Бұрынғы «билер сотын» қайта жаңғыртуға бола ма?

Мәңгілік ел болудың кепілі Жаңалықтар

Атырауда судьялар мен зиялы қауым өкілдері Елбасының бағдарламалық мақаласын талқылады. Облыстық сот пен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті бірлесіп өткізген дөңгелек үстел «Рухани жаңғыру – Мәңгілік ел болудың кепілі» деген тақырыпта ұйымдастырылды. Оған белгілі ғалым Мақсат Тәж-Мұрат және өлкетанушы, меценат Өлмесхан Болатбеков арнайы қатысты.

Мәңгілік ел болудың кепілі

Облыстық соттың төрағасы Марғұлан Бектұрғановтың айтуынша, Елбасының бағдарламалық мақаласында ұлттық идея негізінің қалыптасуына ерекше көңіл бөлінген. Соған байланысты рухани жаңғырудың мәнін әрбір қоғам мүшесіне жеткізген жөн.

– Бірыңғай ұлтты қалыптастыру үшін қазақ халқының төл мәдениеті мен тілін дамытып, ұлттық дәстүр мен құндылықтарды сақтау аса қажет, – деді Марғұлан Бектұрғанов. Сонымен қатар, ол қатысушыларды ежелгі «билер сотын» қазақстандықтардың ұлттық құндылығы ретінде танып, кеңінен насихаттауға шақырды.

Ал, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры Саламат Ыдырысов қазақстандық қоғамға экономикалық және әлеуметтік түрлендірумен қатар, адами капиталды реформалау қажеттігіне тоқталды. Оның пікірінше, идеологиялық платформаның сапасын жақсарту керек. «Алға қарай идеологиялық жаңғыртусыз экономикалық  реформаларда үлкен жетістіктерге қол жеткізу мүмкін емес» деді ол.

Дөңгелек үстелге қатысушыларға алаштанушы ғалым Мақсат Тәж-Мұраттың сөзі ерекше әсер етті. Ол елімізде тарихи сананы қайта түлетуге бағытталған мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

– Тек өз халқың мен еліңнің тарихын білу арқылы, біз өткен жүзжылдықта қол жеткізген тәуелсіздіктің ерекше құндылығын түсінетін боламыз. ХХ ғасырдың басында туған Алаш идеясы тәуелсіз Қазақстанның мүддесіне қызметін жалғастыруда. Уақыт өтіп, жаңа ұрпақ келеді. Бірақ, ендігі онжылдық пен жүзжылдықта Алаш интеллигенциясының қоғамдық ойы мен рухани тәжірибесі қазақ халқын тарих ағымында мәңгі ұстайды, – деді Мақсат Тәж-Мұрат.

Ғалым көршілес Ресейдің мұрағаттарындағы Қазақ елі үшін өте маңызды құжаттар туралы баяндады. Өйткені, қандай сапалы қағаз болса да оның жарамдылық мерзімі бар.

–  Еуропалық жоғары оқу орындарында тарихшы студенттерге ерекше міндет жүктеледі. Яғни, ұлттың шежіресін, фотосурет, бейнекөрсетілімдер жинақтаған шәкірттер емтиханнан кідіріссіз өтеді. Осы тәжірибені елімізде қолдансақ, әлі де ашылмаған көптеген тағылымды дүниеге қол жеткізіп, тарихымызды таразылауға үлес қосар едік, – деді алаштанушы ғалым.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз