Қасіретке айналған алапат апат
*26 сәуір – Чернобыль апатының құрбандарын еске алу күні
Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) бағалауы бойынша – тарихта қоршаған ортаға зияны мен денсаулыққа тигізген әсері бойынша «7-деңгейлік» көрсеткішке жеткен ірі ядролық апаттардың алғашқысы – Чернобыль АЭС-і екен де, екіншісі – Фукусимадағы атом ядро станциясында орын алған үлкен апат деседі. Расында Чернобыль апаты адам өміріне тигізген зияны жөнінен бәрінен алда деген ақпарат бар.
Бұл апат әр адамның жүрегінен өтті. Өмірі мен денсаулықтарына қауіп төнсе де, төтенше жағдайдың салдарын одан әрі ушықтырмау және тұрғындарды құтқару мақсатында арнайы мамандар мен қарапайым әскери қызметшілер радиацияланған аймаққа барды. Апат салдарын жоюшылардың қатарында бүгінде Чернобыль ардагері Сейітжан Әбуов те болған еді.
Жуырда Сейітжан Сәрсенұлымен кездесуде ХХ ғасырдағы ең ірі техногендік апат, оның салдарын жоюға қатысқандар туралы біраз әңгіме айтып, сұхбат құрғанбыз.
– Сол кезге шегініс жасасақ… Қайда, не үшін бара жатқандарыңызды білдіңіздер ме? Шақырылғандардың бәрі ерікті түрде барды ма?
– Ол кезде мен Украинаның Донецк қаласында Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп жүрген едім. Жасым 18-19-дағы бозбаламын. Елде мұндай оқиға орын алған кезде, алдымен, іске жауынгерлерді тартады. 26 сәуірдің таңында бізді дабылмен көтеріп, поезбен Киевке алып келді. Қаладан 30 шақырым жердегі балалар лагеріне орналастырды. Әрі қарай оқиға орнына алып барды.
Солдат бұйрыққа бағынады. Қайда, не үшін бара жатқанымызды ескертпейді. Қайда жіберсе, сол жерге баруға міндеттіміз. «Барасың ба, бармайсың ба?» деп те сұраған емес. Өйткені, біз сарбаздар едік. Еркімізге салмайтын. Донецкіге әскери борышымызды өтеп жүрген менен бөлек 20 шақты атыраулық болды. Солардың бүгінгі таңда тоғызының көзі тірі.
– Сіздер келгенде Чернобыль атом электр стансасында не болып жатты?
– Біз келгенде қалада жан болмады. Үңгір. Иесіз қалған үйлер. Қаңғыған мысық пен ит. Жүндері түсіп қалған. Бұл көрініс маған қатты әсер етті. Әлі күнге дейін көз алдыман кетпейді.
Барған адамдар ондай жұмысқа арнайы дайындалмаған болатын. Бірақ, радиацияның таралу ауқымын азайтып, көптеген адамның өмірін сақтап қалуға күш салулары керек еді. Өртті дереу сөндіру, тұрғындарды жаппай эвакуация жасау және йод таблеткасын тарату тәрізді шаралардан соң да жұмыс азаймаған.
Бірнеше ай бойы апат салдарын жоюшылар оқиға орнындағы 30 шақырым аумақта жұмыс істеді, бұзылған реактор үстіне бетоннан саркофаг құйды.
– Сіздердің жұмыс күндеріңіз қалай өтетін еді?
– Мен оқиға орнына ең алғаш болып барғандардың бірімін. Тұрғындарды аяқ астынан көшіріп жіберген соң, естерін жинаған халықтың арасында үйлерінде қалған заттарын, киім-кешек, дүние-мүлкін алуға кері келгісі келгендер болды. «Өзгелер ұрлап ала ма?» деген ойлары да жоқ емес-тін. Біздің міндет қоғамдық тәртіпті қадағалау еді. Бекеттерде тұрдық. Халықтың мүлкін қорғау да міндетімізге кірді.
– АЭС-ке келгеннен кейін сізге ерекше әсер қалдырған оқиға болды ма?
– Иесіз қаланың көрінісі өте қорқынышты көрінді. Қылшықтары жоқ, тек терісі ғана қалған ит, мысықтың тамақ сұрап қыңсылаған дауыстары құлағымда қалып қойған. Радиациялық фонның ең қатты мезгілінде барған соң біз ол жерде бір ай, он күндей болдық. Себебі, сол уақыт аралығында бойымызға мөлшерден жоғары көлемде радиация алған болуымыз керек.
– Қалай қорғандыңыздар, басшыларыңыз қорғаныс құралдарын беріп пе еді?
– Тәулік сайын киім-кешектеріміз ауыстырылып, үстімізден түскендерін өртеп жіберетін. Противогаз, распиратор, дозомтер деген қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етті. Дозомтер радиацияның мөлшері көбейген жерде белгі береді. Ол жерді баспауымыз керек.
– Жарылыс реакторының нақты себебі анықталды ма? Сіздің ойыңызша, неден болды?
– Иә, анықталды. Дегенмен, бүгінге дейін реактордың жарылуының катализаторы туралы біржақты пікір жоқ. Кейбір сарапшылар бұған жабдықтардың ақаулығы және атом электр стансасын салу кезінде жіберілген қателіктер себеп болғанына сенімді. Тағы бір бөлігі реакторды пайдалану ережелерін өрескел бұзуға әкеліп соқтырған ықтимал диверсия мен эксперименттер туралы шағым жасайды. Енді бірі адам факторы туралы, атап айтқанда, реактордың дұрыс жұмыс істеуі үшін жауап беретін Чернобыль АЭС жұмысшыларының немқұрайлылығы мен жауапсыздығы туралы айтады.
Егер құрылыстың басында реактор жобада көрсетілгендей, бетон қақпақпен жабылғанында, қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді деген пікір бар.
Сірә, жарылыс реактордың уран отын шыбықтарын салқындатқан айналмалы сумен жабдықтау жүйесінің істен шығуына байланысты болған. Істен шығу нәтижесінде қуат блогындағы температура күрт көтеріліп, шыбықтардың еруіне және олардан радиоактивті будың бөлінуіне әкелді. Бұл бу циркониймен қапталған шыбықтармен химиялық реакцияға түсіп, жарылғыш сутегін бөліп, реактор ядросын өлімге әкелетін атом бомбасына айналдырды.
– Саркофагқа қарамастан, қауіп толығымен жойылмаған деген әңгімелер бар. Ол шындыққа жанаса ма?
– Чернобыль атом электр стансасындағы жарылыс 1986 жылдың сәуірінде болды. Ал, саркофагты 1989 жылдың қараша айында жауып, бітірді. Толығымен жабылды деп айтады, бірақ әлі күнге дейін ол жерде қауіп бар. Өзіңізге белгілі, аталған стансадағы төртінші реактордың жарылуынан кейін құлаған реадиоактивті құлдырау тіпті Солтүстік Еуропа елдеріне де жетті. Плутоний, уран, стронций, цезий, йодтың изотоптары, сондай-ақ дадиоактивті шаң қираған реактордан атмосфераға түскен. Бұл өлімге әкелетін заттардың шламы Шығыс Еуропада, кеңес Одағының Еуропалық бөлігінде және Скандинавия елдерінде таралған. Көп бөлігі, әрине, Беларуссия жеріне түскен.
– Чернобыль апатының құпиялары түгелімен ашылды ма?
– Чернобыль апатына қатысты барлық дерек жылдар бойы қатаң құпияда сақталды. Ұзақ уақыт тарихтың ақтаңдағына айналған апаттың шындығы жылдар өткенде айтыла бастады. Дегенмен, әлі күнге дейін ашылмаған фактілер бар. Бір ғана мысал, кейіннен белгілі болғаны, заң бойынша әскерде жүрген сарбаздарды мұндай оқиға орындарына апаруға болмайды екен. Яғни, заңсыздықтарға жол берілген және мұндай мысалдар мыңдап саналады.
– Сол кездегі жұмыстары үшін ликвидаторлардың көбіне әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды. Кейін Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірілді. Жәрдемақыдан бөлек, қандай жеңілдіктер бар?
– «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» заңға сәйкес, Чернобыль АЭС-індегі авариялардың зардаптарын жоюға қатысушылар ҰОС қатысушыларына теңестірілді.
Бүгінде Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандарға қолдау көрсетіліп жатыр десек те шешімін күткен мәселелер жетерлік. Заң бойынша Чернобыльдағы апат салдарын жоюға қатысқандар тегін баспана, тұрғын үй салатын жер алуға, емханада қызмет түрлерін жеңілдікпен пайдалануға, ауруханаға кезектен тыс жатуға құқылы. Алайда, тек заң жүзінде… Баспана мәселесі бас ауыртып тұр. Ардагерлер заңы «баспана берсін» дейді, жергілікті атқарушы билік өздерінің «заңдарын» алға тартып, жалпы тізімге енгізіп қойған. Осылайша, біздегі заңның солқылдақтығы тұсау болып отырғанын несіне жасырайын?!
Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ