
Қауіп бар ескі қорымнан
Қазір Құрманғазы ауданындағы бірнеше ауылда – нақты айтқанда, Мақаш, Бірлік және Орлы ауылдық округтерінде сібір жарасы ауруына шалдыққандарды жерлеген ескі қорымдар қайтадан өзекті мәселеге айналып отыр. Бұдан бірнеше жыл бұрын бұл жерлер қоршалып, ерекше бақылауға алынған болатын. Алайда бүгінгі ахуал алаңдататындай жағдайға жетті.
Ауру ошақтары бақылаусыз ба?
Сібір жарасы – мал мен адамға ортақ, өте жұқпалы әрі өлім қаупі жоғары ауру. Қазақстанның кейбір өңірлерінде бұл дертпен байланысты қайғылы оқиғалар өткен ғасырдың орта тұсынан бастау алады. Құрманғазы ауданындағы алғашқы жағдайлар 1956 жылы тіркеліп, кейінгі жылдары да бұл жұқпалы аурумен күрес жүргізілген.
Аса қауіпті ауруға жататындықтан осы сырқаттан көз жұмғандарды бөлек зиратқа көмген. Оқшауландыру үшін қоршау құрылысы 2017 жылы жүргізіліпті. Бюджеттен 26 млн. теңге қаралып, «Декор» ЖШС зираттарды қоршау жұмыстарымен айналысқан. Алайда сегіз жылдан кейін қоршаулар құлап, кейбір жерлері ашық-шашық күйінде қалып отыр.
Тыйым бар, елемейтіндер көп
Әлеуметтік желіде таралған бейнежазбалардан қоршалмаған аймақтарда еркін жайылып жүрген мал мен жаңадан қазылған бейіттерді көруге болады. Осы көрініс қауіпті ошақтардың қазіргі күйін көрсетсе керек.
Жергілікті билік өкілдері бұл аумақтарға мәйітті жерлеуге ресми түрде тыйым салынғанын растайды. Алайда жергілікті тұрғындар бұл тыйымды елемей отырғанға ұқсайды. Шенеуніктердің айтуынша, бұл әрекеттер ескі зираттарды қайта қалпына келтірумен байланысты болуы мүмкін. Яғни марқұмдардың туыстары оларды қайта жерлеуге немесе бұрынғы бейітті жаңартуға тырысуда. Бірақ мұндай әрекеттердің қоғам денсаулығына қаншалықты қауіпті екені ескеріле бермейді.
«Зират округ көлеміндегі Иманов ауылы тұсында орналасқан және солай аталып кеткен. Бейіт қорымы аудандық ветиринариялық станса теңгерімінде. Мақаш ауылдық округі әкімі аппаратының бүлінген қоршауларын, айналасын қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізуге құқығы, мүмкіндігі жоқ. Осы бейіт қауымына қайтыс болған адамдарды жерлеуге болмайтындығы жөнінде тұрғындар арасында түсінік жұмыстары жүргізіліп келеді» деп түсіндірді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Бактериялар қайта қозуы мүмкін
2022 жылдың қараша айында қауіпті деп танылған учаскелер ақаулық актісімен аудандық ветеринариялық станцияның иелігіне ресми түрде берілген. Содан бері жергілікті биліктің айтуынша, жағдай «ерекше бақылауда» болған.
Бірақ іс жүзінде ол аумақтарда ешқандай күзет, бақылау немесе алдын алу шаралары қолға алынбаған. Мал иелері бұл жерлерге малдарын жайып жібереді, кейбір ауыл тұрғындары бұл ошақтардың нақты орналасуын да білмейді екен.
Мамандар бұл проблеманы «бомба секілді» деп сипаттайтын көрінеді – ол жарылмауы да мүмкін, бірақ қаупі бар. Олардың мәліметінше, сібір жарасы жер асты топырағында ондаған жыл бойына сақталады. Жауын-шашын, топырақтың қазылуы, немесе жай ғана жерді қазу – осы бактериялардың қайта қозуына себеп болуы ықтимал. Демек, бұл жерлерде мал жаю да, адам жерлеу де – өте қауіпті биологиялық қатер.
Қарапайым профилактикалық шаралар, қоршауларды қалпына келтіру, халықты ақпараттандыру, жерлеу ережелерін қатаңдату – бұл міндеттер тез арада шешімін табуы қажет.
Сөз соңында…
Ауылдық жерлердегі қараусыз қалған, бірақ аса қауіпті аймақтар – тек Құрманғазы ауданының мәселесі емес. Бұл – бүкіл еліміздің биологиялық қауіпсіздік саласындағы осалдығын көрсететін нақты мысал.
Қоғам үнсіз қалса, бұл үнсіздік ертең ауыр зардаптарға ұласуы мүмкін. Сібір жарасы ұмытылмауы тиіс. Оның ошағы да – бейқам қалмауы керек.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Сіз не дейсіз?
Сабыржан ҚҰЛЕКЕШОВ,
Құрманғазы ауданына қарасты Әс-сәләм мешітінің бас имамы:
Зираттарды жаңғыртуға болмайды
Алла Тағала әрбір адам баласына өмірді аманат етіп берген. Бұл дүниеде бізге берілген ең үлкен нығметтердің бірі – денсаулық пен амандық. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» (Бақара сүресі, 195-аят) деп бұйырады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) те: «Зиян келтірме және зиянға зиянмен жауап қайтарма» деп өсиет қалдырған.
Қазір сібір жарасымен ауырып, қайтыс болған марқұмдар жерленген ескі зираттарға барып, оларды жаңғырту, қайта тұрғызу, сырлап-бояп, белгі қою секілді әрекеттер жасалып жатқанын естіп жатырмыз. Бұл мәселе – діни тұрғыдан да, қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан да өте нәзік әрі маңызды тақырып.
Дәстүрлі дінімізде мәйітті жерлеген соң оның тыныштығын бұзу, мазалауға қатаң тыйым салынған. Жерленген мәйіттің сүйектерін қозғауға немесе қайта көшіруге болмайды. Адам баласына деген құрмет о дүниелік болғаннан кейін де сақталуы тиіс. Сол себепті зираттарды бұзу, қайта жерлеу немесе орнын ауыстыру – тек аса қажет жағдайда, діни негіздеме болғанда ғана рұқсат етіледі.
Сондай-ақ жерленген мәйіт – Алланың аманаты. Оны қозғау, қайта көму – мәйіттің ар-намысына, құрметіне нұқсан келтіру. Бұл ислам әдебіне де, шариғатқа да қайшы келеді. Қасиетті жерлерді, зираттарды жаңғыртамыз деп, олардың тарихи, діни құндылығына нұқсан келтіру – үлкен қателік. Әр зират – ата-бабамыздың аманаты. Оларды құрметтеу – біздің парызымыз.
Ескеретін жайт, құлпытастағы жазулар уақыт өте келе өшіп, оқылмай қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда марқұмның аты-жөнін, туған және қайтыс болған жылдарын қайта жазуға шариғатымызда рұқсат етіледі. Бұл – тек еске алу немесе қабірді табу үшін жасалатын әрекет болғандықтан, діни тұрғыдан ешқандай тыйым жоқ.
Сонымен қатар мал сүйкенбеу немесе зақым келтірмеу мақсатында қабірдің айналасын шағындап, қарапайым түрде қоршауға да болады. Аса сән-салтанатқа ұрынбай, тек қажет үшін жасалған қоршау – құптарлық іс.
Егер туыстарымыздың рухына тағзым еткіміз келсе, шариғат рұқсат еткен қауіпсіз жолмен – яғни қашықтан Құран бағыштау, садақа беру, дұға жасау, жақсы амалдар арқылы марқұмның сауабын арттыру секілді жолдарды таңдағанымыз жөн.
Сондықтан біз, мешіт қызметкерлері мен имамдар, барша халықты осы мәселеге байыппен қарап, аса сақ болуға шақырамыз. Жақсылық жасау жолында зиян келтіріп қоймау – үлкен жауапкершілік. Ата-баба аманатына адалдық деген – қауіп төндірмей, парасатпен еске алу.
Алла Тағала баршамызға тура жолмен, пайдалы істермен өмір сүруді нәсіп етсін. Ата-бабаларымыздың жатқан жері жарық, иманы жолдас болғай.
Жеткеншек ӘЖІҒАЛИЕВ,
Құрманғазы аудандық ветеринариялық станциясының басшысы:
Шұғыл әрекет қажет
Құрманғазы ауданы аумағындағы сібір жарасынан көз жұмған адамдар жерленген қорымдардың қазіргі жай-күйіне байланысты туындап отырған қоғамдық алаңдаушылықты толық түсінеміз және оны орынды деп санаймыз. Бұл мәселеге қатысты аудандық ветеринариялық станция тарапынан тиісті шаралар қабылданып, жауапты органдарға хабарлама жолданғанын атап өткіміз келеді.
2022 жылдың қараша айында аудан әкімдігі мен тиісті басқармалар тарапынан қауіпті деп танылған учаскелер – яғни сібір жарасына байланысты бұрын тіркелген тарихи ошақтар – ресми түрде Құрманғазы аудандық ветеринариялық станциясының иелігіне берілген болатын. Бұл учаскелерде инфекциялық қауіптің алдын алу, эпизоотиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстау мақсатында тиісті ветеринариялық іс-шаралар атқарылып келеді. Дегенмен қазіргі таңда қорымдардың қоршауларының тозуы мен кей жерлерде бұзылуы – малдың емін-еркін кіріп кетуіне және бұл арқылы санитарлық қауіптің артуына себеп болып отыр.
Аудандық ветеринариялық станция бұл жағдайды назардан тыс қалдырмай, жергілікті ауыл шаруашылығы басқармасына ресми хат жолдады. Атап айтқанда, бұзылған қоршауларды қайта тұрғызу үшін қаржыландыру мәселесін шешуді және жобалық-сметалық құжаттаманың әзірленуін сұрап, тиісті ұсыныстар жіберілді. Алайда осы күнге дейін басқармадан нақты жауап не қаражат бөлінуі туралы шешім алынған жоқ.
Қоршау жұмыстарын жүргізу – негізінен құрылыс және жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жататын мәселе. Ветеринариялық станция – инфекциялық ошақтарды бақылау мен дезинфекциялық шараларды жүзеге асыруға жауапты мемлекеттік мекеме ретінде қорым аумағын қоршау немесе құрылыс жұмыстарымен айналысу құзыретіне ие емес. Соған қарамастан, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз болғандықтан, бұл мәселені шеткері қалдырмай, тиісті органдармен бірлесе шешу жолдарын қарастырып келеміз.
Қазіргі уақытта қорымдарға малдың кіруін болдырмау, инфекциялық қауіптің алдын алу мақсатында жергілікті әкімдіктермен бірге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Алайда бұл шаралар ұзақ мерзімді қорғаныс ретінде жеткіліксіз. Қоршаулардың тұрақты әрі берік болуы – аталған аумақтардағы санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы.
Қауіпті аймақтардың қазіргі жағдайы – шұғыл әрекетті қажет етеді. Халықтың денсаулығы мен мал шаруашылығының қауіпсіздігі үшін бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайды.
Құрманғазы аудандық ветеринариялық станциясы бұл бағыттағы жұмысын жүргізе береді және тиісті органдардан қолдау көрсетіледі деген сенімде.
Мамандар бұл проблеманы «бомба секілді» деп сипаттайтын көрінеді – ол жарылмауы да мүмкін, бірақ қаупі бар. Олардың мәліметінше, сібір жарасы жер асты топырағында ондаған жыл бойына сақталады. Жауын-шашын, топырақтың қазылуы, немесе жай ғана жерді қазу – осы бактериялардың қайта қозуына себеп болуы ықтимал. Демек, бұл жерлерде мал жаю да, адам жерлеу де – өте қауіпті биологиялық қатер.