Қастерлі қасиет, табиғи дарын Сәйпеден Сидағалиевтің мерейін қашан да үстем етті
Адамды танып, білудің үтір-нүктесі сан қырлы. Облыс аумағындағы жастар ұйымдарына жетекшілік еткен кезеңінде де, өнеркәсіп орындарында қызмет істеген, басқару тетігін қолда ұстаған тұстарында да, кәсіпкерлікпен айналысқан шақтарында да ұзақ жылдардан бері ұлтымыздың салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін, ділін, өнерін насихаттап, дәріптеуден, осы салаларды өрге бастыру жолында беріле еңбек етуден ешқашан шеттеп көрмеген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Исатай ауданының құрметті азаматы Сәйпеден Сидағалиев қалай айтып, қалай жазуға да тұратын бірегей азамат.
Сайып келгенде, арамызда жүрген жаны қазақ, ары қазақ, ұлт мүддесі үшін аянбай күресуге әрқашан да даяр еңселі тұлғалардың бірі ол, Оған бірте-бірте айқын көз жетті. Сөйлесе сөзге шешен, әңгіменің ұтырын тауып, өз орнына қойып, жандырып сөйлейтін ділмардың өзі. Сондықтан болар, Сәйпеденге жоғары басшылық, қоғамдық ұйымдар тараптарынан алқалы жиындарды, іргелі басқосуларды басқарып, жүргізуді сеніп тапсырудан танбай келеді. Бұл, сірә, бойға біткен қастерлі қасиетпен, табиғи дарынмен қатар, күнделікті ізденімпаздықтың, білім деңгейін, ой-өрісін ұдайы жетілдірудің арқасы екендігі кәміл.
Міне, сол еңбектердің өтеуіндей алдымызда Сәйпеден Шәмшиденұлының бірнеше кітабы, түзген шежірелері, басқа да жазған жазбалары жатыр. Пайымдап қарасақ, осыған дейінгі өмір өткелдерінің өзі көп жайтқа қанықтырады. Атырау облысының күн батыс бөлігіндегі Исатай (бұрынғы Новобогат) ауданының Тұщықұдық ауылында 1959 жылғы қақаған ақпанның 17-сінде дүние есігін ашқан Сәйпеден кішкентайынан зерек, пысық, тыңдар құлаққа жағымды әңгімеге үйір болып өсті. М.Горький (қазіргі Жұмабай Мырзағалиев) атындағы орта мектепте оқып, білім алудың басқы сатыларынан өткенінде де білімге құштарлығын, қоғамдық жұмысқа бейімділігін танытты. Ілкіде Гурьев ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, Чапаев атындағы кеңшардың ыссылы-суықты шаруасына араласып, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында білім деңгейін жетілдіріп, инженер-механик мамандығына ие болды.
М.Горький атындағы мектепте мұғалім болып жүргенінде істің ұңғытын табуға, жетекшілік қызметке бейімділігін айқын аңғартты. Басшылық оны комсомол жұмысына тартты. Бастапқыда оған Чапаев атындағы кеңшардың комсомол комитетінің хатшысы қызметін жүктеді. Жастар арасындағы мәдени-көпшілік, саяси-тәрбие жұмыстарын шырқ үйіріп жүргізіп, ауданның партия, комсомол ұйымдарының көздеріне түсті. Бұрын бір кеңшар көлеміндегі жұмыстарға жетекшілік ететін болса, енді келіп аудандық деңгейге көтерілді. Оның кандидатурасы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына лайықты таңдаулылардың қатарында тұрды. Сайлауда Сәйпеденнің жастармен жұмыстың мән-мағынасын жете түсінетіндігін, қапысыз іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетін ескерген комсомол-жастар оны қолдап дауыс берді. 1990 жылдан бастап аудандық комсомол комитетінде, жаңартылып құрылған аудандық жастар комитетінде үш жылдан астам басшылық салада жұмыс істеген ол сол кезеңнің өз биігінен көрінді. Сан қилы шараларды ұйымдастырудың алдыңғы легінде Сәйпеден жүрді.
Қолынан іс келетін, үлкенмен де, кішімен де тіл табысқыш, ұғымтал, алғыр, жанасымды жігітті өзіне жұмысқа шақырушы көп еді. Ол таңдай, таразылай келіп «Томсен» қазақ-түрік бірлескен кәсіпорнының коммерциялық директорлығы қызметін қалап, атқаруға кірісті. Өз ұлтыңмен қатар түрік ағайындардың да көңілінен шығуың керек орта. Қайда жүрсе де жаман атаққа ие болған жоқ. Алғаны алғыс, естігені жұртшылық ілтипаты. Кейін «Спецморзащита» қазақ-дағыстан бірлескен кәсіпорны бас директорының орынбасарлығы қызметіне барғанында да шетелдік азаматтармен қоян-қолтық істес болып, олардың қошеметіне бөленді. Оған жалғас «Құлагер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорлығын қолда ұстап, оның да шаруасын дөңгелентіп әкетті. Сәйпеден Шәмшиденұлы қай кезде де қоғамның оңды өзгерістеріне, өміршең талаптарға ілесуге дағдыланған азамат. Жаңаша көзқарас, өзіндік пікір – сенімді серігі. Халық даналығында айтылатын «Тура биде туған жоқ…» деген қағиданы ұмытқан емес. Біреуге жағып, біреуге жақпаса да өз ой-пікірін жалтармай айтып салатыны бар. Енді қазір Сәйпеден «Бегайдар» шаруа қожалығының директоры. Жалпақ Нарынның етегінде түліктер ұстап, ел-жұрттың дастарханына мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуге титімдей болса да өз үлесін қосып келеді.
Кезінде күнделіктер жазуға әуестенген әкесі Шәмшиден Сидағалиұлы мен шапағатты анасы Айжан Әбілбашарқызының беріп кеткен жақсы үлгі-өнегесінің, тәлім-тәрбиесінің арқасында Сәйпеден біреуден алда, біреуден кейін тірлік кешіп келеді. Зайыбы Бизура Асанқызымен бірге төрт ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлы Дәурен политехникалық институтты бітірген, қазір кәсіпкер. Қыздары Назерке, Сымбат, Гүлнәр көргенді, әдептілер. Өмір көшінен қалғысы келмейтін дегдарлығы, өзін-өзі қамшылап, ізденімпаздыққа, зерделеушілікке ынталандырып, ілгері жетелейтін бастамашылдығы бар Сәйпеден өзін үнемі жетілдіріп отыруға мән беріп келе жатқан парасаттының өзі. Ол ауылдан ұзамай жүріп-ақ бұрынғы алған білімдерін жетілдіріп, Алматы үздіксіз білім беру университетін қазақ тілі мен әдебиеті бакалавры мамандығы бойынша бітіріп алды. Жақсы, жайсаңдармен араласып, ортақ тіл табысты. Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы, композитор Илья Жақановпен, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, жазушы Мереке Құлкеновпен, ірі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Еңбек Ерлері Әбіш Кекілбаев, Ұзақбай Қарабалин, сондай-ақ, Төкен Танаұлы, Балтабек Қуандықов, Нұрпейіс Мақашев, айтулы ақындар Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, мәдениет қайраткері, әнші Нариман Үлкенбаев, ел басшысы Жанай Беркалиев, ұлағатты ұстаз Тұрсын Сисенғалиевтермен тізелес отырып, тең сөйлесті. Қалың жұрттың бағалауынша, Атырау өңіріндегі өзгелерден шеберлігі асқан №1 асаба осы Сәйпеден Сидағалиев.
Бұл өнері кейде өз ауқымын кеңейтіп республика көлеміне шығарады. Жер-жерден арнайы өздері іздеп тауып, Сәйпеденнен тойларын, жиындарын жүргізіп беруді қалаушылар көп-ақ. Ол ауызекі сөйлеудің ғана шебері емес, қаламгерлік қасиеттерімен де танымал жазушы. Республикалық басылымдардың белсенді тілшісі. Бірнеше кітаптың авторы. Оның қаламынан шыққан «Сағынтып кеткен қос тағдыр», «Тағдыр мен тағзым», ел ардақтылары Халидолла Дүйсеев, Жанай Беркалиевтер туралы «Айналайындарыма аманат», «Жаңа туған ай» деректі хикаяттары және басқа да кітаптары дүние әлеміне жетті. Солармен қатар, «Тұщықұдық ауылы шежіресі» мен «Исатай ауданының шежіресін» түзді. Бұл екеуі де жұртшылықтың іздеп жүріп оқып, танысатын кітаптары. Атақты былғары қолғап шебері, әлемдік жарыстардың талайында ел намысын қас қақпай сенімді қорғаған, Қазақстанның алты дүркін чемпионы Болат Теміров жайлы «Қазақ спортының құлагері» атты кітапты да тәуекел етіп жазған осы Сәйпеден Сидағалиев.
Соңғы кезде қазақ елінің батыс аймағындағы ашаршылық зауалын, дүрбелең кезеңдегі дін ұстаған молдаларды, бақсы-балгерлерді, тәуіптерді, намазға жығылатындарды қудалаушылықты, соғыс жылдарының зобалаңын көз алдыңа әкелетін, өз дәуірінің өр намысты тұлғалары Сүлеймен Қабдырахманұлы мен Ақсақ кемпір образындағы басты кейіпкер Қарабала қажы келіні Тиын Іскендірқызының тағдыр тауқыметтерін кейіптеген «Қара кемпір» ғұмырнамалық хикаятын жазып, 2020 жылы Астана қаласындағы баспадан шығарды. Кітап орыс тіліне аударылып, жаңа нұсқасы тағы қолға тиді. Жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың ғұмыр жолы жайлы «Қазақтың Рахымжаны» деректі фильмінің сценарийін жазып, көрермендермен қауыштырды.
Көне жазбаларды тірілту, жүрген- тұрған жерлерінде шежіре жинақтау, от ауызды, орақ тілді айтқыштардың ауыздарымен айтылған небір сөз шұрайларын қағаз беттеріне түсіру Сәйпеденнің қалыптасқан дағдысының бастыларының біріне айналды. Сөзге жүйрік, шешендігімен топ жарған Шоқаштың Құсайыны, Қуандықтың Әмірі, Неталының Бозшасы, Қалдыбайдың Сафиы, Абдолов Жолдас, Сахуалин Қинаш, Әбутәліпов Ғабиден, Әдиев Сәдуақас және де басқа ділмарлардың төтеннен тауып айтқандарын ерінбей-жалықпай жинап «Нарынның айтқыштары» кітабын да хаттады.
– Бір жақсысы, — дейді баспасөздің озық оқырманы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Мәңгілік ел» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахметов, – зерделі, зерек Сәйпеден Сидағалиев жазу өнеріне өте ұста. Не жазса да ой салып, өлке тарихын жақсы білгендіктен өмірмен жан-жақты байланыстырып жазады.
Мұндай жан-жақтылық оның мерейін қашан да үстем етіп келеді. Қоғамдық қызмет пен өндіріс орындарында еңбек еткен жылдарында Сәйпеден марапаттың талайын алды. Құрмет грамоталары, төсбелгілер, шүкір, баршылық. Солардың қатарына қосылған «ҚР Мәдениет саласының үздігі» атағы тағы бар. Жанына жақын тұратын мадақтаудың бірі. 2012 жылы «Бейбітшілік әлемі» халықаралық ұйымының шешімімен облыс мәдениетін дамытудағы үлесі үшін «Ел ардақтысы» төсбелгісімен марапатталса, одан кейін көркемсөз оқудан облыстық конкурстың жеңімпазы атанды. Жоғарыдан келген марапаттардың енді біреуі Қазақ журналистикасы мен деректі фильмді өркендету ісіне қосқан елеулі үлесі және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге атсалысқаны үшін «Қазақ тілінің жанашыры» төсбелгісі. Мемлекеттік тілді орнықтыру жолындағы табанды күрестің өтеуі сынды. Оны алдыңғы жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, «Қазақ тілі» баспасының бас директоры Ғарифолла Әнес әкеліп табыстады. Шағын басқосу барысында жазушы, академик Өтепберген Әлімгерейұлы, дәрігер, кәсіпкер, күйші Өнербек Жанбала және басқалар марапат иесіне құттықтау лебіздерін айтып, алдағы жұмыстарына сәттіліктер тілеулері қандай үйлесімді болғандығын көз көріп, құлақ естіді.
Облыс өміріне қатысты деректі фильмдер түсірудегі Сәйпеденнің қат-қабат еңбектеріне де өз алдына мадақ айтсақ әбден жарасымды. Рухани жаңғыру аясында әрбіреуі 25-30 сериядан тұратын Исатай ауданы бойынша «Айдарын ай иіскеген Ақ Нарыным», Құрманғазы ауданынан «Азғыр мен Қиғаш алабы», Махамбет ауданынан «Махамбет – ғажайып өлкем», Индер ауданынан «Жотасы биік Дендерім» және Қызылқоға ауданынан «Құт дарыған Қызылқоға қойнауы» тарихи-танымдық деректі фильмдер жобасының жетекшісі де осы Сәйпеден Сидағалиев. Айта берсек, оның бітірген шаруасы, шыққан биік белестері тауыстырмай, осылай ілгері жалғаса береді.
Өмір жолы өнегемен өрістес Сәйпеден Шәмшиденұлы тұғырынан түспеген, бүгінде кездесе қалсақ келешекте бітірер істер легін сөз етуден жазбаған ойлары озық, пікірлері пайымды, «жігіттің жігіті бар, азаматы бір бөлек» деп дәріптелгеніндей дараланып, жұртқа тұлға болумен келе жатыр. Құдайым, сол бағытынан жазбағай!
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің
құрметті профессоры, Ақпарат саласының үздігі