Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда жарық жиі сөніп қалатынын сынға алды
Соңғы жылдары Атырау өңірінде электр қуаты жүйесі дұрыс істемейтін болды. Өңірдегі энергия тапшылығы – шамамен 200 мегаватт. Қасым-Жомарт Тоқаев атыраулықтармен кездесуде осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Атырау облысындағы тағы бір өзекті мәселе – электр желісінің тозуы. Оның 40 пайызға жуығы ескірген. Биыл 15 елді мекеннің электр желісі жөнделіп жатыр. Дегенмен, бұл жеткіліксіз. Соңғы жылдары аймақта электр қуаты жүйесі дұрыс істемейтін болды. Өңірдегі энергия тапшылығы – шамамен 200 мегаватт. Облыста өзінің электр станциясын пайдаланып отырған кәсіпорындар бар. Бірақ, олардың мүмкіндігі шексіз емес. Өнеркәсіп орындары дамып, халық саны көбейген сайын қуат көзіне деген сұраныс артады. Атырау облысының электр энергиясы жүйесін түгел жаңғырту жұмыстарын бастау қажет. Мен былтыр батыс аймағын еліміздің негізгі энергетика жүйесіне қосу туралы тапсырма бердім. Үкімет осы мәселені пысықтап, нақты шешім қабылдауы қажет. Сондай-ақ электр желілерін жөндеу жұмыстарын республикалық бюджеттен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұдан бөлек,«Атырау Жарық» компаниясының жұмысына қатысты сын-ескертулер бар. Егер компания өз міндеттемесін орындамаса, ондай келісімді бұзу қажет», — деп атап өтті жиында Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Атырау облысының инженерлік инфрақұрылымын дамыту да – күрделі мәселе.
Мұнда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бірақ, ескі үйлер әлі де көп.
«Көпқабатты тұрғын үйлердің төрттен бірі, яғни 432 үй апатты жағдайда тұр. Үкімет Атырау облысының әкімдігімен бірлесіп бұл мәселені шешуге тиіс. Сондай-ақ апатты үйлердің тұрғындарын көшіру үшін құрылыс жұмыстарын жандандыру қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.