударып, олардың өзекті мәселелеріне құлақ түру – күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірі болды.
Шараға әр саланың өкілдері мен жас көшбасшылар қатысты. Атап айтқанда,
Айжан Сәрсембаева – Атырау облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл, қалалық мәслихат депутаты ретінде сөз сөйлеп, балалар мүддесін қорғау – барша қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, кез келген бала өзін қауіпсіз, қорғалған және естіледі деп сезінген қоғам – нағыз өркениетті елдің белгісі.
Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Бағдат Абдуллин білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік шаралары, оның ішінде өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзекті ақпараттармен бөлісті.
«Шапағат» деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталығы оңалту бөлімінің басшысы Сұлтангелді Сариев жастарды теріс идеологиялардан сақтау жолында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтты. Ол жасөспірімдердің ақпараттық иммунитетін күшейту – бүгінгі күннің маңызды міндеті екенін атап өтті.
Балалар тарапынан да белсенділік байқалды. Медина Түсіпова (Атырау қаласы №37 С.Зиманов атындағы мектептің XI сынып оқушысы) және Нұрасыл Өмірзақ (Құрманғазы ауданы М.Әуезов атындағы мектептің X сынып оқушысы) – балалар омбудсмендері ретінде қатарластарының атынан сөз сөйлеп, олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды. Жасөспірімдердің ойын ашық жеткізіп, қоғаммен еркін тілдесуі – іс-шараның басты жетістіктерінің бірі болды.
Жиын барысында қатысушылар бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және өз пікірін еркін білдіру мүмкіндігін кеңейту бағытында ортақ ұсыныстарын білдірді.
Бүгінгі бала – ертеңгі ел тірегі. Олардың өміріне бейқам қарау – болашаққа салғырт қараумен тең. Сондықтан әр баланың амандығы мен қауіпсіздігі – мемлекет пен қоғамның ең басты құндылығы болуы тиіс.
Майра ЕРҒАЛИ